Ауылға қаржы қашан жетеді?

2488

Отандық кәсіпкерлердің бір бас ауыртар мәселесі ауылда. Ол – қаржылық, инфрақұрылымдық және өткізу нарықтарының қолжетімсіздігі

Ауылға қаржы қашан жетеді?

Астанада премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен, "Атамекен" палатасы төралқасының кеңейтілген отырысы өтті. Жиынды ашқан палата төрағасы Тимур Құлыбаев Елбасы экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөнінде палатаға бірқатар нақты тапсырма жүктегенін айтты. Оның ішінде халықты жаппай кәсіпкерлікке ынталандыру мен жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мәселелері бар. Сонымен қатар, ұлттық палата тарапына, ауыл шаруашылығы кооперативтерін көбейту, экспорттық әлеуетті әртараптандыру сияқты агроөнеркәсіп кешенін дамыту жайлары жүктелді.

Жекешелендіру үдерісі әлі де толық қарқын алып кете алмай отыр

"Барлық мәселеде ілгерілеу анық байқалады. "Атамекен" КҰП басқармасы төралқа нұсқауларымен жұмыстар жүргізеді. Осы орайда бір-екі жайға тоқталып кеткім келеді", – деп бастаған Тимур Құлыбаев жекешелендіру үдерісі, заңнамалық құзырет қамтамасыз етілсе де, әлі де толық қарқын алып кете алмай отырғанын айтты.

"Бұл тұста әкімдіктермен коммуналдық меншікке талдау жасалатынын келіскен болатынбыз. Мемлекетте қалатындарынан тыс нысандар бәсекелестік ортаға табысталуы керек. Ең үлкен түйткіл жекешелендіру мәселесін қаржыландыруға тірелетіні аян. Әлбетте, банктер атсалысқаны абзал. Бірақ, қайта қаржыландыру мөлшерлемесі тым жоғары. Осыдан барып, инвестициялық қызмет пен ұзақмерзімді шарттар туралы айту қиын. Жеке бизнеске экономиканы әртараптандыруды, жаңа кәсіпорындар іргетасын қалауды қанша жүктегенімізбен, шынтуайтында, оларға елде бір-ақ қаржы көзі бар. Ол "Бәйтерек" қоры. Ал бұл холдинг белгілі бір себептермен квазимемлекеттік салаға басымдық беретіні белгілі. Осыны байыптай отырып, Бақытжан Әбдірұлы, сізден қаржыға қолжетімділік жайы қарастырылатын кеңес өткізуді сұрар едім", – дейді КҰП басшысы.

Ұлттық компаниялардың сатып алу саласы заңнамалық күшейтуді қажет етеді

Квазимемлекеттік саланың сатып алуы мемлекеттік сатып алудан бір жарым есеге асып түсетіні, 5 триллион теңгені құрайтыны мәлім. Ұлттық компанияларда бәрі негізінен ішкі ережелермен реттелетіні тағы белгілі. "Самұрық-Қазына" қоры ынтымақтастыққа ашық рай танытқанымен, "Атамекен" тиісті тетіктер кәсіпкерлерге түсінікті болғанын қалайды. Себебі, жергілікті өндірушілерге ұзақмерзімді уағдаластықтар ауадай қажет. Бұл қадамды жемісті атқарып, жауапкершілікті күшейту, корпоративтік процедураларды жеңілдету үшін Ұлттық палата заңнамаға ұсыныстар бермек.

Жұмыспен қамтуда, "Атамекен" КҰП, 2017 жылы үкіметпен бірлесіп, ауылдық жерлерді шағын несиелеу мен оқытуға айрықша назар аудармақ. Мұнда Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында сыналған "Бастау" бағдарламасы тәжірибесін өрбіту оң нәтижеге қол жеткізбек.

Тимур Құлыбаев алдағы уақытта мемлекеттік қадағалау-бақылау қызметтері әлі де түбегейлі өзгеріп, қысқаратынына үміт білдірді. Мәселен, бұған дейінгі санитарлық ереже-талаптар 82 пайызға ықшамдалған.

Кәсіпкерлердің 41,7 млрд теңге мүліктік құқығы қорғалып қалды

2016 жылғы қызмет нәтижесі қорытындыланып, 2017 жылға арналған жұмыс жоспары тарқатылған негізгі баяндаманы жасаған "Атамекен" КҰП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, нөмірі бірінші стратегиялық басымдық ретінде кәсіпкерлік субъектілерінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды атады.

"2013 жылдың қазан айынан бері ұлттық палатаға 15430 өтініш түссе, 2016 жылы олардың саны 5419 арыз-шағымға азайды. "Атамекенде" бизнес өкілдерінен өтініш-тілектерді қабылдауға арналған онлайн-сервистер іске қосылып, прокуратура органдарымен өзара байланыс орнады. Ең көп өтініштер салық салу, жер заңнамасы, сатып алу және кәсіпкерлік саладағы дау-дамайларға қатысты болып отыр. Арыздардың 40 пайызын оң шешуге қол жеткізілді. Сәйкесінше кәсіпкерлердің 41,7 млрд теңге мүліктік құқығы қорғалып қалды", – дейді Нұржан Әлтаев.

Бизнес-ортаны жетілдіру мақсатында КҰП өзекті мәселелер реестрін жасап, оған келіп түскен 438 мәселенің 65%-ы, яғни, 285-і шешілген. 2016 жылдың 11 айында кәсіпкерлер палатасы 2 мыңға жуық нормативтік-құқықтық акті жобасын сараптаудан өткізді.

Субсидияның сан қыры

Отандық кәсіпкерлердің тағы бір бас ауыртар мәселесі, әсіресе, ауылдық жерде, ол – қаржылық, инфрақұрылымдық және өткізу нарықтарының қолжетімсіздігі. Бұл тұста ұлттық палатаның субсидиялаудың ауыспалы мөлшерлемесін орнатуға қатысты ұсынысы қабылданған. КҰП келесі формуланы ұсынады: субсидиялау мөлшерлемесі = өтімділік бойынша мөлшерлеме (базалық мөлшерлеме + дәліз) + банк маржасы. Осы орайда субсидиялау ұстанымын сақтап қалу қажет. Сондай-ақ, палата, "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы аясында купонды сыйақылық субсидиялау тетігін енгізуді, айналым қаражатының оңтайлы мөлшерлемесін 12%-дан, инвестициялық мақсаттарға 7%-дан аспайтындай деңгейде қамтамасыз етуді, "тиімді жоба" ұғымын алып тастауды яки қайта қарастыруды, сауықтыру бағдарламасын жандандыруды, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларын субсидиялауды ұсынады.

"Дуальды оқыту" енді дүдәмалдықтан арылады

КҰП бұдан тыс, адами капиталды, сатып алу мен жергілікті қамтуды, ауылдық елді мекендерде бизнесті, кәсіпкерлікті сервистік қолдауды, жұмыспен қамтуды дамытуды, жекешелендіру барысында бизнес мүддесін ескеруді назарда ұстап, қажетті жұмыстарды жүргізіп келеді. Бұл ретте кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы жасалған. Экспорттық-импорттық операцияларды оңтайландыру, дауларды сотқа дейін шешудің тетіктерін дамыту бағыттарына мұқият көңіл бөлініп келеді.

"Адами капиталды дамытуда ұлттық палата 4 бағытты қолға алып, осы жылы Қазақстан заңнамасында алғаш рет "дуальды оқыту" ұғымы айқын көрініс тапты. Бұрын бұл мәселеде бұлыңғыр тұстар көп болатын. 7 мыңнан астам кәсіпорынның кадрларға мұқтаждығын сұрастырып біліп, тек биыл ғана 134000 маманға сұраныс барын анықтадық. Қазірде білім министрлігімен, өзге де құзырлы жақтармен бірлесе отырып, тиісті кадрлар құрамын дайындауға кірістік", – деп мәлімдеген Нұржан Әлтаев бизнесті сервистік қолдауда іс жүзіндегі кәсіпкерлік саласы жан-жақты ақпараттық тұрғыда қамтамасыз етіліп, "Іскерлік байланыс", "Аға сеньорлар", "Бизнес мектеп" жобалары жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

Жергілікті тауар өндірушілерге жанашырлық қажет

Сатып алу мен жергілікті қамту жүйесін дамытуда, мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алу саласында отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытында ұлттық палатада 16 өңірлік жұмыс комиссиясы құрылып, 144 отырыс өткізіліп үлгерген. Осы комиссиялар аясында мемлекеттік сатып алуда 261 млрд теңгенің, квазимемлекеттік салада 414 млрд теңгенің шарты жасалған. "Самұрық-Қазына" қорының ірі компаниялары бойынша тендерлік құжаттар жобасын алдын ала талқылау тетігі, тамақ, сауда, машина жасау, өңдеу сынды маңызды 8 секторға қатысты тәуелсіз салалық сарапшылар институты енгізіліп, тауар өндіруші мәртебесін растайтын индустриялық сертификатты қолдау мүмкіндігі қарастырылған. КҰП пен қор арасындағы жұмыс жемісінде 2014 жылдың тамызы мен 2016 жылдың желтоқсан айлары аралығында бес млрд теңгеден астам сомаға отандық өндірушілермен бір мыңнан астам ұзақ мерзімді уағдаластық дүниеге келген.

"Әлемдік экономиканың қазіргі беталысына қарап отырсақ, елдердің көбісі Дүниежүзілік сауда ұйымы мен өзге де халықаралық келісімдерге қарамастан, ішкі нарығын қорғауға бейімділік танытуда. Бізге де халықаралық талаптармен ымыраға келген райда, жергілікті өндірушілерге барынша жанашыр көзқарас ұстанған жөн деп ойлаймыз", – дейді осы орайда КҰП Басқарма Төрағасының орынбасары.

Ағымдағы жылдан бастап "Атамекен" КҰП Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау және Жамбыл облысы сынды 6 өңірде шағын несиелеу бағдарламасын қолға алғаны белгілі. Бүгінде 2705 млн теңгелік 563 өтінім қаржыландырылып, жалпы алғанда, 2544 адам тұрақты кіріспен қамтылғаны атап өтілді.

Нұржан Әлтаев жекешелендіру мен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік мәселелерінде КҰП өкілдері бірқатар белді мекемелердің жобалық кеңсесі құрамына кіргенін, отандық бағалы қағаздар нарығы қатысушыларын ірі нысандарды жекешелендіруге тартуда заңнамалық кедергілер жойылғанын, "Қазмұнайгаз" секілді алпауыт ұйымдар жергілікті қаржылық нарық субъектілерін өз жобаларына іріктеп алғанын және Палатаның белсенді атсалысуымен инвентаризацияның бірінші кезеңі еңсерілгенін хабарлады. Нәтижесінде бәсекелестік ортаға республикалық меншіктегі 51, коммуналдық меншіктегі 454 ұйым берілген. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жетілдіруде 60-тан сараптамалық тұжырым дайындалып, нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізуге бойынша жұмыстардың басы қайырылған.

Ауылда бизнесті дамытуда, КҰП Агробіліктілік орталығы, өтеусіз негізде агроөнеркәсіп кешені субъектілерін ақпараттық қолдаудың бюджеттік бағдарламасын оң нәтижелермен аяқтап отыр. Мұнда 25 негізі бағыт аясында ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге 668 оқу семинары өткізіліп, 11 мың фермердің өрісі ұзарған. Жаңашылдық сонда, барлық семинарлар тікелей алдыңғы қатарлы шаруа қожалықтарында ұйымдастырылып, табысты тәжірибелер насихатталған. Шетелдік және қазақстандық сарапшылар кәсіпкерлер сұранысына қарай арнайы әзірленген 97 әдістеме арқылы білгенін үйреткен.

Келесі жылы бизнестің орналасу жерін автоматтандыру, кәсіпорындар мен инфрақұрылым нысандары геолокациясы, өткізу нарығын зерттеу ақпаратын енгізу көзделген Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасын 2016 жылдың наурыз-қараша айлары 5 мыңнан астам бірегей қолданушы қарап шыққан. 5 миллионнан астам бет екшеліп, Ресей, АҚШ, Беларусь, Қытай, Германия сияқты елдерден 10 мың адам сайтқа қызығушылық танытқан.

"Атамекен" 10 қадам аясында 10 млрд теңге сұрайды

КҰП биыл жасап шыққан кәсіпкерлікті дамытудың 10 қадамы бойынша келесі жылы да жұмысты жалғастырмақ. Мұнда шағын несиелеу көкжиегі кеңейтіліп, халықты жаппай бизнес негіздеріне оқыту, ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту, өндірісті жерсіндіруге жауап ретінде ұзақмерзімді мемлекеттік тапсырыстар есебінен бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, экономика өсімінің негізгі ұстыны ретінде шағын және орта кәсіпкерліктің экспорттық әлеуетін күшейту, индустриялық және инвестициялық шешімдер қабылдауда кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасын негізге алу, "Үкімет бизнес үшін" сервисін жасау, мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметтерін азайту, қылмыстық және әкімшілік заңнаманы әрі қарай жетілдіру, нарықтық ұстанымдарға нұқсан келтіру жөнінен мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың барлық ведомстволық және еншілес құрылымдарын ревизиялау көзделіп отыр.

"2017 жылы "Атамекен" өзінің түйген тәжірибесін ескерген райда, өзіндік шағын несиелеу жүйесі арқылы 10 млрд теңге қаржыны игеруге дайын. Тырнақалды жобалардың нәтижесінде "Бизнестің жол картасы 2020" мен "Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020" бағдарламаларына келесі өзгерістерді енгізуді ұсынамыз: қарыз сомасын 50 млрд теңгеге дейін көбейту, несиені 3 миллионнан 16 млн теңгеге, мерзімін 5 жылдан 7 жылға ұзарту, "Қазагрогарант" АҚ және "Даму" қоры арқылы кепілдік беру, шағын қаржы ұйымдарының операциялық шығындарын игерілген сома көлемінен 16% субсидиялау, кепілсіз несиелеуді бір қарыз алушыға 1,5 млн теңгеге дейін жеткізу", – деп баяндамасын қорытындылаған "Атамекен" палатасы басқарма төрағасының орынбасары "Бастау кәсіп" жобасының ауқымын кеңейту қажеттігін нұсқады.

Сонымен қатар, Нұржан Әлтаев, "Атамекен" КҰП Елбасы "Алтын сапа" сыйлығын табыстау рәсімінде атап өткен сыртқы сауда және инвестиция тарту мәселелерін бір арнаға тоғыстыру жайын толық қолдайтынын жеткізді.

Кәсіпкерлер не дейді?

КҰП төралқасының кеңейтілген отырысында, сонымен бірге, "Alageum Gruop" ЖШС бақылаушы кеңесінің төрағасы Сайдолла Қожабаев, "Баян Сұлу" АҚ басқарма төрағасы-президенті Тимур Садықов және Қызылорда облысы Сервис және қызмет көрсету саласы кәсіпкерлері қауымдастығының президенті Ерлан Райымов сөз сөйледі. Мәселен, "Alageum Gruop" ЖШС бақылаушы кеңесінің төрағасы ғылыми еңбектерді қаржыландыру, отандық кәсіпкерлердің гранттарға қол жеткізе алмауы, кадр даярлау сапасы сынды мәселелер туралы ой қозғады.

"Баян Сұлу" кондитерлік фабрикасының басшысы өнімді өткізу нарығы, отандық тауар өндірушілердің тамақ өнімдерін экспорттау жайларын мәселе етіп көтерді. Оның пікірінше, Ресей экспорттық орталығы секілді, Қазақстанда сауда алыс-берісін үйлестіретін арнайы орган құру қажет.

Қызылорда облысы сервис және қызмет көрсету саласы кәсіпкерлері қауымдастығының президенті Ерлан Райымов, кәсіпкерлік саладағы өткір маман тапшылығына алаңдаушылығын жеткізіп, бұл, әсіресе, шағын бизнес бағытында өте өзекті екенін айтты: "Елде білікті мамандарға мұқтаждық қалыптасып отыр. Бізде аяқ киім жасаушыларды, тігіншілерді, үй құсын өсірушілерді дайындамайды. Ал қаптаған қаржыгер, заңгер, бағдарламашы дипломдары бар жоғары оқу орындарының түлектері жұмыс таба алмай жүр. Сондықтан, кәсіпкерлік университеттері желісіне зәрулік сезіледі. Кәсіпкерлік салада білім беру стандарты қабылданып, оны жоғары оқу орындары мен техникалық-кәсіби оқу орындарының негізіне айналдыру керек", – дейді Ерлан Райымов.

Ұлттық қор "көздің қарашығындай" сақталады

Бақытжан Сағынтаев үкімет Президенттің қарауына ұлттық қордың қаражатын пайдалануды қалыптастыру жөнінде жаңа тұжырымдама енгізгенін айтты.

"Әлемдегі жағдай күрделі екені баршаға белгілі. Мұны көріп отырмыз. Барлық ақша тек ұлттық қордан келеді. Егер біз тек осы бағытта әрекет етсек, онда ұлттық қорда түк те қалмайды. Біздің ұлттық қор жайлы тілегіміз мұнайдың барреліне 100-115 доллар болған кездегідей қалып қойған. Бүгінгі мұнайдың бағасы мүлдем басқаша. Біз ұлттық қордың қаражатын мұнайдың бағасы барреліне 100 доллар жағдайында өмір сүріп жатқандай пайдаланғымыз келеді. Сондықтан, біз мемлекет басшысына ұлттық қордың қаражатын пайдалануды қалыптастырудың жаңа тұжырымдамасын енгіздік. Президент тұжырымдаманы мақұлдады. Тиісті шешімдер бар. Келесі жылдан бастап ұлттық қордың қаражатын басқаша пайдаланамыз", – дейді үкімет басшысы.

Жиын қорытындысында премьер-министр ұлттық палата мен үкімет арасында кедендік процедуралардан ауыл шаруашылығы мәселелеріне дейін байыпты байланыс орнағанына ризашылығын білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу