Аягөздің жылымайтын пәтерлері Аяз атаның құжырасынан аумайды

Қыс басталғалы пәтерлерінде бойлары жылынбаған аягөздіктердің жанайқайын тұрғындардың бірі жеткізді.

Аягөздің жылымайтын пәтерлері Аяз атаның құжырасынан аумайды

Әлеуметтік желі арқылы үйінің суықтығын айтып, оған жауапты "Аягөз жылу" ЖШС-ның жұмысын сынға алған аягөздік ананың жанайқайы әкімдік назарына ілігіпті. Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Мұстафин мәселенің мән-жайын анықтау үшін Аягөзге суыт аттанды.

Қыс ортасында Аягөз қаласында жылу мәселесі туындады. Күзде  қыстың қытымыр аязына сақадай сай екенін мәлімдеп, есеп берген аудан әкімдігінің ақпараты асығыс айтылған сөз болып шықты. Аудан орталығындағы бірнеше әлеуметтік нысан мен 30 үйге жылу жеткіліксіз беріліп отыр. Ал мектептерде балалар 45 минуттың орнына 30 минуттан оқып жүр.

Жерлестерінің жанайқайын  қала мектептерінің бірінде мұғалім болып істейтін Индира Мұхамадиева есімді тұрғын Facebook, WhatsApp желілеріне салған бейнеүндеу арқылы бүкіл елге мәлімдеген болатын. Үндеу иесі бұл қадамға шарасыздықтан барғанын айтады. Қыс басталғалы үйден жылу қашқан соң, аягөздіктер жауапты деген орындардың барлығына арызды қарша боратқан екен. Одан еш нәтиже шықпаған соң,  аягөздік ана өз үйіндегі жағдайды видеоға түсіріп, бүкіл қазақстандықтарға үндеу жолдаған.

"Қазір қонақ бөлмеде екі бірдей ток пеш тұр. Соның өзінде температура 11°C. Жатын бөлмеде ток пеш жоқ, сондықтан онда 7 °C қана. Ал жуынатын бөлмеде  тіпті 4 °C. Осындай "жылу" үшін ай сайын 9000 теңге төлейміз. Ток пеш тұтынған электр қуаты үшін 8000 және төлейміз. Өзім мектепте мұғаліммін. Онда да дәл осындай жағдай. 45 минуттың орнына 30 минут қана оқимыз. Сол 30 минуттың өзіне шыдау мүмкін емес. Үйге келсең, қайнатқан шайың ішпей жатып суып қалады. "Аягөз жылу" мекемесі жылытатын үйлердің бәрінде осылай. Бұл үндеу арқылы барлық жерлестерімнің жанайқайын жолдап отырмын", – делінген үндеуде.

 

Индира Мұхамадиеваның айтуынша, бұған дейін Өскеменнен арнайы адамдар келіп, оның үйіндегі температураны арнайы құрылғымен өлшепті. Екі бірдей ток пеш қосылып тұрғанына қарамастан, қонақ бөлмедегі жылудың 11°C қана екеніне көздері жетіп қайтқан.

Аудандық әкімдіктен күдері үзілген тұрғын көмекке облыс әкімін шақырады.

"Аягөзге ат басын бұрсаңыз, біздің үйге келіңіз. Қандай күйде отырғанымызды көрер едіңіз", – дейді шарасыз ана. 

Үндеуге арқау болған "Аягөз жылу" мекемесі – жеке меншік компания. Ол таратқан жылуды қаладағы үш мектеп, бір балабақша, 2 спорт мектебі, 30 көппәтерлі үй тұтынып отыр. Қазандықтан шыққан жылу әсіресе Абай гүлзары мен Ақтамберді көшесіндегі нысандарға әлсіреп жететін көрінеді.

Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Мұстафин  мәселенің 3-4 күнде шешілетінін айтты.

"Қазандықтан шыққан жылудың температурасы 60°C-тан кем болмауға тиіс. Ал мұнда 50°C қана. Себебі, жылу алмастырғыш құрал бітеліп, ескірген. Мен қазір сол нысанның басында жүрмін. Аудан басшыларымен бірге мәселені шешіп жатырмыз. 3-4 күннің ішінде барлық үйлерге жылу қажетті мөлшерде берілетін болады. Жылу алмастырғышты жаңалаймыз" – деді Мұрат Мұстафин.

Жылу алмастырғыш бөлшекті жаңалау арқылы Аягөздің жылу мәселесі түбегейлі шешілмесі анық. Сол үшін облыс әкімдігі "Аягөз жылу" ЖШС-не шарт қойып отыр. Бір айдың ішінде жылу компаниясы ескірген қондырғылар мен жылу құбырларын жаңалайтын инвестор табуға тиіс. Олай етпеген жағдайда қазандықты аудан әкімдігі сатып алады да, келесі маусымға бюджет есебінен жөндейді.

"Аягөз жылу" мекемесі жылу таратумен айналысқалы 20 жыл болыпты. Әкімдік өкілінің айтуынша, сол 20 жылдың ішінде материалдық-техникалық базаны жаңалауға дұрыстап көңіл бөлінбеген. Тозығы жеткен бөлшектер әбден қыс ортасында сыр беріп отыр.

Қазір Аягөзде жедел штаб құрылған. Ол штаб әуелі шұғыл түрде бітеліп қалған жылу алмастырғышты жаңалауы тиіс. Осыдан кейін қосалқы алмастырғыш орнатылмақ. Бұл кемінде 3 күннің шаруасы. Ал аягөздіктер қазандық жөнделгенше аяз қыспаса екен деп тілеуде. Абырой болғанда, ауа райын болжаушылар алдағы 10 күнде қатты аяз болмайтынын айтып жұбатып отыр. Аудандағы жылу мәселесіне жауапты орындар тәуліктік режимге көшті.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу