Аяқдобымыздың аңызы Тимур Сегізбаев өмірден өтті

3734

Қазақ футболы орны толмас қазаға душар болды. 76-дан асқан шағында Тимур Сегізбаев ағамыз өмірден өтті.

Аяқдобымыздың аңызы Тимур Сегізбаев өмірден өтті Фото: kff.kz

Тимур Сегізбаев – қазақ футболының мақтанышы һәм дастаны. Қазақтың да теңбіл допты ұршықша үйіріп, доп тебе алатындығын дәлелдеген талантты тұлға. Кеңес Одағы тұсындағы қазақтың "Қайратының" – капитаны, жанкүйерлер сүйіспеншілігіне ие болған теңдессіз саңлақ. Айрықша көңіл бөлерлігі, Сегізбаев гол соққан матчта "Қайрат" ешқашан жеңілмеген!

Тимур-аға 1941 жылы 12 мамырда Семейде туған. Бала кезінен көзге түсіп, еліміздің бас командасының сапына алынады. "Қайраттың" құрамында 12 маусым өнер көрсетіп, 212 ойын өткізеді. Өкінішке қарай, жасыл алаңмен тым ерте қоштасты. Жарақаты маза бермей, бутсысын 1970 жылы шегеге ілуге мәжбүр болды.

"Қайраттың" сол кездегі бас бапкері, әйгілі Александр Севидов "асықпай емдел, қанша уақыт болсын тосамын, әзірше менің көмекшім болып жүре бер" десе де, оныншы нөмірлі жейдесін шешіп, жасыл алаңмен қоштасады. Онысын өзі "бұрынғыдай жоғары деңгейде ойнай алмайтындымды сездім" деп түсіндірді. Яғни көптің бірі болып, адам саны көбейтуді хош көрмейді.

Тимур-аға әдемі голдарымен футбол мамандарының өздерін сүйсіндіріп, қазақ жанкүйерлерінің мақтанышына айналған. Көптеген футбол жанкүйерлері балаларының атын Тимур қойып, әйгілі футболшыны пір тұтқан. Неше түрлі аңыздар ойлап тауып, пәрменді соққысына тәнті болғандар өте көп болған.

70-ке толған мерейтойында "аға, сіз туралы аңыз көп, соққыңыз пәрменді болғандықтан, аяғыңызға қара таспа байлап алатын мәртебеге қол жеткізіпсіз ғой, сол рас па" деп сұраған едік. Сонда кеңкілдеп күліп алды да:

– Жоқ, ол жанкүйерлердің шығарып алып жүргендері ғой. "Соққысы қатты болғандықтан аяғына қызыл таспа (лента) байлап алады екен", содан соң "Африкаға барып, бір жолдастық кездесу өткізгенде қуатты соққысымен бір маймылды өлтіріпті" деген сияқты аңыздарды шығарып алып жүрген де – жанкүйерлер. Соққымның пәрменді болғаны ғана рас. Жанкүйерлерге сол қуатты соқыларым ерекше ұнаса керек. Ары қарай өздері құрастырып әкетті ғой. Тіпті "атақты Анзор Кавазашвилидің өзі теңбіл доп Сегізбаевтың аяғына тигенде... тізесі дірідеп, зәре-құты қалмайды екен" деушілер де болған. Мұның бәрі бір мақтаныш сезіммен айтылған жай сөздер шығар. Мәскеудің "Торпедосының" қақпашысы Анзорға 35-40 метрдей қашықтықтан гол соққаным рас. Алматыда өткен сол ойында біз 1:0 есебімен жеңіске жеткенбіз, – деп ақтарылып, өткенді есіне алған...

Ресейдің Тимур-ағаны мойындап, күні бүгінге дейін ұмыта алмайтыны – 1964 жылы 26 тамызда орыс халқының сүйікті клубы "Спартакты" сан соқтырып кеткені. Мәскеудегі Ленин атындағы Орталық стадионда, жергілікті 30 мың жанкүйердің көз алдында "Қайрат" мәскеуліктерді 2:0 есебімен тізерлетеді. Екі голды да Тимур Сегізбаев соғып, жергілікті жанкүйердің жігерін құм қылады. Ертеңінде Одақтың орталық газеттері "Тимур и его команда" деген мақала жариялап, қазақ футболшысы бүкіл елге танымал болады.

Әйтсе де, КСРО құрамасы сапына алынбайды. Егер, Тимур-аға Мәскеу клубтарының бірінде ойнаса, Кеңес Одағы құрамасына да шақыртылар да ма еді? Өздеріңіз білесіздер, ол кезде, Одақтың ең жақсы ойыншыларын Мәскеу клубтары, олардан қалса, Киевтің "Динамосы" өз құрамына алатын. Мәскеуге барғандар КСРО құрамасына ілігеді, бармағандар бармағын тістеп жүре береді... Тимур-ағаны да өздеріне шақырушылар көп болған. Бірақ Сегізбаев қазақтың "Қайраты" мен әсем Алматыны тастап, ешқайда кетпейді. 

"Неге КСРО сапына шақыртылмадыңыз" деп, өзінен сұрағанымызда, Тимур Санжарұлы "Біріншіден, ол кеде Кеңес Одағында деңгейі жоғары футболшылар көп болды. Екіншіден, КСРО құрамында негізінен мәскеулік, украиналық, содан соң грузиялық футболшылар ойнады. Бірақ біз осы бір қалыптасып кеткен "дәстүрді" бәрібір бұздық. Станислав Каминский екеуміздің шәкіртіміз Сейілдә Байшақов КСРО құрамасы сапында ойнады. Екеуміз "Қайраттың" бас бапкері болып жүріп, осындай ерен жетістікке қол жеткіздік. Өзім ойнамасам да, шәкіртімнің ойнағаны – мен үшін үлкен жетістік", – деген еді...

Тимур-аға бутсысын шегеге ілген соң, жоғарыда өзі айтқандай, біраз жыл жаттықтырушы болды. "Қайратты" өрге сүйреді. КСРО чемпионатында 7-орынға ие болып, шәкірттеріне қызығушылар көбейе түседі. Еліміз егемендігіне қол жеткізіп, спортқа аса көңіл бөле алмаған қиын-қыстау кезеңде Қазақстан футболын басқарған. Сол аласапыран жылдары ұлттық федерацияның басшысы болып, футболымыздың алға жылжытуға тырысқан...

Бізде маусым сайын еліміздің үздік футболшысын білікті мамандар арасында сауалнама жүргізу арқылы анықтайтын әдет бар. Осыдан бірер жыл бұрын байқағанымыз, Тимур аға бірінші орынға ылғи қазақ жігіттерінің бірін қояды. Өзінен сұрағанымызда, "мен олар сенімді ақтаса екен деп тілеймін, сол үшін бәрінен жоғары қоямын" деген еді...  

Жалпы, Тимур Сегізбаев КСРО спорт шебері атанған. Қазақ КСР және Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген жаттықтырушысы болды. Елімізге еңбек сіңірген спорт қайраткері атағын да алды. Көпшіліктің сый-құрметіне бөленді. Ел футболына өлшеусіз еңбек сіңірді. Енді, арамызда жоқ...

Жаныңыз жаннатта болсын, Тимур-аға! Алдыңыз пейіш, артыңыз кеніш болсын! Қазақ жанкүйерлері сізді ешқашан да ұмытпайды. Сіздің есіміңіз қазақ футболының тарихында алтын әріптермен жазылып қалған.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу