Аяз атаның авторы кім?

2713

Қазіргі Жаңа жыл – жаһанданудың белгісі.

Аяз атаның авторы кім? Фото: canva.com

Батыс елдерінің балалары 25 желтоқсанда – "Рождествода" байырғы ғасырдағы қасиетті Николастың көркем әдеби бейнесі саналатын Санта Клаустан тарту дәметеді.

Ал бұрын КСРО құрамында болған елдердің біразында Дед Морозды дәріптейді.

Қазақтың нағыз жыл басы – Наурыз, ал оның киесі, барша жұртқа жақсылық жасаушы, ырыс-құт, несібе-береке сыйлаушы қасиет иесі – Қыдыр (Қызыр, мұсылманша – Хидр) Ата екені мәлім.

Этнографтардың жазуынша, посткеңестік кеңістіктегі елдердің тойлайтын Жаңа жыл мерекесі – христианның "Рождествосы" сияқты діни мереке емес, жаһандағы түрлі мерекелердің қосындысы.

Заманауи "Жаңа жылға" қазақтың мүшел ұғымы, іс бастағанда ақ бата беру салты ("жаңажылдық тілек"), тәңіршілдіктегі от жағып, май салу жоралғысы, көне христиан ұғымындағы мәңгі жасыл шыршаға табыну, тіпті қытайдың от шашуы кіріп, бұл мереке әбден "жаһанданды". Ал оған басты кейіпкерлері – Аяз Ата мен Ақшақардың қосылуы арқасында мұның бәрі қарапайым костюмделген шоуға айналып кетті.

Мысалы, түркі, қытай жыл санау есебі бойынша жаңа жылдың, айталық Ұлу-Айдаһар жылының тек наурыз айында кіретінін біле тұра, қазіргі "Жаңа жыл" мүшелдің 12 жануарының бірімен байланыстырылады. Ал от шашу шығыс көршінің "юанчау мерекесінен" алынған атрибутика: шың елі жаңа жыл мерекесі кезінде барлық жерге от жағып, торсылдақтар атады, сөйтіп, "суықты аулақ қуады".

Бұл ретте Аяз Атаның, яғни "Дед Мороздың" нақты авторлары бар екенін екінің бірі біле бермейді.

Тарих ғылымдарының кандидаты Елена Мадлевскаяның айтуынша, славян, орыс аңыздарында, ертегілік фольклорында "Дед Мороз" (халық арасында Студенец, Трескунец, Морозко, Зюзя деген атаулары да кездеседі) – жағымсыз кейіпкер болған. Ол табиғи апат-стихияны білдіретін, адамдарды, жануарларды қатырып, азықсыз қалдырып, қырып салатын, аяушылықты білмейтін, залым, зұлым "божество" болған көрінеді.

Мысалы, аңыздарда IV ғасырларда Мысырда өмір сүрген байырғы славян әулиесі Ұлы Онуфрийдің "Морозбен" шайқасып, оны басынан ұрып жаралағаны, содан "үшінші Спасқа" дейін ауа райы жылы болып, жыл он екі ай гүлдер жайқала өскені жырланады.  

Бұл аңыздар бертінде ұмытылған. XIX ғасырда, Ресей патшасы революцияға жол бермеу үшін билік пен халықты жақындастыратын аңыздар іздей бастайды. Сонда "Дед Мороздан" жағымды кейіпкер жасау ісі қолға алынды. 1856 жылы фольклор зерттеушісі Александр Афанасьев атақты ертегілер жинағын шығарды. Онда "Дед Мороз" атақты Морозко бейнесінде елге оралды. Автор оны ақ сақалды қария ретінде суреттейді және оның барлық адамды емес, тек "жаман адамдарды" (соның ішінде долы, қазымыр кемпірді және оның олақ, салақ қызын) ғана үсітіп, қатырып тастайтыны насихатталды. Бұл бейнені кейін Кеңес одағы басшылыққа алып, қайта жандандырды.

Одан бұрын 1840 жылы Владимир Одоевский "Мороз Иванович" атты ертегіні ойлап тауып, онда фольклорда жұрттың жанын түршіктірген Морозға қатысты авторлық төл ұстанымын ұсынды.

Сол кезден бастап, жарлы-жақыбайға, қарапайым халыққа, ізгі адамдарға қайырым мен мейірім танытатын басқа "Дед Мороз" бейнесі кең танымал бола бастады.

Бірақ орыстың "Морозы" бәрібір балаларға сыйлық бермейтін. Сондықтан II Александр патша Батыс елдеріне еліктеп, кездейсоқ адамдарға тарту таратын "Рупрехт шал" (1861), "қасиетті Николай" (1870) жобаларын жүзеге асыруға тырысады. Петербордағы сарайына ересектер мен балаларды жинап, сыйлық та үлестіріп көрген. Алайда бұл кірме дәстүр бұқара арасына сіңбеді.

1914 жылы танымал ақын Сергей Есенин "Сиротка" өлеңінде орыстың "Дедушка Морозын" жырлай келе, оны жетім қыз балаға інжу (жемчуг) сыйлаған мейірімді қария ретінде сипаттады. Революцияға дейінгі мерекелік ашықхаттарда алғаш рет "Дед Мороз" бейнесі пайда болды.

Антрополог, фольклорист Александра Архипованың жазуынша, 1920 жылдардың басынан 1930 жылдары Кеңес мемлекеті дінге қарсы саясатты (антирелигиозная политика) ілгерілету, яғни патшаның бір ұстыны болған діндарлар қауымын қудалап, атеизмі ендіру мақсатында "Рождествоны" тойлауға тыйым салды. Соның аясында "Дед Мороз" образына да тосқауыл қойылды.  

Бірақ ғасыр басында қызыл империямен ере келген қуғын-сүргін, атыс-шабыс, ашаршылық және басқа зұлматтар, нәубеттер халықты титықтатты, ығыр етті. Ел еңсесін тіктейтін, рухын көтеретін рухани темірқазықтар керек еді.

Кеңес пропагандасы "Дед Мороз" бейнесін қайта "тірілтіп", оны халыққа, соның ішінде балаларға да шаттық пен күлкі, тарту мен думан сыйлайтын рақымды, шапағатты шал ретінде бейнелей бастады.

Осылайша, 1936 жылдың қарсаңында кеңестік дәуірде Дед Мороз оралды. Соның алдында, 1935 жылғы 28 желтоқсанда КСРО Орталық атқару комитеті президиумының мүшесі Павел Постышев "Правда" газетінде арнайы мақала басып, онда "Жаңа жыл" мерекесін атап өтуді, балаларға арнап шырша тігуді, сыйлықтар таратуды ұсынды.

Қалай болғанда, 1935 жылғы желтоқсанда жаңа жылды қарсы алу үшін бүкіл ел бойынша мерекелік іс-шаралар ұйымдастырыла бастады. Харьков қаласында кеңес сәулет өнерінің үздік туындысы ретінде тұрғызылған, КСРО-дағы тұңғыш "Пионерлер үйінде" 1935 жылғы 30 желтоқсанда Кеңес одағындағы тұңғыш ресми жаңажылдық шырша думаны ұйымдастырылды. Онда сыйлықтарды компартияның басшылары таратқан.  

Бізге бүгінде жақсы таныс образ – шырша жанында түрлі тарту, тәтті тарататын ақсақалдың – "Дед Мороздың" ресми тұсаукесері тек екі жылдан соң өтті. Батыстық "Рождествоның" басты символы – қасиетті Николас (Санта-Клаус) образына ұқсастырылған, бірақ қызыл шапаны жерді сыпырып жүретіндей ұзартылған "Дед Мороз" бейнесі ойлап табылды. 1937 жылдың қаңтарында ол Мәскеудегі "Дом Союзов" ғимаратындағы мерекелік іс-шараға келушілерді қарсы алды.

Артынша бұл бейне одақ құрамындағы түркі тілдес халықтарға жақын, етене болуы үшін ол Қазақ КСР-інде, Қырғыз КСР-інде "Аяз Атаға", Өзбекстан КСР-інде "Корбобоға" (Қар баба), Әзербайжанда Шахта Бабаға айналды. Беларусьте Дзед Мароз, Арменияда Каханд Папа аталады.

Айтпақшы "Ақшақар" (Снегурочка) кейін пайда болды. Славян елдерінің аңыздарында Мороз (Трескунец) жалғыз-жарым, саяқ болған. Сонымен қатар фольклорда балалар қардан соққан, көктемде еріп кеткен қыз туралы да аңыз болды. Содан өз туындысына тақырып іздеген драматург Александр Островскийге осы екі аңызды біріктіру туралы идея келеді. Нәтижесінде, ол 1873 жылы "Снегурочка" пьесасын жазып шықты. Алайда ол қойылымда Ақшақар Аяз Атаның немересі емес, қызы болды. Тіпті Снегурочканың анасы және Аяз Атаның әйелі – "Весна‑Красна" да болған.

Тоғыз жыл өткен соң танымал композитор Николай Римский‑Корсаков әлгі пьеса негізінде атақты операсын жазды. Кеңес одағы сол Ақшақар образын балалардың "таңертеңгіліктерінде" пайдалана бастады. Бастапқыда ол Аяз Атаның қасында жүріп, балаларға сыйлық үлестіретін қосымша персонаж рөлін ойнады. Кейін шалдың немересіне айналды.

Өйткені революцияшыл Францияда бастау алған "әйелдердің теңдігі мен бостандығы" қозғалысына қосылған Кеңес одағы қыздардың мәжбүрлі түрде шалға тиюі секілді феодалдық дәстүрге тыйым салды. Тиісінше, шау тартқан қарияның жап-жас қызы бола алмайтын еді. Осылайша, Ақшақар Аяз Атаның қызы емес, немересі болып шыға келді.

Ал "Жаңа жыл" мерекесі діни сипатынан арылып, заманауи, зайырлы мерекеге айналды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу