Аз адамға көп ақша төлеген тиімді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
5690

Отандық кәсіпорындар мамандардың санын қысқартып, сапасын арттыруға басымдық беріп жатыр.

Аз адамға көп ақша төлеген тиімді

Отандық кәсіпорындар дағдарыстан кейін кадр мәселесін әлі шеше алмай отыр. Жыл басынан бері өнеркәсіптегі жұмыскерлердің жалпы саны 615,6 мың адамды құрады. Бұл өткен жылғыдан 9,5 мыңға (2%) аз.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы өнеркәсіп кәсіпорындарындағы еңбек нарығы жаппай қысқарып, бір жыл ішінде бұл саладағы жұмыскерлер саны 60 мыңға (9%) азайған болатын.

Жұмыскерлердің қысқартуға ұшырауына сол кездегі шикізаттық дағдарыс себеп болды. Сұраныстың азаюынан өндіріс те 0,8% төмендеп кетті.  

Соңғы бір жылда  кадрлық резервін қайта қалпына келтіруде қарқын алған сектор металлургия саласындағы руда өндірісі. Бұл сектордағы қызметкерлер саны былтырғымен салыстырғанда 7,8 мыңға (11%) артты. Ал тамақ өнеркәсібіндегі компанияларда жұмыс істейтіндер 1,6 мыңға (4%), сумен қамту саласында 0,9 мыңға (3%) көбейген.  

Ал штат санын қысқару жағынан қызмет көрсету компаниялары көш басында. Соның ішінде жөндеу жұмыстары және құрылғы орнатумен айналысатындар саны 11 мыңға (23%) кеміген.

Өңдеу өнеркәсібі де бір жылда 11,9 мың (4%) қызметкерінен айырылды.

Нақты өндірістегі жұмысшылар санының қысқаруына қарамастан, өнеркәсіптегі жалақының сатып алу қабілеттілігі (құны) 2,6% ұлғайды. Ал ақшалай көлемде бұл өсім 10,6 %-ға көбейді. Бұл жылдық инфляция есебінен қосылған қаржы болғанымен, компаниялар қазір көп қызметкерге аз ақша төлегеннен гөрі, аз қызметкерге көп жалақы беріп жұмыс істеткеннің тиімді екенін түсіне бастағандай.  Бұл кәсіпорындардың маман санына емес, сапасына көңіл аудара бастағанын көрсетеді.

Өткен жылмен салыстырғанда айлық орташа номиналды жалақының ең көп көтерілген саласы табак өнеркәсібінде көрінді. Темекі шығарушылар бір жылда қызметкерлерінің жалақысын 75,4 мың теңгеге (12%) көтерген. 

Ал керісінше, жалақыны азайту жағынан фармацевтика компаниялары тізімнің басында тұр. Бұл салада еңбек ететіндердің жалақысы былтырғымен салыстырғанда 22,4 мың теңгеге (10%) төмендеген.

Қазір еңбек нарығын жаңғырту үкіметтің ең басты міндеттемелерінің бірі екені белгілі. Осы мәселені шешу үшін үкімет пен әкімдік дәстүрлі саладағы жұмысшылардың көптігін жаңа салалардағы бос орындарға бағыттауға басымдық беріп жатыр.  Сонымен қатар  үкімет жұмыссыздар саны көп өңірлердегі азаматтарды еңбек күші тапшы аймақтарға қоныстандыру ісіне  белсене араласпақ.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу