Әз-Наурыз қарсаңында бірнеше облыс бағаны тұрақтандырмақшы

3615

Әкімдер әсіресе, бір өнімге қатты шүйлігуде. 

Әз-Наурыз қарсаңында бірнеше облыс бағаны тұрақтандырмақшы

Жылда ірі мерекелер қарсаңында Үкімет пен әкімдер баға қымбатшылығына қарсы маусымдық күресті бастайды. Негізінен, бұл күрес үш ірі "мейрамдық кезеңге" – 8 наурыз және Ұлыстың ұлы күніне, мамырдағы мейрамдарға және "Тәуелсіздік күні" мен "Жаңа жыл" мерекелері қарсаңына тұспа-тұс келеді.

Тиісінше, билік үшін биылғы бірінші күрес кезеңі басталды. Оның аясында бірнеше өңірі үшін маңызды деп таныған бірнеше өнім түрінің бағаларын бекітуде, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Оңтүстіктегі жағдай

Еліміздің бас мегаполисінде әкімдік жанындағы комиссия кем дегенде 30 күнге 1-санаттағы тауық жұмыртқасына 487 теңге мөлшерінде шекті баға белгілеуге кеңес беріпті. Бұған Алматыда осы өнім бағасының биыл бекітілген шекті мәннен 20,6%-ға күрт асып кетуі себеп болған.

Алматы әкімдігінің Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалиннің мәліметінше, тауық жұмыртқасы бағасының өсуіне біріншіден, жемшөп құнының көтерілуі, екіншіден, ветеринарлық препараттардың қымбаттауы, үшіншіден, мемлекет беретін субсидиялардың 2 есеге – жұмыртқаның 1 данасы үшін 3 теңгеден 1,5 теңгеге дейін азайтылуы себеп болыпты. Бұдан бөлек, Ресейден тараған құс тұмауы кесірінен былтыр Қазақстан бойынша 2,6 миллион үй құсы өлген. Соның ішінде мегаполисті қамтамасыз ететін Алматы облысындағы "Алсад" құс фабрикасында 120 мың құс қырылыпты. Салдарынан, жұмыртқа тапшылығы туындады.

Осы орайда әкімдік бағаны шектеу тетігін іске қосып отыр.

"Айта кету керек, бағаны ұстап тұрудың бұл әдісі оң ықпал ете алатынын көрсетті. Мәселен, шекті бағаларды енгізгелі бері бағаның төмендеуі байқалды: қарақұмық жармасының 1 келісінің бағасы 2020 жылғы желтоқсаннан 2021 жылғы 1 наурызға дейінгі кезеңде 5,1%-ға – 375-тен 356 теңгеге дейін кеміді. Алматы әкімдігінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысы негізінде ақ қант құны 2021 жылғы қаңтардан 1 сәуірге дейін 2%-ға – 1 келісі үшін 256-дан 252 теңгеге дейін азайтылды", – деді басқарма басшысы.

Қызылорда облысының әкімдігі І-категориялық жұмыртқаның 10 данасының бағасын бірден 90 күн бойы 430 теңге, ал күнбағыс майының 1 литрін – осы мерзімге 632 теңге көлемінде шектемек.

Алматы облысының әкімдігі 2 айды (60 күн) қанағат тұтты. Осы уақытта бұл өңірде бөлшек саудада күнбағыс майының 1 литрі 620 теңгеден, І-санаттағы жұмыртқаның он данасы 410 теңгеден өткізілуі міндет.

Батыстағы шешім

Батыс Қазақстан облысы мерекелер маусымында, 30 күнге тек 1 өнімнің бағасын бекітуге ұйғарыпты: аймақ басшысы Ғали Есқалиевтің қаулысында жұрт тамақ істеуде, салат жасауда, әсіресе бауырсақ пісіруде көп қолданатын "ең мерекелік шикізат" – күнбағыс майының 1 литрі құнын өңір бойынша 624 теңгемен шектемек.    

Дегенмен, еліміздің батысында көптеген өнімнің тіпті шекті бағасы да өзге өңірлерге қарағанда аса жоғары. Мысалы, елордада осы күнбағыс майының 1 литрін еш шектеусіз-ақ 580–590 теңгеден алуға болады.

Орталықтағы ахуал

Нұр-Сұлтанмен іргелес жатқан Қарағанды өңірі де бірнеше әлеуметтік маңызды тауар түрінің бағасын құрықтауға шешті. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің қаулысы жобасында шекті бөлшек сауда бағалары бірден үш айға – 90 күнтізбелік күнге айқындалып отырғаны айтылады. Құжатқа сәйкес, облыста бұдан былай 1 санаттағы тауық жұмыртқасының 10 данасы – 346 теңгеден, өсімдік майының 1 литрі – 597 теңгеден, ал картоптың 1 келісі – 94 теңгеден қымбат сатыла алмайды.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Серік Шайдаровтың түсіндіруінше, өңірде 1 санаттағы тауық жұмыртқасының бағасы шекті мәннен 34%-ға, өсімдік майы – 17,5%-ға, картоп – 16,7%-ға асып кеткен. Сондықтан ең көп қымбаттаған осы үш тауар түрі шектеу үшін таңдалып отыр. Әкімнің орынбасары бағаны ұстап тұрудың бұл әдісі пандемия және төтенше жағдай кезінде жағымды әсер еткенін алға тартты. Бертіндегі қымбатшылыққа "Ресей мен Қазақстан өндірушілерінің баға көтеруі" түрткі болды.

Мысалы, жұмыртқаға 256 теңге көлемінде шекті баға белгіленгенімен, жыл басталғалы ол 34 пайызға – 343 теңгеге дейін шарықтаған. Өсімдік майының құны 508 теңгеден 597 теңгеге дейін, картоп 78-ден 91 теңгеге дейін өсіпті. Баға ары қарай көтеріледі деген қауіп бар.

"Жұмыртқа бағасының өсуі ветпрепараттардың және құрама жемнің (астық, соя, күнбағыс, бұршақ, күнжара, жасымықтың) қымбаттауымен байланысты. Ал өсімдік майы бағасының өсуі былтыр күнбағыс бойынша нашар астық алынғанына, өндіріс үдерісінің қымбаттауына және ТЖ мен пандемия кезінде келтірілген шығындарға байланысты. Қазіргі уақытта өндіруші зауыттар эконом-сегментіндегі өсімдік майын 609 теңгеден сатуда. Салдарынан, көтерме бағасы 625 теңгеден асады. Негізгі жеткізушілер – Өскемен зауыттары шикізаттың, яғни шекілдеуіктің аяқталуына байланысты өсімдік майын өндіруді тоқтатты. Қарағандылық жергілікті өнім жеткізушілер Ресейден тасиды: ресейлік өндірушілер 609–630 теңге аралығында келісімшарттар жасасқан. Картоп бағасының өсуі өндірушілердің сақтау, логистика шығындарының артуымен байланысты", – деді облыс әкімдігі.

Мұндай жағдайда бизнесмен-саудагерлер арзанырақ өнімді қайдан тасуы керектігі қаулы жобасында айтылмаған.

Солтүстіктегі реттеу

Еліміздің солтүстік өңірлері де бағаларды қолдан реттеуге кірісті.

Павлодар облысы әкімдігінің Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Тұрсынғалиевтің дерегінше, өңірде "әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті рұқсат етілген мөлшері" бірден 90 күнге бекітілуде. Облыс осы уақыт бойы I санаттағы тауық жұмыртқасының ондығы 398 теңгеден, күнбағыс майының әр литрі 625 теңгеден қымбат саудалануына жол берілмейді.

Айта кету керек, алдағы күндері ұқсас шешімдерді өзге де өңірлер жариялауға әзірленіп жатыр.

Өз кезегінде Үкімет Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика, Сауда және интеграция министрлерінің бірлескен бұйрығымен былтыр бүкіл еліміз бойынша 9 түрлі әлеуметтік маңызды тауарларға шекті баға белгіледі.

Құжатқа сәйкес, І сортты бидай ұны – 237 теңгеден, І сортты ұннан жасалған бидай наны (пішінді немесе "кирпич") – 164 теңгеден, өлшенетін рожкидің 1 келісі – 230 теңгеден, қарақұмық жармасының келісі – 339 теңгеден, тазартылған күріштің келісі – 310 теңгеден, сиыр еті (сүйекті жауырын-төс бөлігі) – 2169 теңгеден, I санатты тауық жұмыртқасының ондығы – 367 теңгеден, күнбағыс майы – 481 теңгеден, ал аc тұзы ("экстрадан" басқасы) – 59 теңгеден қымбат тұрмауы шарт. Қымбаттаса, инфляцияға кері әсер етпек.

Сонымен бірге, министрлердің шекті бағасы нарықтағы жоғарғы межелерге негізделгені байқалады. Мысалы, Қызылорда облысында күріштің 1 келісін 251 теңгеден сатып алуға болады. Ал сиырдың таза кесек емес, тізімде айтылған сүйекті етінің 1 келісін іздесе, Ақтөбе облысында 1557 теңгеден де табуға болатын көрінеді.

Соған қарағанда үш министрлік бағаны шынайы шектеуге емес, инфляцияны есептеуге көбірек бас қатырғанға ұқсайды.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу