Қазақстандықтар 15 миллиард тал темекі шекті

3138

Еліміздің ішкі нарығында отандық темекі өнімдерін импорттық, соның ішінде ресейлік өнімдер ығыстыра бастапты.

Қазақстандықтар 15 миллиард тал темекі шекті

Қаржы министрлігі биылғы қазан айындағы жағдай бойынша акциздік өнімдерден жиналған алым көлемі 74 миллиард 329,2 миллион теңгеге жеткенін хабарлады. Ал алдында акцизден тек 70 миллиард 831,4 миллион теңге ғана жинау жоспарланған екен.

"Негізгі асыра орындау Қазақстанға Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттер аумағынан әкелінген темекі бұйымдары импорты көлемінің күрт артуымен байланысты болып отыр. Нақтырақ айтқанда, темекі өнімдері 2017 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, Қазақстанға 5 миллион 304 мың акциздік маркаға артық әкелінді", – деп мәлім етті

Сарапшылардың айтуынша, қазақстандық темекі өндірісі ұзақ жылғы құлдырауды бастан кешуде. Рас, осы жылы өсім байқалды, бірақ ол тым мардымсыз – небары 2,6% ғана және бұл жағдайды көп түзей алмайды.

Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, 2018 жылдың он айы қорытындысында Қазақстанда 14,7 миллиард дана шылым, сигара, черут (Cheroot), сигарилла, сигарет, папирос және оны ауыстырушылар шығарылған. 

Темекі өнімдерінің басым бөлігі – 99,9%-ы Алматы облысында өндіріледі. Жетісу өңірінде бұлардың 14,6 миллиард данасы өндірілді. Сөйтіп, бір жыл бұрынғыдан бар-жоғы 2,5%-ға ғана өскен.

Алматы облысында қос темекі алпауыты – "Филип Моррис" ЖШС мен "JTI" (Джей ти ай Казахстан) ЖШС жұмыс жасауда.

Philip Morris – елімізге алғашқы болып келген инвесторлардың бірі, ол қазіргі кезде Marlboro, Parliament, L&M, Bond Street, Lark, Muratti, "Қазақстан", "Полёт" секілді халықаралық және жергілікті маркалардың қожайыны болып табылады.

JTI компаниясы болса, Glamour (Super Slims форматындағы сигареттер саласындағы төл бренд-лидері), сондай-ақ Winston, LD, Mevius, Camel және "Русский стиль" маркалы темекі өнімдерін шығарады.

Жалпы, Қазақстанда темекі жасау бизнесінің дәурені өтіп бара жатқандай. Бұл бір жағынан қуантады, себебі, ол қазақстандықтардың салауатты өмір салтына ден қойғанынан да хабар береді. Атап айтқанда, бұл кәсіп өткен бесжылдықта, 2013 жылы шырқау шегіне жетті: отандық фабрикалардан 25,7 миллиард дана шылым, сигара, черут, сигарилла, сигарет, папирос және оны ауыстырушылар нарыққа жол тартқан. 2014 жылы бұл көрсеткіш 25,1 миллиардқа дейін азайды.

Бірақ бұл басы еді, кейінгі жылдардағы құлдырау бұдан да алапат болды: 2015 жылды сала 19,6 миллиардпен, 2016 жылды 20,3 миллиардпен, ал өткен 2017 жылды бар-жоғы 17,9 миллиард данамен қорытындылады. Салыстыру үшін айтсақ, егер жаман әдетке басы байланған әрбір адам күніне шылымның 3 қорабын (60 сигарета) шегетін болса, 17,9 миллиард темекі талы бұл қарқынмен небары 815 адамға ғана жетеді.

Дегенмен, осы бизнестің кірісі біршама артып келеді. Нақтырақ айтсақ, биылғы жыл басынан бері сектордағы кәсіпорындар 96,7 миллиард теңге пайда тапқан. Бұл бір жыл бұрынғыдан 16,7%-ға көп. Өткен жылы бұл сектордың табысы осы кезеңде 82,9 миллиард теңгені құраған болатын. Осынша кірістің 96,6 миллиардын Алматы облысы басыбайлы иеленді.

2015 жыл қорытындысы бойынша темекі өндірушілер табысы 93,5 миллиардты құрады. 2016 жылы олардың қалтасына 105,9 миллиард, ал 2017 жыл бойында 106,2 миллиард теңге құйылды. Бұған темекі бағасының жыл сайын қымбаттауы ықпал етуде.

Басқаша айтқанда, қатары азайып келе жатқан шылымқорларға бұл құмарлығын қанағаттандыру үшін барған сайын көп шығын шығаруға тура келуде.

Сонымен бірге, алдағы жылдары темекі бизнесі клиенттерінің қатары күрт сирейді деп күтілуде. Өйткені 2020 жылдан бастап, Қазақстан міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне түпкілікті түрде көшпек. Ол жүйенің жетілдірілуі барысында өз денсаулығын өздері бүлдірушілерге, соның ішінде әсіресе, шылымқорлар мен маскүнемдерге медсақтандыру көлемі аса қымбатқа түсуі ықтимал.

Оның үстіне бір қорап шылымның бағасы биылдың өзінде 11%-ға көтерілді және бұл қымбаттау жалғаспақ.

2018 жылғы 16 қарашада "Фильтрлі, фильтрсіз сигареттерге және папиростарға ең төмен бөлшек сауда бағаларын белгілеу туралы" ел үкіметінің № 751 қаулысы шықты. Ол темекінің ең төменгі бағасын қайта жоғарылатып, темекіқұмарлар қалтасын қағатын болады. 

Сонымен, фильтрлі, фильтрсіз 20 сигареттің (бір қорап) және папиростардың бөлшек саудадағы ең арзан деген бағасы 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап, 30 маусым аралығында – 380 теңге, 2019 жылғы 1 шілдеден 31 желтоқсанды қоса алғанға дейін – 400 теңге, 2020 жылғы 1 қаңтар – 30 маусым аралығында – 420 теңге; 2020 жылғы 1 шілдеден – 31 желтоқсан аралығында – 440 теңге, 2021 жылғы 1 қаңтардан – 30 маусым аралығында 460 теңге, 2021 жылғы 1 шілдеден – 31 желтоқсан аралығында 480 теңге, 2022 жылғы 1 қаңтардан – 30 маусым аралығында – 500 теңге, ал 2022 жылғы 1 шілдеден – 520 теңге мөлшерінде белгіленді.

Бүгінде ең қымбат темекі Жезқазғанда: бір қорабы үшін ең кем дегенде 416 теңгеден сұралады. Одан кейін елорда (413 теңге), Қостанай (407 теңге) орналасқан.

Алайда ең көп қымбаттау Алматы қаласында тіркеліп отыр: онда саудагерлер ағзаны улайтын бұл өнімнің бағасын бірден 14,5%-ға көтеріп жіберген. Ең төмен баға Павлодарда тіркелді және бір қорабы үшін 373 теңгені құрайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу