Азия ойындарының алтыншы алтынын каратэші ару алды

Каратэден 68 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Гузалия Гафурова ел қоржынына алтыншы алтынды салды.

27 Тамыз 2018 11:49 Автор: Маруан Түсіп
Азия ойындарының алтыншы алтынын каратэші ару алды, Жазғы Азия ойындары, жүлде, алтын медаль, Гузалия Гафурова, каратэ
Фото: olympic.kz

Каратэден қыз-жігіттеріміздің жүлде алып, жеңімпаз болып жатқандары қуантады. Себебі каратэ соңғы жылдары ғана Олимпиада ойындары бағдарламасына енген. Осы спорт түрінен бүгінге дейін күміс пен қола алсақ, бүгін алтынға да қол жеткіздік.

Гузалия Гафурова әуелі өзбек қызын ұтып, ширек финалдағы шиеленісті жекпе-жекте тек қосымша көрсеткіштер арқылы Иран спортшысынан да өтті. Жартылай финалда Вьетнам үмітін ұтты. Ал финалда Қытай үздігі Тан Линлинмен кездесіп, 2:0 есебімен басым түсті.

Бұл біздің – алтыншы алтынымыз. Әрі бірінші рет «бұрымды» спортшымыз жеңімпаз атанып отыр. Бұған дейін тек жігіттер алтынмен аптылып еді. Сонымен қазір қоржынымызда – 42 жүлде (6 алтын, 8 күміс, 28 қола).

Жалпы командалық есепте бұрынғысынша 11-орындамыз. Алтын саны бойынша өзбектерді бүгін де қуып жеттік. Алайда олардың күмістері артық болып тұр (11 күміс). Кім біледі, бәлкім кешке де басып озып, ондыққа да ілігерміз

Маруан Түсіп