Азияның "Шенгені" немесе "Жібек виза" қашан іске асады

16312

Орталық Азия елдері үшін ортақ виза жасау өзекті мәселеге айналып келеді.

Азияның "Шенгені" немесе "Жібек виза" қашан іске асады

Орталық Азиядағы бес "станның" қарым-қатынастары соңғы ширек ғасырда мінсіз болды деуге келмейді. Мұнда жер үшін де, су үшін де дау болып, этникалық қақтығыстарға жол берілді. Бірақ, қазір жағдай өзгеріп келеді. Ұлыбритания Еуропа одағынан шығуға әзірленіп, "Қарт құрлықтағы" алып интеграциялық блоктың болашағына қауіп төнгенде, Орталық Азия мемлекеттері бір-бірі үшін шекараларын айқара ашып жатыр. Тіпті аймақ елдері күндердің-күнінде өзінің  "шенгендік аймағын" құрады деген үміт бар.

Мәселен, биыл наурыз айында Тәжікстан мен Өзбекстан қатаң визалық режимнен бас тартты. Екі мемлекет арасындағы шекараның жабылуына 1992-1997 жылдары Тәжікстанда болған азаматтық соғыс пен Рогун ГЭС-і төңірегіндегі дау себепші. Ташкент бұл гидростанция салынса, Өзбекстан су тапшылығына тап болады деп қауіптенді. Ал, бүгінде екі ел азаматтары визасыз қатынай алады.

Ықылым замандарда Ұлы Жібек жолы Орталық Азия аумағынан өткені белгілі.  Кейінгі кездері осынау тарихи феноменмен байланысты турларға әлемдік нарықта сұраныс артып келеді. Сондықтан, туристер үшін Орталық Азияда ортақ визалық кеңістік құру жоспарланып отыр.

"Жібек жолы" деп аталатын  саяхатшылық визасын жасау мәселесі тамыз айында ТМД елдері Туристік кеңесінің Душанбеде өткен кездесуінде талқыланды. Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрайымы Майнюра Мырзамадиева мәлімдегендей, алғашқы кезде "Жібек жолы" визасы Қазақстан мен Өзбекстан үшін қолданылады.  Ал, Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан бұл идеяны зерттеп, осы бағытта жұмыс істеп жатыр.

Орталық Азияның ортақ визалық режимін құру мәселесін ТМД Туристік кеңесінің 2019 жылы Самарқандта өтетін кезекті жиынында тағы да талқылау жоспарланып отыр.

Бірқатар сарапшының ойынша, Орталық Азия елдері үшін ортақ визалық кеңістік құру Шенгеннің баламасын құрумен тең. Әрі мұндай виза жасау – өмір талабы. Өйткені, қазір дүниежүзінде туризм индустриясы өркендеп келеді. Әсіресе, Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи ескерткіштер мен ажары кетпеген, сыны бұзылмаған табиғатқа қызығушылық ерекше.

Саяхат саласы мамандарының пікірінше, бір сапар кезінде әр ел үшін жеке виза сатып алу ақылға қонымсыз шешім. Ал, "жібек визаны" иеленген турист Орталық Азияның бір республикасынан екіншісіне емін-еркін бара алады. Оның үстіне, Еуропада туризмнің дамуы Шенген аймағының сәттілігін дәлелдеп берді.

Тағы бір айта кететін жайт, қарашаның ортасында Шымкентте өткен аймақаралық форумда Қазақстан мен Өзбекстан өзара визалық режимдерді мойындау туралы келісімге қол қойды. Сол кезде хабарланғандай, Қазақстанға келген шетелдік туристер Өзбекстан аумағына еш кедергісіз өте алады. Ал, Өзбекстанға барған саяхатшылар біздің елге қиындықсыз аяқ басады. Келешекте жаңа келісімге Жібек жолы бойындағы  Тәжікстан мен Қырғызстан да қосыла алады. Тіпті Орталық Азияның ең жабық мемлекеті – Түркіменстан ортақ визаға әзірге қызығушылық таныта қоймаса да, оның президенті Гурбангулы Бердімұхамедов биыл сәуірде Ташкентке сапар шегіп, Өзбекстанмен қатынасын жақсартуға ниет байқатты.

Өзбектің кейбір туристік компанияларының айтуынша, ортақ визалық режим орнаса,  Қазақстанның туризм бизнесі Өзбекстанның тарихи орындарын тамашалағысы келетін шетелдіктердің санын көбейтуге септігін тигізер еді.  Сонымен қатар, биыл шілде айында туризм секторын дамыту мақсатында Өзбекстан әлемнің 101 елі үшін электрондық виза енгізді.

"Дегенмен, мен мұны аймақтық интеграцияның бастамасы деп ойламаймын. "Бірнеше адам" өңірлік ынтымақтастықты ілгерілетуге әрекеттенгенімен, сол ынтымақтастықтың орта жолда тоқтап қалмайтынына кепілдік жоқ. Орталық Азияға Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығы  (ASEAN) тәрізді  тығыз экономикалық байланыс қажет", – дейді Мәскеудегі Карнеги орталығының Орталық Азия жөніндегі сарапшысы Рафаэль Саттаров ozy.com сайтына берген сұхбатында.

Болашақ кейде өткенге көз жіберуді қажет етеді. Мәселен, Кеңес одағы тұсында Орталық Азия республикаларының арасында 70 жыл бойы шекаралық бекеттер болған жоқ. Сондықтан, аймақ елдері  қазіргімен салыстырғанда бір-біріне еркін қатынады. Арада 27 жыл өткенде бұл мемлекеттерді тікенді сым мен бетон посттар бөліп тұрса да, сол империяға емес, сол "шенгенге" ұмтылыс қайта байқалып отыр.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу