БАӘ-ға барғанда нені естен шығармаған жөн

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
9873

Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісі қазақстандықтарға кеңес берді.

БАӘ-ға барғанда нені естен шығармаған жөн

Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісі Қайрат Лама Шариф БАӘ-ға келуді жоспарлап отырған қазақстандықтарға кеңес берді.

Еске сала кетер болсақ, 2018 жылдың 10 наурызынан бастап Қазақстан азаматтарының БАӘ-ға визасыз бару режимі күшіне енеді. 

"Біріккен Араб Әмірліктерінде демалуды жоспарлап отырған құрметті Қазақстан азаматтары! Өздеріңіз білесіздер, 2018 жылдың 10 наурызынан бастап Араб Әмірлігіне баратын Қазақстан азаматтары үшін визасыз режим басталады. Осыған байланысты БАӘ-ге келген кезде қолайсыз жағдайларға тап болудан сақтандыратын жалпы ережелермен және практикалық кеңестермен танысуларыңызды сұраймыз", – деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

Шекараға кірмес бұрын жол жүру құжаттарының жарамдылығын тексеріп алуға кеңес беріледі.

Шекарадан өткенде Қазақстанның барлық азаматында жеке төлқұжат болуы керек және олардың барлығы дерлік жалпы режимдегі төлқұжат бақылауынан өтеді.

Сонымен қатар елші БАӘ-нің ішкі  заңнамасына сәйкес Араб Әмірліктеріне ата-анасымен баратын балалардың  жеке төлқұжаты болуы керек,  ал ата-анасының төлқұжатына жазылған балаларға шекарадан өтуге рұқсат берілмейді.

Қазақстан азаматтары 30 күн өткеннен кейін БАӘ аумағынан кетуге тиіс. Бұл елде болу мерзімі бұзылған жағдайда жергілікті заңнама бойынша бірінші күні 200 дихрам, (ҚР Ұлттық банктің ресми бағамы: 1 дихрам-89,12 теңге) қалған күндерге 100 дихрам мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады.

БАӘ аумағында жұмыс істеу үшін президенттік виза немесе жұмыс визасы рәсімделуге тиіс. Визасыз режим бойынша коммерциялық, еңбек қызметін іске асыруға мүлдем тыйым салынған. Егер заңсыз жұмыс істеу анықталатын болса, онда БАӘ-ның еңбек және көші-қон туралы заңына сәйкес жұмыскерге және жұмыс берушіге де әкімшілік айыппұл салынады, сондай-ақ бір айдан алты айға дейін түрмеге отырғызу, одан кейін кері қайтаруы мүмкін.

"Айтылған қарапайым кеңестер Араб Әмірлігінде жайлы демалуларыңызға септігін тигізеді деп ойлаймыз", – деп атап кетті Қайрат Лама Шариф.

Қазақстан азаматтарының БАӘ-ге визасыз бару режимі туралы келісім 2018 жылдың 10 наурызынан бастап күшіне енетіні 9 ақпан күні белгілі болды. 

"Қазақстан халқын 2018 жылдың 10 наурызынан бастап Араб Әмірлігіне баратын Қазақстан азаматтары үшін визасыз режим басталатынымен құттықтаймыз. Әмірлікте жақсы демалуларыңызға тілектеспіз", – деп БАӘ елшілігінің twitter-аккаунтында жазылған.

Бұдан бұрын Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов министрлік осы келісімді бекіту бойынша жұмыс жасап жатқанын айтқан еді. "Курорттық кезең басталғанда Араб Әмірлігі шекараны қашан ашады, келісімді қашан бекітеді деген сауал бізге үнемі қойылады. Біз өзімізге қатысты жұмысты атқарып, келісімді бекіттік. Алдағы уақытта БАӘ құрамына кіретін барлық әмірлік өздерінде келісімді бекітіп, ол туралы бізге хабар береді деген жоспар бар. Бұл барлық қазақстандық турист үшін  жақсы жаңалық болары анық",– деді Қайрат Әбдрахманов.

Келісімді қабылдау рәсімінің аяқталғаны жөнінде ҚР СІМ баспасөз-хатшысы Әнуар Жайнақов та мәлім етті.

"Қазақстан мен БАӘ екі мемлекет арасында екі елдің жалпы азаматтық төлқұжатқа ие азаматтар үшін Астанада мамыр айында қол қойылған 30 күнге дейінгі виза талаптарын жою туралы келісімге сәйкес мемлекетішілік рәсімдерді аяқтады", – деп жазды ҚР СІМ баспасөз-хатшысы Әнуар Жайнақов өзінің Facebook-тегі парақшасында. Қазақстандықтардың БАӘ аумағына кіру мүмкіндігі туралы хаттамаға ҚР сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов пен БАӘ шейхі Абдалла бен Заид әл Нахайан 2017 жылдың мамырында қол қойған болатын. Қазақстанда 30 күнге дейін табан тірейтін БАӘ азаматтары үшін визасыз режим 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген.

БАӘ қазақстандықтар арасында туристік бағыттағы танымал Түркия мен Таиландпен қатар елдердің қатарына кіреді.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу