Бағам белгілеудің жаңа шарты пайда болады

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
5630

Т+1 жүйесі валюта нарығының тұрақтылығын арттырады.

Бағам белгілеудің жаңа шарты пайда болады

Ұлттық банк 10 қыркүйектен бастап KASE арқылы доллар сату мен ресми бағам белгілеу шартына өзгеріс енгізеді. Бұл туралы Ұлттық банктің ресми ресурсында жарияланды.

Алдағы уақытта теңгенің долларға қатысты ресми бағамы биржадағы екі сессияның орташа бағамы негізінде белгіленеді.

"Бағам белгілеудің талабы өгермейді. Алайда "USDKZT_TOD" (мәміле жасалған күнгі есеп айырысу) секторынан "USDKZT_TOM" (мәміле жасалғаннан кейінгі күнге арналған есеп айырысу) секторына өзгереді", – деп жазылды Ұлттық банктің сайтында.

Бұл – Ұлттық банктің Қазақстан қор биржасындағы валюталық операциялары "USDKZT_TOM" секторында Т+1 есеп айырысу жүйесі арқылы жүзеге асырылады деген сөз. Айта кетейік, Т+1 есеп айырысу жүйесі әлемдік қаржы нарығында үлкен сұранысқа ие. Аталмыш жүйе әлем бойынша қаржы операцияларын жүргізудің қолайлы әрі тиімді тәсілі деп мойындалған.  

Ұлттық банк қолданыстағы Т+0 жүйесінен Т+1 жүйесіне көшу арқылы әлемдік қаржы нарығымен ықпалдастығын арттырады. Шет мемлекеттерден портфельдік инвестиция тартып, өтімділіктің ұлғаюына ықпал етеді.

Т+1 жүйесі еліміздің мемлекеттік бағалы қағаздар нарығына да серпіліс әкеледі.

Ұлттық банктің хабарлауынша, Қазақстан өткен айда Clearstream халықаралық есеп айырысу жүйесіне қосылған. Жаңа жүйе ел заңнамасы негізінде теңгемен шығарылған барлық мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша есеп айырысуға және инвесторлардың Қазақстан қор нарығының ойыншысы атануына мүмкіндік береді. Бұған қоса шетелдіктердің Қазақстанның мемлекеттік облигацияларына деген қызығушылығын туғызып, сұранысын арттырады және бағалы қағаздар нарығын алға ілгерілетеді.

Clearstream халықаралық есеп айырысу жүйесі Deutsche Börse Group тобына кіретін бағалы қағаздардың халықаралық орталық депозитарийі ретінде танылған. Ол дүниежүзі бойынша пост-трейдингтік қызмет көрсетеді.

Айтпақшы Т+1 жүйесі валюта нарығындағы ауытқушылық пен құбылмалықтың алдын алуға да жағдай жасайды. Тап қазір Қазақстанға керегі осы болып тұр.

Бұған қатысты KASE-де ресми мәлімдеме жасады. 

"Шетел валютасы нарығында еркін айналымдағы теңгеге көрсетілетін қысымды азайту мақсатында биржаның ішкі құжаттарына өзгеріс енгізілді. Биржа үшін таңғы сессия - негізгі, күндізгі сессия – қосымша болып саналады. KASE-нің басқа нарығында бұл ұғым қолданылмайды. Болашақта KASE арқылы доллар сату мен ресми бағам белгілеу жаңа талап бойынша атқарылады", – деп хабарлады қордың сайты.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу