Бағамға болжам

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
11654

Сарапшылар теңгенің 2018 жылғы тағдырын таразылады.

Бағамға болжам

Жыл аяқталар тұста мамандар түрлі болжам жасайды. Оның бірі дұрыс, бірі бұрыс болады. Қалай десекте қарапайым халық сарапшылардың сөзіне құлақ асады. Осының айқын айғағы деп білерсіз, әркім өзінің көңіліне қонған пікірге сай әрекет етеді.

Бүгінгі таңда сарапшылардың теңгенің тағдырына қатысты пікірі екіге жарылып тұр. Бірі 2018 жылы ұлттық валютаның бағамы тұрақты болады десе, екіншісі мұны жоққа шығарып, құбылады дегенді алға тартып отыр.

Айта кетейік, жыл басынан бері ұлттық валюта бағамы бір долларға 330-343 теңге аралығында теңселіп жүрді.

Жасыратыны жоқ, АҚШ тарапынан Ресейге салынған санкцияның салқыны теңге мен рубльге де тиді. Маусым айының соңында теңгенің долларға шаққандағы бағамы 321-326 кейде 327 аралығында өзгеріп тұрды.

Falconry Capital директорлар кеңесінің төрағасы Бақыт Ниязовтың пікірінше, 2018 жылы теңге мен рубль бағамына Ресейге салынған санкция айтарлықтай әсер етпейді. Екі елдің ақшасының құнын мұнай бағасы ғана құбылта алады.

"2018 жылы теңге бағамы тұрақты болады. Бір доллар шамамен 300-350 теңге аралығында саудаланады", – деді Бақыт Ниязов.

Естеріңізде болса 2017 жылдың ортасында елімізді девальвацияның дақпырты кезді. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанның қаржы нарығындағы жағдай тұрақты деп берген есебі қарапайым халықтың көңіліне сенім ұялатқан жоқ. Осы уақытта сала мамандары ұлттық валюта күзге қарай құнсызданып, бір доллар 400-420 теңгені құрайды дегенді алға тартты. Ал ақиқатында бас банкирдің сөзі рас болып шықты. Елде девальвация болған жоқ.

Дегенмен биыл болмаған девальвация жаңа жылда болуы мүмкін екен. Мұндай жағымсыз пікірді Finam инвестициялық компаниясының Қазақстандағы бөлімшесінің сарапшысы Станислав Лимаренко білдірді. Оның ойынша, 2018 жылы бір доллар 400 теңгеге жетіп жығылуы мүмкін.  

"Кім, қалай деседе, теңге долларға тәуелді. Таяуда Forex мөлшерлемені 1,5%-ға көбейтті. Бұл алдағы уақытта доллардың нығаятындығының белгісі. Өздеріңіз білетіндей, доллар күшейсе басқа валюталар әлсірейді. Бұл жерде сату мен сатып алуға да назар аудару қажет. Біз көп сатып аламыз, аз сатамыз. Осыдан теңгерім жоғалады. Біз мұнайдың бағасына тәуелдіміз. Қазір оның баррелі 64 доллардан сатылып жатыр. Әрине бүгінгі таңда бұл баға теңгеге ықпал ете алмайды. Бірақ уақыт өте келе жағдай өзгеруі мүмкін. Ресми мәлімет бойынша, биылғы жылдың соңғы 10 айында Ұлттық қордың қаржысы 10,6%-ға азайған. Мұның сыртында молдовалық кәсіпкер Анатол Статидің сотқа шағымдануына байланысты Bank of New York Mellon Ұлттық қордың 22 млрд долларын бұғаттап тастады. Біздің болжам бойынша, Ұлттық қордың қаржысына қатысты мәселе оң шешіледі. Бірақ бұл жайт теңгенің бағамын ұстап тұруға әсер ете алмайды", – деп қорытты ойын Станислав Лимаренко.

Ал "Талап" қолданбалы зерттеу орталығы" қоғамдық қорының директоры, экономист Рахым Ошақбаев теңгенің 2018 жылғы бағамы Ұлттық банк ұстанатын саясатқа тікелей байланысты екенін алға тартты.

"Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында теңге бағамына қатысты түсініксіз жағдай орын алды. Кейін жағдай тұрақталды. Келесі жылы бір доллар қанша теңге тұратынын қаржылық реттеуші шешеді, өйткені ол оған тікелей ықпал етеді", – деді экономист.

Рахым Ошақбаевтың ойынша, Қазақстан теңге бағамын реттеу саясатына қайта оралуы керек.

"Бірінші кезекте валюта құбылмалығын шектеу қажет. Инфляцияны таргеттеу саясаты ұлттық экономикамызға тиімді болып тұрған жоқ.

Бұл саясат дамыған елдерде ғана жақсы жұмыс істейді. Ал бізде валюталық табыстың 50%-ға жуығы мұнай экспортынан түседі. Мұнай бағасы құбылмалы екені бәрімізге мәлім. Сәйкесінше экспорттық табыс деңгейі де тұрақсыз", – деді ол.

Теңге бағамын тұрақтандыруда Ұлттық банк шешуші рөл атқарған. Осы турасында экономист: "Ұлттық банк теңге бағамын тұрақтандыруда түрлі құралдарды қолданды. Бірақ түбегейлі шешім қабылдаған жоқ. Келесі жылы теңге әлсірейді немесе күшейеді деп кесімді пікір білдірген дұрыс емес. Себебі барлығы нарықтағы жағдайға байланысты болады", – деді.

Рахым Ошақбаевтың сөзінше, дәл қазіргі жағдайда Қазақстанның ұлттық валютасы еркін айналымда деп айту қиын. Өйткені теңге массасын Ұлттық банк басқарып отыр.

"Банк Kassa Nova" АҚ-ның аға сарапшысы Санжар Қабжанов 2018 жылы ақша саясатын түрлі валютада жүргізген тиімді болатынын алға тартып: "2018 жылы теңге мен доллар жұбының бағамы қандай болатынын тап басып айта алмағандықтан, қарапайым халыққа жинақтарын мультивалюталық депозитте сақтауға кеңес беремін", – десе, "Казкоммерц секьюритиз" АҚ активтерді басқару департаментінің директоры Әнуар Байкенов теңге бағамының құбылуына алыпсатарлар да айтарлықтай әсер ететінін айта келіп: "Мұнайдың қазіргі бағасы мен теңге бағамы дәл осылай сақталатын болса, ел экономикасына кері әсерін тигізбейді. Қазір инфляция деңгейі көңіл көншітіп тұр. Теңгедегі инвестиция көлемі де айтарлықтай. 2018 жылға алдын ала болжам жасайтын болсақ, орташа бағам 1 долларға 330-345 теңге шамасында болады. Біздіңше инвесторларға және қалың көпшілікке жинақтарының 70% -ын - теңгеде, 30%-ын - шетел валютасында сақтаған тиімді болады", – деді. 

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу