Байқоңыр тұрғындарына Қазақстан медицинасы қолжетімді болады

Сенаттың жалпы отырысында халық қалаулылары тиісті заңды қабылдады.

06 Қыркүйек 2018 12:15 Автор: Фархат Әміренов
Байқоңыр тұрғындарына Қазақстан медицинасы қолжетімді болады, Байқоңырдағы Қазақстан азаматтары, медициналық қызмет, Ресей , жалға алу

Осы уақытқа дейін Байқоңыр қаласында тұратын Қазақстан азаматтары медициналық көмекті Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес алып келді. Олар тек Ресейдің медициналық ұйымдарына ғана жүгінетін. Өйткені, екі ел үкіметтері арасындағы келісім осындай. Бұл келісім 2009 жылдың қарашасында бекітілген болатын.

Осы орайда, Қазақстандағы медциналық көмектің ерекшеліктеріне байланысты Байқоңыр тұрғындарына ел заңнамасына сәйкес тегін медициналық көмек алу құқығы қарастырылмаған. Дәрі-дәрмекті және медициналық мақсаттағы басқа да бұйымдарды тегін алу да мүмкін емес болатын. Ал сенаттың бүгінгі жалпы отырысында қабылданған тиісті заң Байқоңыр тұрғындарына Қазақстан медицинасын қолжетімді етпек.

Сенат депутаттары «Байқоңыр» кешенін жалға алу жағдайында ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімге өзерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.

Бүгінде Байқоңырда 48 мыңнан астам адам тұрады.

«Байқоңыр тұрғындарында қолжетімді жоғары мамандандырылған медициналық көмекті алу мүмкіндігі жоқ. Бұл мүгедек адамдардың өмірінің және жалпы өмір сүру сапасының төмендеуі қаупін ұлғайтады. Қолданыстағы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама жобасы Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінде тұратын Қазақстан азаматтарына ұлттық заңнамаға сәйкес, Қазақстан денсаулық сақтау мекемелерінің медициналық қызмет көрсетуіне мүмкіндік береді», – деді Елжан Біртанов.

Еске сала кетейік, 2016 жылдың 12 тамызында Байқоңыр қаласында Қызылорда облыстық медициналық орталығының филиалы пайдалануға берілген болатын. Ал 2018 жылдың қаңтарында қалада 30 мың адамға қызмет көрсететін емхана ашылды. Қазіргі уақытта бұл емханаға 19 мыңнан астам тұрғын тіркелген. 2019 жылы емханада хирургия және жан сақтау бөлімшелерін ашу жоспарланып отыр.

«Емханада сегіз дәрігерлік учаске ашылды. Олардың бәрі қажетті дәрігерлермен және арнайы мамандармен қамтамасыз етілген. Биыл емхананың жұмысына бюджеттен 189 млн теңге бөлінді. Ал жергілікті бюджеттен бөлінген 64 млн теңгеге емхананы заманауи тұрғыда жарақтандыру жоспарланған. Тұрғындарды амбулаторлық дәрімен қамтамасыз етуге 96,5 млн теңге қарастырылған», – деді Елжан Біртанов.

Атап өтерлігі, Байқоңыр қаласының аумағындағы қазақстандық медициналық ұйымдардың қызмет көрсету құқығын бекіту хаттама күшіне енгеннен кейін мүмкін болмақ.

Сенатор Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, Байқоңырда медициналық қызмет құны тым жоғары. Бұған қаладағы коммуналдық қызметтер тарифінің жоғары болуы кері әсер етіп отыр.

«Байқоңырда электр энергиясы, сумен жабдықтау секілді коммуналдық қызметтердің тарифі айтарлықтай жоғары. Жалпы, Байқоңыр аумағындағы қызметтердің бәрі бізбен салыстырғанда 3-4 есе қымбат. Сондықтан Байқоңыр тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтерге бөлінетін қаржы көлемін арттыру керек деп есептейміз. Оларға қызмет көрсететін медициналық мамандардың да санын ұлғайту керек», – дейді Мұрат Бақтиярұлы.

Еске сала кетейік, Ресей Қазақстанның «Байқоңыр» кешенін жалға алып отыр. Бұл кешенге Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағы кіреді. Қала тұрғындарының 60%-дан астамы – Қазақстан азаматтары.

Фархат Әміренов