Баламасы жоқ жоба

3654

Шымкентте жылына 6 млн дана қосалқы бөлшек шығаратын зауыт пайда болды.

Баламасы жоқ жоба

"Аспан" сауда белгісімен пластикалық есік пен терезе шығаратын "Триумф Завод ММС" серіктестігі Шымкент қаласында есік пен терезеге қосалқы бөлшек жасайтын зауыт ашты.

Елімізде бұрын-соңды есік пен терезеге арнап бекіткіш, бұранда, тұтқа, топса, ілгек, күрмек сынды қосалқы бөлшек әзірлейтін зауыт болмағандықтан, бұл - баламасы жоқ жоба саналады.

Су жаңа зауыт соңғы технологиямен жабдықталған. Мұнда Германия мен Түркиядан әкелінген техника арқылы жылына 6 млн дана қосалқы бөлшек шығарылады.

Зауыттың ашылу салтанатына алыс-жақын шетелдердің кәсіпкерлері келді. Олар Шымкентте шығатын қосалқы бөлшектердің сапасына жоғары баға берді.

"Осыған дейін "Аспан" сауда белгісімен шығарылған есіктер мен терезелерге Қырғызстан жоғары сұраныс жасап келді. Болашақта қосалқы бөлшек  сатып алуды да жоспарлап отырмыз.  Қосалқы бөлшектердің бағасы қымбат емес, ал сапасы Түркияда шығатын қосалқы бөлшектермен бірдей", – деді қырғызстандық дистрибьютер Абос Исраилов.

Тәжікстаннан келген кәсіпкер Ибрагим Хасанов қосалқы бөлшектерді шетелден емес, Қазақстаннан алу туралы шешім қабылдағанын тілге тиек етіп: "Сіздерде өндіріліп жатқан өнімдер ыстыққа да, суыққа да төзімді екен. Сапасы да керемет. Енді шетел асудың қажеті жоқ, біз сіздермен серіктес боламыз, сіздердің тауарларыңызды аламыз", – деді.

Расында құрылыс нарығын жаппай жаулап алған түркиялық тауарды дүкен сөрелерінен түре қуып шығатын кез келді. Оның орнына отандық өнім самсап тұрса деген тәтті тілек бар бізде.  

"Зауытта шығарылатын бөлшектерге қажетті шикізаттың барлығын отандық  кәсіпорындардан аламыз. "Қазмырыш"  мыспен, мырышпен, алюминиймен қамтамасыз етіп отыр. Біз "Қазмырыш" ұсынған шикізатты индукциялық пеште, 500 градус ыстықта балқытып, замак материалын аламыз. Содан қосалқы бөлшек жасаймыз. Бөлшектерді гальваникалық бояумен бояймыз", – деді "Триумф завод ММС" ЖШС директоры Нұрқасым Ақылбекұлы.

Оның сөзінше, "Триумф Завод ММС" болашақта отандық нарықтың 70%-ын жаулап алады.

"Біз шаршамай, шалдықпай еңбек етеміз. Қазақстаннан бөлек Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріне сапалы тауар жеткіземіз. Уақыт өте келе өз нарығымыздың 70, көрші елдердің 30% нарығын жаулап аламыз", – деді "Триумф завод ММС" ЖШС директоры.

Жобаның жалпы құны 1 млрд  теңгені құрайды. Бүгінгі таңда зауыт 50 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жыл соңына қарай екінші цех іске қосылады. Сол кезде жұмыс күші екі есеге ұлғаяды.

Айғаным Дәулет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу