"Банкомат ақша бермейді"

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
6863

Abctv.kz тілшісі Halyk Bank Астана өңірлік филиалының директоры Жанар Рахимовадан мәселенің мән-жайын біліп қайтты.

"Банкомат ақша бермейді"

"Бүгін, 27 шілде сағат 14:00-ден бастап, 30 шілдеге дейін Қазкоммерцбанкпен интеграциялануға байланысты банкоматтар мен POS-терминалдардың қызметі тоқтатылады. Қажет болатын болса, осы уақытқа дейін ақша алып үлгеріңіздер. Келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз", – деп WhatsApp арқылы хабарлама таратқан Қазақстан халық банкі Астана өңірлік филиалы екінші дербес сервистік орталығының бас менеджері Айнұр Өтеубаева қарапайым халықты дүрліктіріп қойды.

Жасыратын несі бар, жұрттың барлығы банкомат жағалап кетті. Ұзын-сонар кезекте тағаты таусылғандар банкоматты да, банкті де тілі жеткенше түйреді. 

Біз не де болса көрейік деп, банкоматқа 14:00-ден кейін бардық. Ақша беретін "темір жәшік" талабымызды бірден және тиісінше орындады. Бізге шикіліктің қайдан шыққанын анықтау ғана қалды. Жоспарымызды жүзеге асыру үшін Halyk Bank Астана өңірлік филиалының директоры Жанар Рахимованың қабылдауына телефон шалдық. Бірнеше сағаттан соң директордың қабылдауында отырдық.

Жанар Рахимованың айтуынша, Айнұр Өтеубаева шынымен Халық банктің Астана өңірлік филиалының екінші дербес сервистік орталығында бас менеджер болып жұмыс істейді екен.  

"Өкінішке қарай, банк қызметкері абайсызда қате ақпарат таратқан. Осыған орай Астана өңірлік филиалының директоры ретінде қызметкердің қателігі үшін клиенттерімізден ресми кешірім сұраймын. Бүгін Qazkom-ның бөлімшелері, ертең және демалыс күні Halyk Bank-тің стационарлық бөлімшелері, яғни филиалдар жұмыс істемейді. 30 шілдеден бастап барлығы қызметін тиісінше атқарады. 27-28-29 күндері банк бөлімшелері жабық болады деген ақпарат таратқысы келген қызметкер банкоматтар жұмыс істемейді деп қателікке бой алдырған. Шын мәнінде Qazkom-ның да, Halyk Bank-тің де банкоматтары қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Halyk Bank-тің myhalyk интернет-банкингі мен Qazkom-ның homebank.kz жүйесі де міндетін мінсіз атқаруда. Ақша аударымдары шектеусіз жөнелтіліп, коммуналдық төлемдер кедергісіз қабылдана береді", – деді Жанар Рахимова.

Директордың мәлімдеуінше, қарапайым халықты әбігерлендірген банк қызметкері қаржы ұйымының ішкі тәртібі бойынша жазаланады.

Қате ақпарат WhatsApp-та қалай пайда болды деген сұрағымызға Жанар Рахимова: "Дербес сервистік орталықтың менеджерлері клиенттермен жұмыс істейді. Олар клиенттерге банк жүйесіне қатысты ақпараттарды, өзгерістерді, жаңалықтарды жіберіп отырады. Меніңше, клиентке жолданған ақпарат мессенджердегі топтар арқылы тұтас елге тарап кеткен", – деп жауап берді.

Оның сөзінше, бұдан былай Qazkom мен Halyk Bank-тің клиенттері ортақ болады. Яғни Qazkom-ның клиентіне Halyk Bank-те, Halyk Bank-тің клиентіне Qazkom-да барлық сұрақтар мен мәселелер бойынша қызмет көрсетіле береді.

"Екі банкті интеграциялау арқылы біз бірыңғай технологиялық платформаға көшеміз. Бұдан былай Астанада Qazkom мен Halyk Bank-тің 41 бөлімшесі болады. Қызмет көрсету сапасын арттыруға ерекше назар аударамыз. Клиенттерге жаңа қызмет түрлерін ұсынамыз. Qazkom мен Halyk Bank-те ортақ саясат болады", – деді Жанар Рахимова.

Оның айтуынша, Qazkom мен Halyk bank "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ-ның ең ірі қатысушысы. Сондықтан клиенттердің көңілі күпті болмауға тиіс.

"Клиенттерге қызмет көрсету саласында ешқандай қиындық немесе кедергі болмайды. Qazkom мен Halyk bank-тің клиенттері бұрынғы төлем карточкаларын қолдану мерзімі аяқталғанша пайдалана береді. Осыған дейін ашылған депозиттердің, алынған несиелердің шарттары өзгермейді. Онлайн-банкинг те бұрынғыша жұмыс істейді", – деп қорытты аbctv.kz тілшісіне берген сұхбатын Halyk Bank Астана өңірлік филиалының директоры.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу