Банкроттықтан өткендер банктен несие рәсімдей алмайды

3931

Банктер мен ломбардтарды клиенттің қарызын кешіруге мәжбүрлейтін заң дайын.

Банкроттықтан өткендер банктен несие рәсімдей алмайды

Қаржы министрінің орынбасары Қанат Баеділовтың айтуынша, Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығын енгізу борышкерлерді заңсыз наразылық акцияларына итермелейтін ауыр жағдайдан құтқаруға септеседі.

– Қаржы министрлігі "Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы" жаңа заң жобасын әзірлеп шыққан екен. Компаниялар тұрмақ, енді азаматтарға да өздерін банкрот деп жариялауға рұқсат етілгелі отыр. Сондай қадамға баратындай, проблеманың ауқымы тым үлкен болғаны ғой?

– Бұл заң жобасын әзірлеуге елімізде борышкер азаматтар қатарының көбеюі, қолданыстағы мәжбүрлеп өндіріп алу тетіктерінің жеткілікті түрде тиімді болмауы, борышкерлерді рұқсат етілмеген наразылық акцияларын өткізуге бастайтын тығырыққа тірелген жағдайы себеп болып отыр.

Егер жеке тұлғалардың кредиттері көлемінің өсу динамикасына көз жүгіртсек, 2018 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша қазақстандықтарға банктер барлығы 4 триллион 259,1 миллиард теңгенің несиесін берген екен. Соның 414,5 миллиарды қайтарылмайтын кредит күйіне көшіп отыр. 1,2 миллион адамның мемлекетке төлеуге тиісті салықтары бойынша қарызы 19,1 миллиард теңгеге жетті. 2013 жылы, бес жыл бұрын бұл сома небары 1,7 миллиард теңге болатын. Мұның сыртында, атқару парағы бойынша өндіріп алу мүмкін болмай қалған борышкер тұлғалардың саны 2014 жылғы 25 мың адамнан қазір 937 мың адамға, ал олардың берешегі 44 миллиард теңгеден 142,8 миллиардқа ұлғайды.

"Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы" жаңа заң жобасының мақсаты жеке тұлғалар банкроттығының нақты әрі түсінікті рәсімдерін әзірлеу, қазақстандықтардың қарызын реттеу проблемаларын тиімді шешу болып табылады. Бұл – қажеттілігі мен тиімділігін дәлелдеген халықаралық тәжірибе.

– АҚШ-та белгілі рэппер 50 Cent, әйгілі режиссер Фрэнсис Форд Коппола, керім актриса Памела Андерсон, әркім-ақ білетін боксшы Майк Тайсон, дарынды әнші Тони Брэкстон, тіпті АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп осы рәсімді бастан өткерген деседі. Қазақстанда қарыз құрдымына құлаған жан банкроттық тетікті қалай пайдалана алады?

– Заң жобасында бұл тетікті кімдердің пайдалана алатынын анықтайтын өлшемшарт-критерийлер жазылған. Негізгі критерийі сол, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру процесін ашу үшін азаматтың барлық қарызының көлемі, өтініш берген күні, оған тиесілі мүліктің жиынтықты құнынан асып түсуі, ал оның міндеттемелерін орындамау мерзімі үш айдан артық болуы керек. Басқаша айтқанда, өзін банкрот деп жарияламас бұрын азамат өзінің қарызы тек қолында бар табысынан ғана емес, дүние-мүлкі құнынан да аса ма, аспай ма, соны түсініп алуы керек.

Егер борышкердің банктік заем шарты бойынша қарызы болса, ол банкроттық процесін ашпай тұрып, ең алдымен кредит келісімшартының талаптарын өзгертуді сұрап, өз банкіне жүгінуге міндетті.

Заң жобасына сәйкес, жеке тұлғалардың банкроттығы тетігін алаяқтар, яғни алдаумен, өзгелердің сенімін теріс пайдаланумен, сондай-ақ міндеттемелерін қасақана орындамаумен байланысты қылмыстары үшін өтелмеген соттылығы бар тұлғалар қолдана алмайды.

Жеке тұлғаның өзін банкрот деп жариялау процесі "оның төлем қабілеттілігін қалпына келтіру бойынша төл жоспарын құрудан" және "сот шешімі негізінде оның меншігіндегі мүлікті өткізу рәсімінен" тұрады.

Бұл үшін борышкер мемлекеттік кірістер басқармасына (салық мекемесіне) өтінішпен жүгінуі қажет, онда ол ең аз дегенде үш айдан артық уақыт бойы төлемдері тоқтатылған қарызы мен борышының көлемін, қандай активтері барлығын көрсетеді. Соның негізінде басқарма процесті ашу туралы шешім қабылдап, істі қаржы әкімшісіне жолдайды. Ол өз кезегінде ақпарат жинауға кіріседі. Оның қорытындысында "жоспар құру орынсыз" деп бас тартылуы да ықтимал. Ондайда іс сотқа көшеді.

Ал егер бәрі заң талаптарына сай болса, борышкердің төл жоспарын құру кезеңі басталады. Егер борышкер ол жоспарды кейін орындамаса, іс сотқа тапсырылады. Ал егер жоспар жүйелі түрде жүзеге асырылса, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі жүреді.

– Ол жоспар борышқа батқан адамға қандай пайда бермек?

– "Жоспар негізінде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру" рәсімі соттың қатысуынсыз, борышкердің уәкілетті мемлекеттік органға өтініш беруі жолымен жүзеге асатынын айта кеткеніміз жөн. Бұл рәсім қарызды қайта құрылымдауға және қалыптасқан дағдарыстық жағдайдан бірте-бірте шығаруға бағытталған шаралар кешенінен тұрады. Бұл үшін борышкердің тұрақты табыс көзі болуы тиіс.

Жоспарды тәуелсіз кәсіби маман – қаржы әкімшісі құрастырады, ол жоспарға борышкердің және қарыз берушінің (банк, компания, шағын қаржы ұйымы немесе басқаларының) келісімі алынады. Бұл рәсім аясында кредиторлар борышты бөліп төлеуді немесе кейін төлеуді ұсынуға, сондай-ақ өтемақыны, айыппұлдарды жоюға, қарыздың бір бөлігін кешіруге және басқа да шараларды ұсынуға міндетті болады. Әр борышкердің төл жоспарын жүзеге асыру мерзімі 5 жылға ұзайды. Жоспарда бекітілген барлық шараларды орындау борышкер үшін міндетті болып табылады.

– Борышкердің тұрақты кірісі болмаса ше?

– Борышкердің тұрақты табыс көзі болмаса, сонымен қатар, жоспар талаптары бойынша борышкер мен кредиторлар келісімге келе алмаса, жоспарда қарастырылған шараларды борышкер орындамаса, борышкердің адал емес, жосықсыз қарекеттерге бару фактілері анықталса, оның мүлкін сату рәсімі қолданылады. Борышкердің бар құнды мүлкі саудада өткізіледі.

Дегенмен, борышкердің жалғыз тұрғын үйін сатуға шығаруға тыйым салынады. Бұл ол азаматтың кейін баспанасыз далада қалмауы үшін жасалып отыр.

Заң жобасы бойынша сатылудан түскен қаражат кредиторлар арасында кезектілікке сәйкес үлестіріледі, ал қалған борыштың барлығы сот шешімімен есептен шығарылып, жойылады. Яғни, азамат зілбатпан борыш жүгінен арылады. Тек алименттер бойынша борыш, адамның өміріне немесе денсаулығына келтірілген залалды өтеу бойынша қарыздар жойылуға жатпайды.

– Қандай жағдайда қарыз кешірілмеуі мүмкін?

– Заң жобасында азаматты борышынан босатуға кедергі болуы мүмкін жағдайлар нақты айтылған. Бұған дейін жеткізбеуі үшін борышкер келесі жайттарға жол бермеуі қажет: біріншіден, өтірік айтпауы, яғни өзінің қаржылық ахуалы, мүлік-активтері, табыстары мен міндеттемелері туралы жалған ақпарат ұсынбауы керек. Екіншіден, жасырмауы, яғни мүлкін немесе ол туралы ақпаратты жасырып қалуға тырыспауы, қаржы әкімшісінің өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына қандай да бір жолмен кедергі жасамауы қажет. Үшіншіден, соңғы жылда әлденені сатуға және сатып алуына, яғни, сол арқылы өзінің қаржылық жағдайын жасанды түрде нашарлатуына немесе борышының көлемін арттыруына рұқсат берілмейді.

Төртіншіден, процесті ашуға дейінгі үш жыл ішінде ойын-сауық шараларын өткізу үшін заем туралы келісімшарт бекітпеген болуы шарт. Бесіншіден, тұрақты табысы болса, жоспар құрудан бас тарта алмайды.

Осындай жағдайлардың бірі орын алған кезде, борышкер мүлкінен айырылса да, кредиторларға ары қарай қарыз болып қала береді. Яғни, қалған қарызды есептен шығару және жою рәсімі жүзеге аспайды. Тиісінше, кредиторлар одан әрі азаматтық заңнамада белгіленген тәртіпте қарыздарын өтеуді талап етуге құқылы.

Осы салдарлар өз қарыздарын қулық жолымен есептен шығаруға тырысушылар үшін тежеу тетігіне айналады. Өйткені бұл оларды төлем қабілеттілігін қалпына келтіру процесін ашпас бұрын, әбден ойланып шешім қабылдауға мәжбүрлейді

– Ертең осы заң күшіне енсе, 5 триллион қарызы бар қазақстандықтардың көбі "банкрот деп жарияласаң, борышыңды төлемеуіңе болады екен" деп мемкірістер басқармасын, салық органдарын шабуылдайды ғой. Бұл жолға түскендерге жауапкершілік көзделген бе?

– Қолданыстағы статистикалық деректер салық органдарына жүгінуі мүмкін азаматтардың көлемін нақты анықтауға мүмкіндік бермейді. Сонымен бірге, Дүниежүзілік банк сарапшыларының мәліметінше, жеке тұлғалардың банкроттығы рәсімі енгізілген елдерде бірінші жылы келіп түскен өтініштердің саны сонша көп болмаған.

Мысалы, Ресейде 2015 жыл бойында небары 39 мың өтініш, Латвияда бар-жоғы 5 өтініш, Эстонияда 304 өтініш, Литвада 156 өтініш берілген екен. Осы елдердегі халық саны мен өтініштер көлемі бойынша ара-қатысты негізге ала отырып, бірінші жылда бізге шамамен 2 мыңдай азамат жүгінеді деп болжаудамыз. Әрине, бұл тек тұспал, болжам ғана.

Борышкерлердің өз қарыздарын есептен шығаруға жаппай жүгінуіне тосқауыл қою мақсатында, халықаралық тәжірибені ескере отырып, заң жобасында шектеулер енгізу ұсынылады.

Нақтырақ айтсақ, банкроттықтан өткен тұлғалар біріншіден, банктерден кредит ала алмайды. Екіншіден, ол басқа бір адамға гарант, қарызды бірге алушы, кепіл беруші ретінде көмектесе алмайды. Үшіншіден, оған жеке кәсіпкерлікпен айналысуына тыйым салынады, шаруа қожалығын да өз атына аша алмайды.

Төртіншіден, заңды тұлғаларды, жеке кәсіпкерлерді оңалту және банкроттау рәсімдерінде, сондай-ақ өзге Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру процесінде әкімші-администратор қызметімен шұғылдана алмайды. Бесіншіден, оған нотариус, бағалаушы, адвокат, аудитор, медиатор, сот орындаушысы қызметтерімен айналысуына жол жабылады. Бұл шектеулер оның мүлкін сату рәсімі аяқталған күннен бастап, үш жылға созылады. Осы мерзім ішінде ол шетелге саяхаттап не сапарлап шыға да алмайды.

Заң жобасы беретін мүмкіндіктерді теріс пайдаланудың алдын алу мақсатында Қылмыстық кодекс қосымша баптармен толықтырылады. Бұл нормалар банкроттық рәсіміне кредиторлар алдындағы міндеттемелерінен жалтару, қарызын төлемеу үшін жүгінгендерге жаза қарастырады.

Ел үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2018 жылға арналған жоспарына сәйкес, "Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы" жаңа заң жобасы үкіметке осы сәуір айында, ал парламентке маусым айында енгізілуге тиіс.

Бірақ бұл заңды 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгізу жоспарлануда. Себебі, қай азаматтың иелігінде қандай дүние-мүлік барлығы нақты тіркелуі үшін 2020 жылы өмірге жолдама алатын жаппай декларациялау науқанының нәтижелерін күту қажет.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу