Банктер біріге бастады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
11020

Halyk Bank пен "Қазкоммерцбанк" техникалық қосылу процесін бірнеше күннен соң аяқтайды.

Банктер біріге бастады

ТМД аумағындағы ең ірі екі банктің қосылуы аяқталуға жақын. Halyk Group компаниясының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, бүгінде негізгі жұмыстың барлығы атқарылған. Банктер ортақ технологиялық платформаға ауысқан. Сондай-ақ ортақ филиалдар желісі, ортақ өнім түрлері құрылған. Енді ақпараттық жүйелер мен инфрақұрылым жаңартылып  жатыр.

"Қосылу процесінің соңғы күндерінің бірінде, нақтырақ айтсақ, 27 шілдеде "Қазком" бөлімшелері шектеулі режимде жұмыс істейді. Дегенмен банкоматтар желісі, картамен төлем жасау және ақша аудару қызметтері қолжетімді болады. Дүйсенбі, 30 шілде күні банктер клиенттерді барлық бөлімшеде қабылдайды", – делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Halyk Bank-тің директорлар кеңесі "Қазкоммерцбанкпен" қосылу туралы шешім қабылдады. Ал оған дейін, яғни 2017 жылдың шілдесінде Halyk Bank "Қазкоммерцбанктің" белгілі бизнесмен Кеңес Рақышевқа (86,09%) және "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына (10,72%) тиесілі қарапайым акцияларының 96,81%-ын иеленген болатын. Осылайша  Halyk Bank-ті қадағалайтын "Алмэкс" холдингтік тобы" АҚ "Қазкоммерцбанктің" ең ірі акционері атанды. Ал дәл қазіргі уақытта Halyk Bank "Қазкоммерцбанк" акцияларының 69,94%-на, ал "Алмэкс" холдингтік тобы" АҚ-ы 23,13%-на ие.

Halyk Group-тың құрамына Halyk Bank, "Қазкоммерцбанк" және Altyn Bank кіреді. Halyk Group – активтер көлемі бойынша ТМД аумағындағы ең ірі жекеменшік қаржы топтарының бірі. Сондай-ақ Halyk Group Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей елдерінде де жұмыс істейді.

Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, актив көлемі жағынан елдегі 32 банктің ішінен Halyk Bank бірінші, "Қазкоммерцбанк" екінші орынға табан тіреді.  

Естеріңізде болса, осыдан бірнеше күн бұрын Ұлттық банк басшысын қабылдаған ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев банк санының көптігі жақсылыққа апармайтынын ескерткен еді. Бұл ретте елбасы банктерді ірілендіру мәселесіне тоқталған болатын.  

Аңғарғандарыңыздай, соңғы жылдары елімізде банктердің бірігу тенденциясы байқалып отыр. Мәселен бұған дейін Bank RBK мен Qazaq Banki "некелеседі" деген ақпарат тарап еді. Бірақ кейіннен қосылмайтыны белгілі болды. Сол секілді былтыр Tengri Bank пен Capital Bank Kazakhstan бірігу туралы келісімге қол қойды.

Белгілі экономист Сапарбай Жобаевтың пікірінше, банктердің бір-бірімен қосылуының оң және теріс әсері бар. Оң әсері – банктердің проблемалары реттеледі. Ал теріс жағы – екі банк қосылып, іріленеді де, банк секторындағы бәсекелестік төмендейді.

"Бұған дейін "Қазкоммерцбанкке" қатысы мәселелердің болғанын жақсы білеміз. Енді олардың бәрі Halyk Bank-ке қосылудың нәтижесінде жойылады. Алайда банктердің бір-бірімен қосылуының теріс жағы да бар. Айталық, Halyk Bank те, "Қазкоммерцбанк" те еліміздегі ірі банктер. Қос банктің қосылуы банк секторындағы бәсекелестікті төмендетеді. Өйткені екінші деңгейлі өзге банктердің олармен бәсекелесетін шамасы болмайды. Дегенмен мәселені реттеуге болады. Бұл үшін біздің елде жұмыс істейтін шетелдік банктер күшеюі қажет", – деді Сапарбай Жобаев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу