Банктердің экономикаға несие беруді азайтуына Ұлттық банк кінәлі

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2950

Оған теңгенің әлсіреуі де әсер етіп отыр.

Банктердің экономикаға несие беруді азайтуына Ұлттық банк кінәлі

Abctv.kz Қазақстандық банктердің бизнесті қаржыландыруды азайтқанын хабарлаған еді. Статистика бойынша, қазақстандық банктердің бизнеске берген несиесі қазіргі таңда 5 трлн теңгеден сәл асады. Бұл жалпы банктердің несие портфелінің шамамен 40 пайызы ғана.

Банктердің бизнесті қаржыландыруға асықпайтындығының бір себебі Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктерге қатысты қатаң саясаты. Мұны Бас банк өкілдерінің өздері де мойындап отыр.

"Қазір біз банк секторының, расында да, шектен тыс реттелгенін көріп отырмыз. Біз қаржы нарығы субъектілерінің іс-қимылын заңнамалық тұрғыдан шектеу жұмысын толассыз жалғастыра аламыз. Соның нәтижесінде реттеуді нарыққа реттеушілік тұрғыдан терең талдау жасамай жалғастыру және оның одан кейін дамуы банктердің кредит беруді тоқтатуына әкеп соғуы мүмкін, одан қаржы институттары да, тұтынушылар да зиян шегуі ықтимал. Соған байланысты қаржы секторын жаңа реттеу нормативтерін әзірлеу мәселелеріне аса мұқият қарау қажет", – деген еді өткен аптада Ұлттық банктің қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы Александр Терентьев.

Ал кеше журналистермен кездескен Халық банктің басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова мәселенің және бір ұшын шығарды. Банкирдің айтуынша, Ұлттық банктің долларсыздандыру саясаты халықтың артық ақшасын шетелдік банктерге апарып салуына, мұның өз кезегінде екінші деңгейлі банктердің экономиканы несиелеуінің төмендеуіне ықпал етпек.

"Несиелеу және корпоративті қарыз портфелі азайып келе жатыр. Теңге бағамының төмендеуі кесірінен қазақстандықтар артық ақшаларын шетел валютасында сақтайтын болды. Биылғы жылдың үшінші тоқсанында шетел валютасындағы депозит көлемі жеке салымдарда 55,5%-дан 58,6%-ға, корпоративті секторда 46,7%-дан 50,3%-ға артты", – деді Шаяхметова.

Шаяхметованың айтуынша, Ұлттық банк қазір реттеуші орган ретінде емес, бақылаушы орган ретінде жұмыс істеп отыр. Салдарынан банк секторы дамымай жатыр. Мұны банктердің экономиканы несиелеуінің күрт азайғанынан көруге болады.

"Бұрын банктер қазынашылық және деривативті операциялармен айналысатын. Қазір оған тыйым салынған. Несиелеу тұрғысынан банк өте қатаң саясат ұстанып отыр. Кепілзатты қоюда банктер заттай кепілдік ұсынуы керек, келісімшарттар мен кепілдіктер қабылданбайды. Шектеулер тым көп. Осылардың кесірінен банктер бизнеске несие бере алмай отыр", – деді Халық банк басшысы.

Оның айтуынша, қазіргі таңда банкирлерді алаңдататын мәселелердің бірі Ұлттық банктің жауапкершілік деңгейі. Шаяхметова мысал ретінде ресейлік банктерді атады. Оларда банктер Ұлттық банктің лауазымды тұлғаларын сотқа бере алады. Ал бізді ондайға заң мүмкіндік бермейді.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу