Бас бапкер мен менеджер – әлі орындарында

Қазақстан шайбалы хоккей федерациясының Атқару комитеті жыл соңындағы басқосуын өткізіп, 2017/2018 жылдар маусымын қорытындылады.

29 Мамыр 2018 10:02 Автор: Маруан Түсіп
Бас бапкер мен менеджер – әлі орындарында, хоккей, Барыс, клуб, ұлттық құрама
Фото: icehockey.kz

Астанада ҚР шайбалы хоккей федерациясының Атқару комитеті өзінің қорытынды жиынын өткізіп, өткен маусымды таразылап шықты. Бұл басқосуда еліміздің ұлттық құрамасының Венгрияда өткен әлем чемпионатында Жоғарғы дивизион жолдамасына қол жеткізе алмай, сенімді ақтамағандары қызу талқыланған. Бұл ақпаратты аталмыш федерацияның ресми сайты мәлімдеді.

ҚР шайбалы хоккей федерациясының президенті Асқар Мамин «біз алға қойған мақсатымызды орындай алмадық», деп қадап айтқан. Ал Қазақстан ұлттық құрамасының Бас менеджері Асқар Шопобаев «осы лауазымды қызметте бүкіләлемдік біріншілікке алғаш рет бардым, тәжірибем аз болды, бапкерлердің айтқандарына еріп кеттім», – деп ағынан жарылыпты.

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалым Мәмбетәлиев болса, команда сапында жас ойыншылардың көп болғандығын, оларға тәжірибе жетіспегендігін, ал сенім артқан кәнігі хоккейшілердің сын сағатында ұжымды алға сүйрей алмағандарын көлденең тартқан. Жауапкершілікті өз мойындарына алатындықтарын білдірсе де, әзірше екеуіне қатысты ешқандай шара қолданылмаған. Ал ұлттық құраманың өнері «қанағаттанғысыз» деп бағаланған.

Есесіне, жастар арасындағы Қазақстан құрамасының биылғы әлем чемпионатының «А» тобында үздік шығып, келесі жылы кіл мықтылар арасында бақ сынау құқығына ие болған жетістігі жоғары бағаланған. Бұл түсінікті, әрине. Жас таланттарымыз соңғы 10 жылда бірінші рет мұндай ерен жетістікке қол жеткізіп отыр. Сондықтан Асқар Мамин осы құраманың Сергей Старыгин бастаған бапкерлеріне алғыс білдірген.

ҚР шайбалы хоккей федерациясының Атқару комитеті басқосуында бұдан да басқа және маңызды мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер қабылданған. Мәселен, алдағы маусымнан бастап Қазақстан жастар лигасын (ҚЖЛ) құру қолға алынған. Бұл лигада тоғыз команда додаға түсіп, олар 2000-2002 жылдары туған бозбалалармен жасақталатын көрінеді.

Ал Қазақстан чемпионатындағы әр команданың сапында кем дегенде 16 жергілікті (қазақстандық) хоккейші болуы керек екен. Әрі кемі 13 қазақстандық ойыншы хаттамаға тіркелуі қажет. Бұлардың кем дегенде төртеуі жас ойыншы (1997 жылы туған) болуы міндет. Олардың әр ойында, жоқ дегенде төрт минут ойнауы талап етілетін болыпты. Қазақстан қақпашылары барлық ойынның 50 пайызын мұзайдында өткізуге тиіс екен.

Сонымен қатар, Қазақстан чемпионатындағы клубтардың баспасөз қызметтері де назардан тыс қалмапты. Олардың жұмыстарының көңілден шықпайтындығы, контент атаулысының (мақала, репортаж, бейне және аудио материалдар және т.б.) тым аздығы да айрықша аталып өткен. Алдағы маусымда бұл олқылықтардың орнын толтыру міндеттелген.

Айтпақшы, «Барыс» хоккей клубы өзінің бюджеті мен бас бапкерінің жалақысы туралы ресми мәлімдеме жариялады. Себебі, осыдан екі күн бұрын ресейлік «Спорт-экспресс» басылымы Қазақстан клубына қатысты мақала басып шығарған болатын. Онда «Барыстың» 2018 жылы бірінші тоқсандағы бюджеті «1,65 миллиард теңгені құрады» деп жазылған-ды. 

Сонымен қатар, «бас бапкер міндетін атқаратын Ғалым Мәмбетәлиевтің жалақысы – 2,4 миллион рубль (12,5 миллион теңге)» деген ақпарат таратылған. «Барыс» хоккей клубы бұл екі деректі де жоққа шығарып, ресми мәлімдемесін жарыққа шығарды. Әрі Ғалым Баубекұлының жалақысы бұдан бірнеше есе аз екендігін айрықша атап өтті.

Маруан Түсіп