Батырлық – білекте емес, жүректе

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
4323

Жас жеткіншектер "Төтенше жағдайдағы ерлігі" үшін төсбелгісімен марапатталды.

Батырлық – білекте емес, жүректе

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов төтенше жағдайда ерлік көрсеткен 20 батыр балаға салтанатты жағдайда құрмет көрсетті.

Сын сағатта сыр бермей, адамдарды қауіп пен ажалдан арашалап қалған осынау қайсар балалар еліміздің түкпір-түкпірінен Астанаға арнайы шақыртылған болатын. 

Ұлдана есімді 8 жасар қыз туған бауырларын тілсіз жаудың жалмауына жол бермеген. Қаршадай қыз өртеніп жатқан үйден інілері мен сіңлісін алып шықпаса, отбасы қара жамылып қалатынын сезіп, қорықпай-үрікпей жалынның ортасына қойып кеткен. Сөйтіп, көк түтіннің ішінен бауырларын іздеп тауып, бір-бірден қауіпсіз жерге алып шыққан. Сол күнгі оқиғаны Ұлдана: "Анам жұмыста, біз үйде болдық. Далада ойнап жүріп, үйдің жанып жатқанын көріп қалдым. Іште 4 жасар інім, 7 жасар сіңлім және 2 жасар бауырым бар еді. Солар жанып кетеді ғой деп қатты қорықтым, айқайлап, адамдарды көмекке шақырдым. Ешкім естімеді, ешкім келмеді. Сосын үйге жүгіріп кірдім. Түтіннен көзім ашып, тұншыға бастадым. Інімді тауып алып, бірден далаға шығардым. Үйге қайта кіріп, сіңлімнің атын атап, дауыстадым. Ол маған қарай жүгірді. Оны да далаға шығарып жібердім. Кішкентай бауырым ұйықтап жатты. Соны алып шығып жатқан кезде үй қатты жана бастады. Қолымды, шашымды күйдіріп алдым, бірақ бауырымды сыртқа алып шықтым. Бір кезде анам келді. Ол бізді құшақтап, қатты жылады", – деп еске алды.

Бүлдіршін қыздың жан тебірентер сөзі жиналғандардың жанарына жас үйірді. Ал министр Қалмұханбет Қасымов дәл осындай батырлыққа кей кезде ересек адамдардың өзі баруға жүрексінетінін, Ұлдананың ерлігі көпке үлгі екенін айтты.

"Сіздер қазірдің өзінде көпке үлгі етіп көрсететін жансыздар. Сіздердің ата-аналарыңызға, мұғалімдеріңізге және өздеріңді тәрбиелеп жүрген тәлімгерлеріңізге зор алғысымды білдіремін. Елімізде өздеріңіз сияқты батыр балалар барда алдыңғы аға буын Қазақстанның болашағына сеніммен қарайды. Біз сіздерді және сіздердің ерліктеріңізді мақтан тұтамыз! Батырлық Отанға деген махаббаттан, адамға деген құрметтен туады. Оған жарқын дәлел – біздің батыр балалар. Қиын сәтте қылмыстың алдын алу, адамның өмірін сақтап қалу оңай емес. Сендер осындай батыл қадамға бардыңдар. Бүгінгі қоғамда қиындыққа тап болған адамға қолұшын созбай, айналып өтетіндер аз емес. Ересектердің өзі ұсақ ерлікке де бара алмай жатады. Талайдан табылмаған сол батырлық мына 20 баланың бойында бар. Ерлік – жас таңдамайды" – деді министр.

Ал өзендегі көпірден құлаған 4 жасар баланы аман алып қалған Ердәулет пен Ардақ бүгінгі заманның қаһарманына айналды. Қуаныш есімді тағы бір оқушы осыдан үш жыл бұрын кіп-кішкентай қызға азғындық жасамақ болған айуанды ауыздықтауға көмектескені үшін құрметке лайық еді.

"Есік алдында достарыммен футбол ойнап жүріп, бір қыздың шыңғырып жылаған дауысын естідім. Дауыс шыққан жаққа қарай барсам, жалаңаш ер адам кішкентай қызды шашынан сүйреп, үйдің артына әкетіп бара жатыр екен. Бірден полицияға телефон шалып, мән-жайды айттым. Сосын ана адамға бас салып, төпелей бастадым. Ол маған зекіп, "өлтірем" деп айқайлады. Аяғына жармасып алып, жібермей қойдым. Сол кезде оның қолынан қыз босап шықты. Осы аралықта полиция келді. Олар ана кісіні алып кетті. Кейін ол сотталды деп естідік", – деді батырлыққа барған бала.

Қалмұханбет Қасымов өз қолымен батыр балалардың омырауына "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" төсбелгісін тақты. Салтанатты шара барысында балалар құрмет қарауылының, әскери оркестрдің өнерлерін тамашалады. Бұдан соң бейбіт күннің батырларына Астананың көрікті жерлеріне саяхат ұйымдастырылды.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу