Батыс биыл жер температурасының жоғарылауына Қазақ елін айыптауы мүмкін

10861

Шетелдік ғалымдар Қазақстанда метанның ірі көлемде сыртқа ағып кетіп жатқанын анықтап, айыптауда.

Батыс биыл жер температурасының жоғарылауына Қазақ елін айыптауы мүмкін Фото: inbusiness.kz

Bloomberg жазуынша, Kayrros SAS геоаналитикалық компаниясындағы француз ғалымдары Қазақстанның батысында өртеніп жатқан ұңғының үстінен метан газының орасан шлейф, бұлтын тіркеген. Бұл Италия ғарыш агенттігінің (ASI) жерсеріктерінің ғарыштық түсірілімдерінде де байқалған көрінеді.

Жер қойнауын пайдаланушы компания мұны жоққа шығарды. Бірақ ғалымдар дабыл қағуын жалғастыруда. Олардың байламынша, егер шынымен рас болып шықса, онда бұл бүкіл ғаламшардың климатына үлкен нұқсан келтіреді.

Қазақстанның батысында, Маңғыстау облысындағы Шығыс Қаратұрын мұнай-газ кенорнындағы ұңғыма екі айға жуық уақыттан бері жанып жатыр.

Kayrros бағалауынша, метан шығарындыларының жылдамдығы сағатына 35 тоннадан 107 тоннаға дейін жетеді. 

"Егер шынымен солай болса, онда қазақстандық ұңғымадан 9 маусымнан бері тоқтаусыз атқылап жатқан метаннан қысқа ғана уақытта климатқа келген шығын Америка Құрама Штаттарындағы 2,49 миллион автомобилдің жыл сайынғы шығарындыларына барабар", – деген теңеу келтірді Блумберг агенттігі Kayross ғалымдарына сілтеме жасап.

Француз ғалымдарының пікірінше, бұл дүниежүзі бойынша биылғы метан шығарындысына қатысты ең ірі апат болып отыр.  

Бұл ретте Қазақстанның батысының аспанында туындаған ғаламат метан шлейфтерін 2 бірдей жерсерігі бақылапты: біріншісі – Еуропалық ғарыш агенттігінің жер бетіндегі метан газының шоғырланған ошақтарын табуға арналған мамандандырылған Sentinel-5P спутнигі. Екіншісі – әлгінде айтылған Италия ғарыш агенттігінің Prisma спутнигі.

Өртеніп жатқан ұңғыманың иесі "Бозашы Мұнай" ЖШС ақпарат құралдарына түсініктемесінде спутниктер ыстық будың бұлтын тіркеген болар деген жорамалын айтты және оның құрамында планетаның қызуын көтеретін парник газдарының мөлшері аздығына сендіруге тырысты. 

"Әрбір апта сайын делік ауаның сынамалары алынып тұрады. Оларды зерттеу қорытындысында улы заттардың, соның ішінде метанның концентрациясы рұқсат етілген көрсеткіштерден асқан жоқ", – деп хабарлады "Бозашы Мұнай" өкілдері.

Inbusiness.kz бұған дейін де осы компанияның түсініктемесін басқан болатын.

Алайда еуропалық зерттеушілер қазақстандық компанияның түсіндірме сөзіне қанағаттанбады және келіспей отыр.

"Су буының метан ретінде қате қабылдану мүмкіндігі төтенше төмен. Себебі, мұны бір емес, мамандандырылған екі гиперспектральды спутник әшкерелеп отыр. Олардың спектральды көрілім мүмкіндігі өте жоғары. Сондықтан табиғатта жиі кездесетіндей су буының емес, бұл жерде метан газының шоғырлануы орын алып отырғанына еш күмән жоқ", – деп мәлімдеді Kayrros ғалымдары.

Оның үстіне ол жақта мұнай-газ кен орны қарқынды өртеніп жатқандықтан, сынама апта аралатып, ара-тұра емес, күн сайын алынғаны, тұрақты бақылауда болғаны жөн.

Өз кезегінде "Бозашы Мұнай" ЖШС бас геологы Александр Касьяненко отқа оранған газдың құрамы шынымен 99%-ға метаннан тұратынын растады. Дегенмен оның айтуынша, метан жанып кетеді және экологияға елеулі залал келтірмейді.

Алайда еуропалық ғалымдар босқа жанып, ауаға қуатты қызу бөлген газдың өзі климатқа әсер ететінін, қоршаған ортаны бәрібір ластайтынын ескертеді.

Kayrros SAS геоаналитикалық фирмасы өртеніп жатқан қазақстандық ұңғымадан тек бір ай ішінде кем дегенде 9 рет метанның орасан зор көлемде атқыланғанын жерсеріктері арқылы бақылағанын мәлімдеді.

Бұл байламды Нидерланд ғарыш зерттеулері институтының (SRON) ғалымдары да растап отыр. Метан атқылауы маусым мен шілде айында да қарқынды жүріпті және ары қарай жалғасты.

"Бозашы Мұнай" ЖШС игеріп жатқан Шығыс Қаратұрын кен орнындағы өрт биылғы 9 маусымда басталды. Бұрғылау құрылғысын жоғарыға көтеру кезінде газды-сулы қойыртпақ лықсып төгіліп, тұтанып кеткен. Оның соңы №303 ұңғымадағы ашық газ фонтанына ұласты. Апат салдарынан ұңғыма айналасында диаметрі 15 метр болатын, ал тереңдігі 2 метрден асатын кратер пайда болған. Салдарынан компанияның қолындағы өрт сөндіру жабдықтары жарамай қалған, қауқары жетпеген.

Тілсіз жауды ауыздықтау үшін "Бозашы Мұнай" мамандары тек 24 маусымда ғана оның қатарынан тереңдігі 1200 метрлік көлбеу ұңғыма қаза бастады. Жалпы алғанда, кем дегенде мұндай 2 ұңғыма қазу қажет болады. Оның бірі жер астынан алапат қысыммен шығып жатқан көгілдір отынды басқа жаққа бұрады: сонда компания ол қазынаны жасанды алауда басқарылатын түрде жағады. Екінші ұңғыма арқылы жер астына су немесе бұрғы қоспасы айдалып, ошақтағы жану тоқтатылмақ.  

Қынжылтатыны сол, компания әлем назарын аударып, Батыс ғалымдарының теріс бағасын алған өртті тек биылғы қазан айына қарай сөндіре алатындарын жеткізді. Одан да ұзауы ғажап емес.

Яғни, сарапшылардың пікірінше, қоңыр күзге дейін Қазақстан климатқа зор залал келтіріп, бар абыройынан айрылғалы тұр.

Демек, Президент Қ.Тоқаевтың 2060 жылы Қазақстанды көміртек шығарындыларын нөлге теңестіріп, климатқа игі үлесін қосады деген жоспары енді күлкі мен күмән тудыруы мүмкін. Себебі, Қазақстан бір ғана ұңғыдағы жалынды жеңе алмай отыр. Ал республика аумағында кеңес кезінен қалған ескі ұңғымалар мың сан. Тәуелсіздік жылдарында да оңды-солды, бейберекет қазылды. Бетін аулақ қылсын, бірақ оның бірнешеуі бір мезгілде өртенсе, бірнеше жылға созылуы мүмкін нағыз экологиялық апат туындамай ма?

Сорақысы сол, Bloomberg жазуынша, шетелдік ғалымдар технологиялық тұрғыдан артта қалған Қазақстанның көмір, мұнай, газ сияқты қазба отын түрлерін барлауының және өндіруінің өзі әлемге қауіпті деген байлам айта бастады. Ендеше халықаралық қоғамдастық табиғатқа қатыгез "экспансия" жасағаны үшін Қазақстанға санкция енгізуі де ықтимал. 

Маңғыстау облысы бойынша Экология департаменті де өз түсініктемесін берді.

"2023 жылы 9 маусымда Маңғыстау облысындағы "Оңтүстік Қаратұрын" кенорнында болған өрттен кейін барлық қолда бар ресурстар жұмылдырылды. Өрт салдарын жою үшін "Бозашы мұнай" ЖШС, кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің "Ақ Берен" Маңғыстау облыстық филиалы, "Өртке қарсы қызмет & Fare Safety" ЖШС және басқа компаниялардың басшылығынан Штаб құрылды. Оқиғаның себептерін анықтау үшін Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментінің басшылығынан арнайы комиссия құрды. Сондай-ақ халықаралық Halliburton және Schlumberger компанияларымен кеңесіп, апатты жоюдың түрлі тәсілдері қарастырылды", – деп мәлім етті ведомство.

Түсіндіре кететін жайт, алматылық "Бозашы Мұнай" компаниясының игеруіне берілген және бүгінде өрт болып жатқан телім "Оңтүстік Қаратұрын" деп аталады. Әйтсе де, билік тарапынан ол "Шығыс Қаратұрын" кен орнының контрактілік аумағына жатқызылған. Мұнда да бір шикілік бар болса керек.

Маңғыстау облысы бойынша Экология департаментінің мәліметінше, №303 ұңғымадағы апатты жою ағып жатқан газдың жануы және басқа да жағдайларға байланысты техникалық тұрғыда күрделі болып табылады. Егжей-тегжейлі талдаудан кейін №303 жанып жатқан ұңғымаға қысымды төмендету үшін №305 бағыттамалы ұңғыманы бұрғылау туралы шешім қабылданды.

"Мамандар жағдайды мұқият бағалап, қазіргі уақытта тұрғындар үшін қауіп жоқ екенін растайды. Сонымен қатар, атмосфералық ауаны жүйелі түрде өлшеу жүргізіледі. Кенорын елді мекендерден едәуір қашықтықта орналасқан: Ақтаудан 350 шақырым және жақын маңдағы Шебір елді мекенінен 70 шақырым. Айта кету керек, кен орнында барлау жұмыстарын "Бозашы мұнай" компаниясы жүргізеді. Өрт кезінде бұрғылау жұмыстары жүргізілді, оның барысында газ-су қоспасы бөлініп, тұтану орын алды. Мердігер компанияның барлық қызметкерлері дереу эвакуацияланды. Газ өндіру жұмыстары жүргізілмегеніне қарамастан, "Бозашы Мұнай" компаниясы заңға сәйкес апатты жою бойынша барлық шығындарды өз мойнына алып отыр", – деп сендірді департамент.

Маңғыстаулық департамент "Оңтүстік Қаратұрын" кенорнындағы жағдай туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі ақпарат беріп отыратынына сілтеді. Алайда Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова халықаралық жанжалға қарамастан, тым-тырыс отыр. Министр де мәлімдеме жасаған жоқ, оның министрлігінің ресми сайты да бей-жай қалды.

Ғарыш түсірілімдерін жеткізуге маманданған "EOSpatial" компаниясының басшысы Абзал Жамалов бұл барлық мағынасында иісі мүңкіген оқиға Қазақстанның беделін бүлдіргеніне назар аудартты.

"Енді билік не айтса да маңызды емес. Әлем жұртшылығының алдында біз 2023 жылдың "метеобақылаудың бүкіл тарихындағы ең ыстық жылға" айналуының басты бір айыптысы болып шыға келдік", – деді сарапшы.

Бұл ретте ғалымдар жерді қашықтықтан зондтау арқылы жердің қызуының көтерілуіне дәл осы метанның көп үлес қосатыны дәлелденгенін мәлімдеген болатын.

"Экология үшін көмірқышқыл газға қарағанда метан әлдеқайда қауіпті. Оның жаһандық жылынуға әлеуетті ықпалы көмірқышқыл газға қарағанда 80 есе көп. 1 ғана тонна метан 80 тонна СО2-ге тең! Метан сонымен қатар тұрғындарға да, табиғатқа да залалды", – деп жазды оларға сілтеме жасаған әлемдік ақпарат құралдары.

Яғни, биылғы қазанда метан "жанартауы" сөндірілгенше, аптаптан азаптанған адамзат қазақтарға қарсы айып тағып қалуы да ықтимал.

А.Жамалов спутниктер мен олардың түсірілімдері – әлемдегі әрбір елдің "көміртекті бейтараптылығы" бойынша халықаралық міндеттемесін қаншалықты сақтап отырғанын бақылау құралына айналғанын ескертті. Сондықтан сарапшылар билікке бума-бума ақша көрсе жолдан таятын жемқорлармен күресіп, олар бетімен жіберген жер қойнауын өндірушілерді тәртіпке келтіруге кеңес берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу