Батысқазақстандық кәсіпкерлер базынасын айтты

Виктория Вольская Виктория Вольская
1829

Кәсіпкерлер оқушылар мен емдік тамақтануды мемлекеттік сатып алудан шығарып, субсидиялауды жеке білім беру мекемелері арасында жылдамдатып қайта бөлуді ұсынды.

Батысқазақстандық кәсіпкерлер базынасын айтты

"Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына барды. БҚО әкімі Алтай Көлгіновтің қатысумен өткен өңірлік кәсіпкерлер палатасы кеңесінің отырысында бизнесмендер маңызды мәселелерді көтерді деп хабарлайды abctv.kz. тілшісі.

Батыс Қазақстан облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасымен өткен кездесу барысында "Атамекен" ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев бизнес жауапкершілігін арттыру және өздігінен реттелу, импорталмасу және бизнестің міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне аударым жасауы сияқты мәселелерге баса мән берді. Барлық мәселе жақын арада президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған кәсіпкерлер қызметін реттеуді жетілдіруге қатысты заңның қабылдануына байланысты болып отыр.

"Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті қолдауға ерекше көңіл бөлуі "Атамекен" атқарып отырған елдегі бизнесті дамытуға көп көмек. Жақсы өзгерістер болып жатқанын барлығымыз көріп отырмыз. Бизнес мәселесі үнемі мемлекет басшысының бақылауында болуы арқасында үкімет, құқық қорғау органдары, барлық мемелекеттік құрылым бизнесті қолдауды басты назарға алды. Заңға енгізілген түзетулер ең бірінші бизнес-ортаны жақсартуға бағытталған және Ұлттық палата бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастырады", – деді Тимур Құлыбаев.

БҚО әкімі Алтай Көлгінов бизнестің Орал маңы экономикасындағы үлесі туралы айтты.

"Осы жылдың 1 мамырында жұмыс істеп отырған субъектілер саны 38,6 мың болды, бұл өткен жылдағы көрсеткіштен 4,5%-ға көп. Шағын және орта бизнес саласындағы жұмыс жасап жатқандардың саны да өсіп, 113 мың адамға жетті. Сонымен қатар салықтық түсімдер де өсіп, 52 млрд теңгеге жеткен. Қазір бізде бизнестің белсенді дамып келе жатқанын атап кеткен жөн. Кедергілер жойылып, бизнес саласындағы тексерістер де азайды. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында кәсіпкерлерге 820 қызмет көрсетілген. Біздегі барлық даму институттары микронесиені қолдау бойынша үйлесімді жұмыс істейді", – деді БҚО әкімі Алтай Көлгінов.

Шағын және орта кәсіпкерлік өңір экономикасына салмақты үлес қосуда. 2016 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестің өңірдің ЖӨӨ құрылымына қосқан үлесі 42%-ды (2017 жылдың мәліметтері әлі жарияланған жоқ) құрады, деп атап кетті БҚО кәсіпкерлер палатасы басшысының м.а. Сәкен Карин. Ол соңғы екі жылдағы импорт динамикасының төмендегенін атап өтті. Бұл еуро мен доллар бағамының көтерілуімен, сондай-ақ отандық өндірушінің тисті тауар түрлеріне ауыстырумен байланысты болып отыр. Қазандық, жабдықтар мен механикалық құрылғылар, қара металл өнімдері, электрлі машиналар мен жабдықтардың импорты төмендеген.


"2017 жылы экспорттың жалпы сомасы 30 пайызға артқан. Мұнай, трансформатор, полиэтилен құбыр, агроөнеркәсіп кешені саласының және кондитерлік өнім бойынша экспортқа шығарылған тауарлардың артқаны байқалады. БҚО-да өндірілген өнімдер көлемінің өсуі – экспорттың өсуіне басты себеп болып отыр. Өңіраралық кооперацияда облыс елдегі жалғыз етті нетто-экспорттаушы болды. 2017 жылы сиыр еті бойынша қамту – 242 пайызды, ал қой еті – 166 пайызды, жылқы еті 229 пайызды құрады. Артылған өнім экспортқа шығарылды", – деді Сәкен Карин. 

Сонымен қатар облыс соңғы көрсеткішті екі есе арттырып, ірі қара малдың басын 550 мыңнан 1 млн-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

"Зор экспорттық әлеует пайда болады. Ресейдің бес облысымен көрші орналасқанбыз, оның ішінде миллондаған халқы бар қалалар, сондай-ақ Атырау орналасқан. Ауылшаруашылық тауарын өндірушілерінің өнімін өткізуге көмектесу керек. Осы арада ауылдық өндірістік кооперативтердің рөлі өте маңызды. Атырау облысынан өнімге деген сұраныс жақсы. Оларға азық-түлік көбінесе көршілес ресейлік Астрахань облысынан келеді, Ал Батыс Қазақстаннан келетін азық-түлік аз. Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге логистиканы реттеуге көмектесу керек. Сондай-ақ Атырау облысы жем базасына мұқтаж, оны БҚО-да жолға қоюға болады", – деді Тимур Құлыбаев.

Жиында бизнесті дамытудың әртүрлі бағыты талқыланды. Сәкен Карин облыста құрылыс индустриясын жерсіндіру қажет екенін атап кетті. ҰКП төралқа төрағасы әр облыста жерсіндіру мүмкін еместігін айтып, құрылысшылар мен құрылыс материалдарын өндірушілердің қауымдастығын құруды ұсынды. ҰКП басшысы мұндай қауымдастықты барлық Қазақстан бойынша құруды "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовке тапсырды.

Кәсіпкерлер де өз проблемаларын ортаға салды.

Құрылыс компаниясының басшысы Валентин Михно қалалық коммуникациялардың электронды картасын жасауды ұсынды. БҚО әкімі аталған жұмыстың қолға алынғанын айтып, мұның күрделі  мәселе екенін растады.

"Қағаз жүзінде көрсетілгені мүлдем басқа, құрылыс жұмысын бастаған кезде коммуникация құбырларының мүлдем басқа жерде екені белгілі болады", – деді әкім.

Қазақстандағы ең үлкен диаметрлі құбыр шығаратын экспорттық компания иесі Валерий Крылов болса "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы бойынша несие мөлшерлемесін субсидиялау бағытына қатысты мәселені шешуді жылдамдатуды өтінді. Сондай-ақ ол өнімді экспорттауға байланысты бірқатар формалды мәселені шешуді сұрады. Мейрамхана бизнесін жүргізуші Ляна Тұрсынова оқушыларды және емдік тамақтандыруды мемлекеттік сатып алудан шығаруды ұсынды.

"Сатып алуға қатысушылар бағаны арзандатады, ал мұның арты жақсы болмайды", – деді бизнесмен Ляна Тұрсынова.

Жеке оқу кешенінің иесі Хайдар Қапанов жекеменшік білім беру мекемелеріне мемлекеттік қолдау көрсетуді қайта бөлу керектігін айтты.

Ол: "Қаражатты қажет етпей отырған адамға береді, ал БҚО-ның жекеменшік білім беру мекемелері қолдаусыз қалады", – деп ренішін білдірді.

БҚО әкімі Алтай Көлгінов жекеменшік білім беру ұйымдарының мектепке дейінгі балаларды қамтудағы рөлі өте үлкен екенін атап кетті. Олар БҚО-дағы мектеп жасына дейінгі балалардың 99%-ын қамтып отыр.

Медициналық орталық директоры Рафхат Истаев міндетті медициналық сақтандыруды енгізгеннен кейін ауруханадағы емделушілердің күтіміне  арналған тарифтің төмендегенін айтып шағымданды.

Тимур Құлыбаев ММСҚ-ты енгізгеннен кейін көптеген проблема туындағанын, оның ішінде бизнес үшін қосымша салықтық жүктеме болуы мүмкін екенін айтты. ҰКП бұл мәселені мемлекеттік органдармен қарастыруда және ол кәсіпкерлер мен азаматтардың пайдасына шешілетініне үмітті.

"Мұндай кездесулерді өткізу өте маңызды, осындай отырыстарда өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, проблемаларынан хабардар боламыз. "Атамекен" мемлекеттік органдар – үкіметпен, министрліктермен, құқық қорғау органдарымен орталық деңгейде тығыз қарым-қатынас орнатты. Іс-қимылдың нақты жоспары бар, сол бойынша жұмыс орталық деңгейде жүргізіледі. Өңірлік деңгейде кәсіпкерлер палатасы жергілікті атқарушы органдармен тығыз жұмыс жасайды, – деді "Атамекен" ҰКП төралқа төрағасының ресми өкілі Жігер Әзбергенов. – Осы жылы "Атамекеннің" құрылғанына бес жыл болады, енді ол басқа міндеттер қойып отыр. 2013-2018 жылдары кәсіпкерлерден 22 мыңға жуық шағым келіп түсті, оның 40 пайызы шешіліп, кәсіпкерлердің 92 млрд теңге болатын мүліктік құқығы қорғалды. "Атамекеннің" негізгі міндеті – бизнестің құқы мен мүддесін қорғау, сондай-ақ бизнес-ортаны жетілдіріп, қаражатты қолжетімді ету, адами капиталды және бизнесті сервисті қолдауды дамыту. Аталған барлық бағыт бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр".

"Атамекен" ҰКП нормативті-құқықтық актілер сараптамасын жүргізеді. Бүгінгі таңда 20 мыңнан астам нормативті-құқықтық актіге сараптама жасалды, ҰКП мен бизнестің жасаған ұсынысың шамамен 70 пайызы ескерілгені қуантады. Олардың ішінде жаңа салық кодексі де бар деп атап кетті Жігер Азбергенов.

Сонымен қатар ол "Бизнес-Бастау" жобасына тоқталып кетті.

"Бұл бағдарлама бойынша алғашқы жылы 15 мыңнан астам адам оқытылды, 3300-ге жуығы өздерінің бизнес-жоспарын қорғап, қаржы алды. Осылайша, олар өздерін ғана емес, жақындарын да жұмыспен қамтыды. Бұл бағдарлама мемлекет басшысының қолдауына ие болды. Осы жылы оқитындардың санын 30 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр. Оқыту еліміздің 160 ауданында жүргізіледі", – деді "Атамекен" ұлттық палата төралқа төрағасының ресми өкілі.

Гүлназ Ермағанбетова, Виктория Вольская

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу