Баянауыл: пейіл мен мейір неге жоқ?

27023

"Жүре берсең көре бересің, көре берсең көне бересің" деген рас екен. Баянауылдан отандық туризмнің қазіргі бет-бейнесін көріп, көрсетілген қызметіне "көніп" қайттық.

Баянауыл: пейіл мен мейір неге жоқ?

Діттеген жерімізге Нұр-Сұлтан-Павлодар тас жолымен жүйткіп жеттік. Жолдың кейбір тұсы жөнделіп жатқаны болмаса, сапасынан мін таппадық.

Ал Баянауыл ұлттық паркіне жеңіл автокөлікпен адам басына 525 теңге төлеп кірдік. Ә, дегеннен, табиғатына тамсанып, таңдай қақтық. Сөзбен сипаттай алмайтын сұлу сурет тұрғанда шетелге не үшін шабылып жүрміз деп ойладық. Бұл сәтте көрсетілетін қызметтің сапасына бас қатырмаған едік.

Жусан жайлаған жер

Жасыбай көлінің жағасына барардың алдында автокөлікке ыңғайлы әрі қауіпсіз жер қажет болды. Жағажайдан 1 шақырым қашықтықта орналасқан ақылы автотұрақ "іздегенге – сұраған" еді.

Ақылы автотұрақ деген аты болмаса, жусан жайлаған жер екен. Сыртын қаңылтырмен қоршай салған, кіреберісінде әлекедей жаланып, бір емес 3 күзетші тұр. Сұрағандарын беріп, ішке ендік. Енгенімізді қайтейік, көлік қоятын жер таппадық. Бос деген жердің барлығын кісі бойынан асатын жусан басқан. Амалсыздан, жусанды жұлып, таптап, көлігімізге тұрақ дайындадық.

Жағажайға бет алғанда күзетшілерге: "Бұларың қалай, орын жоқ деп неге айтпайсыңдар?" – деп едік, иықтарын қиқаң еткізді.

Айтпақшы, ақылы автотұрақтың іші жартылай демалыс орнына айналып кеткен. Әлдекімдер үлкен күрке құрып, оның қасында кәуәп пісіріп, сыра сіміріп отыр. Оларға ешкім ескерту жасап, тыйым салған жоқ.

Жасыбайдың жағасы

Былығып жатыр. Иә, иә тура мағынасында жазып отырмыз. Қарақұрым халық ішкен-жегенінің қалдығын қайда төгерін білмей, дал болып жүр. Обалы не керек, қоқыс салатын жәшік жоқ емес, бар. Бірақ оның көлемі адамның күлкісін келтіреді. Жағажайдың жаны жайрап жатыр. Қоқысты тазалап, төгіп жүрген жан жоқ.

Қажеттілігіңді өтейтін жер діңке құртатын жерге орналасқан. Оған барып жатқан адамдарды байқамадық. Бірақ адамдардың жағажайдың жанындағы киім ауыстыратын жерді дәретханаға айналдырып алғанын көзімізбен көрдік. 

Қате, кінә кімнен? Өзіңіз топшылаңыз.

Бұл туралы блогер-журналист Өркен Кенжебек әлеуметтік парақшасына: "Баянауылға келдік қой, мысалы - демалуға. Енді айналаңа қарашы! Сол баклажка, сол сыраның қалбыры. Мынадай сұлу жерге келіп тұрып, қалай ғана артыңды сүртіп кетпеуге болады? Ақымақ мысықтың өзі тышқан боғын тығып кетеді ғой... Кеше Баянауылдағы Қоңыр әулие үңгірінің аузында тұрып, осындай ойлар келген еді. Қыдырайық, бірақ қиратпайықшы, өтініш!", – деп жазды. Түсінген адам болса, бізде осыны айтып, осыны жазып отырмыз.

Қонақүйдің бағасы

Қыршып, тістеп, теуіп тұр. Қарапайым номер тәулігіне 26 мың. Мейлі, солай-ақ болсын дейсің ғой, бірақ ол қасқалдақтың қанындай. Қонақүйлерде мүлде орын жоқ. Коттедждердің құны тәулігіне 55 мың. Мұнда да қонақүйдің кері.

Айта кетерлігі, коттедждер мен жеке үйлерін жалға берушілер клиенттермен мұрындарын шүйіріп сөйлеседі. Тіпті, миығынан мырс-мырс күліп, "таба алмайсың" деп табалайды. Бір сөзбен айтқанда адаммен сөйлесу, қызмет көрсету мәдениетінен, жөн сілтеп, бағыт беріп жіберу деген адами қасиеттен жұрдай.

Дәмханалар дайын емес

Демалушыларға өте ұзақ қызмет көрсетіледі. Тағатың таусылып, төзімің түгесілгенге дейін шыдасаң ғана тамақ ішесің. Даяшылар берген тапсырысыңды шатастырмай әкелсе қуанасың. Айтпақшы, даяшылар аз және барлығы шаршап жүр. Содан болу керек, арс-арс етіп жауап береді. Демалып жүрміз ғой, жүйкемізді жұқартпайық деп, даяшылардың да еркелігін көтересің. Көтеріп қана қоймайсың, ас ішіп болған соң, "өте сапалы" қызметі үшін 10% шайпұл тастап  кетесің.

Ауылдағылар да алаған

Баянауыл мен Жасыбайдан түнейтін орын табылмаған соң, Торайғыр ауылына тарттық. Ауылдағы ағайынның барлығы бизнесмен болып кетіпті.  Екі сағат іздеп жүріп, түнейтін үйді әрең таптық. Басқаларының барлығы жалға беріліп қойған екен. Үй иесі: "Тәулігіне 25 мың, алсаңдар, алыңдар, алмасаңдар қойыңдар", – деп қарап тұр. Алдық. Үй иесі 50 мың теңгені  шытырлатып санады да, тайды. Ол бізге тоңазытқышының дұрыс істемейтінін, 2 литр су сиятын шәйнегі дүниеде қайнай қоймайтынын айтқан жоқ. Бірақ бұл бізге кедергі болмады. Өзіміздің самаурынымызды қойып, даладағы пешке ет асып, кәуап пісіріп, доп теуіп, суға шомылып, мәре-сәре болдық.

"Сөмкелеріңді душтың ішіне қойып қойдым"

Екі тәулік демалған соң, Нұр-Сұлтанға тарттық. Екібастұзға келгенде сапарласымыз қонған үйде жол сөмкесі мен соның жан қалтасында 35 мың теңгесін қалғанын білді. Іле үй иесіне хабарласты. Ол бірден: "Сөмкелерің үшін хабарласып тұрсыңдар ма, сөмкелеріңді душтың ішіне қойып қойдым, сендер кетіп бара жатқанда дауыстадым, естімей кетіп қалдыңдар", – деді. Сонда дейміз, дауыстағанша телефон шала шалса болады ғой. Жоқ үй иесі олай жасамады. Сапарласымыз: "Телефон шала салмадыңыз ба?" дегенде, ана кісі: "Менің телефонымда артық бірлік жоқ", – деп дүңк еткізді. Айтпақшы, сөмкені таныстарымыз арқылы келесі күні алдырдық. Ішінде 35 мың теңге болған жоқ.

Баянауылға бару керек

Қалай болғанда да, Торайғырдағы Айманбұлақтан су ішіп, Сабындыкөл мен Жасыбайға шомылу, арша мен шырша тұнған тау-тасты аралау жан рахаты.

Ал Кемпіртас, Найзатас, Саймантас, Үңгіртас тұнған тарих.

Бізге жетпей тұрғаны қызмет көрсету сапасы мен адамдардың пейілі мен мейірін жақсарту ғана.  

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу