Бес президент, бір премьер

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің лидерлері энергетика, сандық экономика, медицина, экология мәселелерін талқылады.

15 Мамыр 2018 16:30 Автор: Арыстан Рысбек
Бес президент, бір премьер, ЕАЭО, Сочи, саммит

Мамырдың 14-де Сочиде Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңесінің мәжілісі өтті. Бұл кеңес - ЕАЭО-ның негізгі басқарушы органы.

Саммитке Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения басшылары қатысып, энергетика, сандық экономика, медицина, экология салаларындағы ынтымақтастық мәселелерімен бірге Молдованы осы одаққа бақылаушы ел ретінде қабылдау ұсынысын талқылады.

Кездесуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің жетекшілерін  Қара теңіз бен Каспий теңізін кемелер жүретін каналмен жалғастыру жобасын талқылауға шақырды.

«Қара теңіз бен Каспий теңізін су жолдарымен жалғастыратын «Еуразия» кеме өткізуші канал салу – перспективалық жоба болар еді», – деп мәлімдеді Қазақстан Республикасының президенті.

Лукашенко болса, ЕАЭО-ны жыл соңына дейін ортақ газ, мұнай және мұнай өнімдері нарығын құру туралы бағдарламаға қол қоюға шақырды. Бірақ, оның сөзінше, Еуразиялық экономикалық одақ елдері бұл мәселені жоғары деңгейде талқылауға тағы да дайын емес.

Президент Путин ЕАЭО мемлекеттерінің лидерлерін биыл өтетін Футболдан әлем чемпионатына шақырды. Ал, Назарбаев Ресейдің сол мундиалды жоғары деңгейде өткізуіне тілек білдіріп, залда отырған мемлекет басшыларының оған шақырту алатынына үміт білдірді.

«Барлығыңыз шақырылдыңыз, мен ол жайында айттым», – деп жауап қатты Кремль басшысы.

Жаңа есімдер
ЕАЭО саммиті – мемлекет басшыларының жеке байланыстары үшін де маңызды кездесу. Оның үстіне, одақтағы екі республика – Армения мен Қырғызстанда билік ауысып қана қоймай, саяси жүйе де өзгерді. Владимир Путин алғашқылардың бірі болып, Никол Пашинянды премьер-министр лауазымына тағайындалуымен құттықтап, оған сәттілік тіледі. Армения үкіметінің жаңа басшысы болса, Ресеймен жақын саяси және әскери байланыс орнағанын қалайтынын мәлімдеді.

«Армения мен Ресейдің  өзара қатынасы шамамен бұған дейінгі саясат шеңберінде өрбиді. Бірақ, сол саясатты адамдар жасайды. Пашинян екі жақты байланыстарды қандай да бір үлкен геосаяси өзгерістер болмайтындай нотаға бағыттайтын шығар. Бұл – армян премьерінің негізгі мақсаты», – дейді  «Независимая газета» басылымына берген сұхбатында Кавказ институтының директоры, саясаттанушы Александр Искандарян.

Қырғыз Республикасының басшысы Сооронбай Жээнбеков Еуразиялық экономикалық одақтың саммитіне алғаш рет Атамбаевтың көлеңкесінен шығып, толыққанды президент ретінде қатысты. Кейбір сарапшылардың пікірінше, сондықтан ол үшін бұл саммиттің маңызы зор. Саясаттанушы Кубат Рахимовтың ойынша, Қырғызстанда билік ауысқаннан кейін бұл мемлекет іс жүзінде артқа қайтып, парламенттік республикадан президенттік басқару формасына оралды. Және де Жээнбековты парламент пен үкімет емес, ең бастысы – халық қолдап отыр.

Одақ және экономика
2017 жылы ЕАЭО-ның жалпы ішкі өнімі 1,8 пайызға өсті (Армения ЖІӨ – 7,5%, Қырғызстан – 4,5%, Қазақстан – 4%, Беларусь – 2,4%, Ресей – 1,5%).

Және де Еуразиялық экономикалық одақ  «Doing Business-2018»  рейтингінде 35 орынға көтеріліп отыр.  Ал, биылғы қаңтардың 1-де ЕАЭО-ның Кедендік кодексі күшіне енді. Оның мақсаты – кедендік реттеулерді сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеру. Бұл мақсатқа жету жолында «жалғыз терезе» механизмі мен кедендік рәсімдеудің электрондық тәсілдері қолданыла бастады. Соның нәтижесінде тауарларды кедендік рәсімдеулердің мерзімі қысқартып, тиісті құжаттардың көлемі азайды.

2015 жылдан бері Вьетнаммен арада еркін сауда аймағы жайлы келісім әрекет етіп келеді. Сонымен қатар, Қытаймен сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге, Иранмен Уақытша еркін сауда аймағы жөнінде келісім жасау көзделіп отыр. Ал, 2017 жылдың мамыр айынан бері ЕАЭО аясында фармацевтикалық және медициналық өнімдердің ортақ нарығы жұмыс істей бастады. Және де қазір ортақ қаржылық нарық құру концепциясы жасақталып жатыр. Ал, 2025 жылға дейін ортақ мұнай нарығы құрылуы мүмкін.

Сын
Еуразиялық экономикалық одақ ынтымағы кемшін деп, кейінгі кездері сынға да ұшырап жүр.  

«2014 жылы  көрініс берген реэкспорттар соғысы мен ЕАЭО мүшелері арасындағы алауыздық жылдан-жылға мұра болып қала бермек. Мұндай жағдай таяу жылдары да сақталып, Мәскеу мен Астананың қатынасын қиындата түспек. Себебі, Ресей мен Батыс арасындағы санкциялар соғысы ұзақмерзімдік фазаға енді. Осы жерде Қазақстанның белгілі бір мүдделеріне қарама-қайшылықтарды көріп отырмыз. Өйткені, Қазақстанның экономикалық саясаты көпвекторлыққа негізделген. Ал, Еуропа одағы еліміздің ірі сауда серіктесі және ол Қазақстаннның сыртқы сауда айналымында бірінші орында тұр», – дейді Тәуекелдерді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаев.

Естеріңізге сала кетсек, Еуразиялық экономикалық одақ 2015 жылы қаңтардың 1-де жұмысын бастады. Бұл интеграциялық бірлестікке мүше мемлекеттер арасында тауарлар мен капитал және жұмыс күші еркін жылжуы керек. ЕАЭО Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения кіреді. Ал, Сочи саммитінің нәтижесінде Молдова Еуразиялық экономикалық одақта бақылаушы-мемлекет мәртебесін алды.

Арыстан Рысбек