Билетті – картада, картаны қалтада ұстайтын күн туды

1447

Қарағанды халқы қоғамдық көліктерде жол жүру ақысын электронды картамен төлеуді бастады.

Билетті – картада, картаны қалтада ұстайтын күн туды

Қарағанды қаласының шенеуніктері биылғы көктемнен бері қоғамдық көліктерде жол жүру ақысын электронды картамен есеп айырысуға көшіруге уәде беріп келген еді. 24 желтоқсанда қаладағы 118-ші бағыттағы автобустар бұл жүйенің алғашқы қарлығашындай болып жолға шықты. Әзірге оншақты автобусқа валидаторлар орнатылған. Дегенмен жолаушыларда карта жоқ, тек қалалық әкімшілік мамандарына ғана карта таратылыпты. Олар бүгіннен бастап автобустарда аталмыш картамен жол жүреді. Шенеуніктердің айтуынша, қаңтардан бастап, үш ай ішінде барлық қоғамдық көлікке осы жүйе енгізіле бастайды. Айта кетейік, Қарағандыдағы жолаушы тасымалында 600-дей қоғамдық көлік бар екен, осының барлығына электронды жүйені енгізу жоспарлануда.

"Корея елінен жеткізілетін терминалдар қазір кеденнен өтіп жатыр. Қаңтар айында барлық автобустарға орнатылатын болады. Олар үш айда орнатылады. Астана мен Алматыдағыдай диференциалды тариф бізде енгізілген жоқ, мұндай тариф кейін енгізілетін болады", – деп мәлімдеді Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі мен автокөлік жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Ескендір Қабидолла.

Әзірге электронды есеп айырысу жүйесімен де жолақы құны 80 теңге. Кейін енгізілуге тиіс жолақының шектік тарифінің қанша болатынын биліктегілер дөп басып айта алмайды. Дегенмен қарағандылықтар электрондық жүйеге аса қуанып отырған жоқ. Көпшіліктің көкейінде "осының салдарынан жолақысы қымбаттап кете ме" деген күдікте бар.

"Бүгін 118-бағдарға қойылған құрылғыны көрдім, бірақ соның жолаушылар үшін түк пайдасы жоқ. Карта сатып алып, оны толтырып жүрудің өзі әуре ғой. Биліктегілер одан да қыстың аязында қатып қалатын автобустарды неге жөнге келтірмейді екен", – деп наразылығын білдірді тұрғынының бірі Қанат Нұржанов.

Бұл жүйе толығымен кореялық инвестордың қаражатымен жүзеге асуда. Кәрістер бұл технологияны енгізу үшін сервер орнатып, қалада кеңселерін ашқан.

"Корея технологиясын әлемдегі барлық ел отыз жылдан астам уақыттан бері қолданып келеді. Біздің бұл істе тәжірибеміз жеткілікті", – дейді Кореядан келген инвестор Джейсон Ан.

Инвестор бұл жүйені Қарағандыда енгізуге шамамен 10 млн доллар қаражат құятынын мәлім етті.

Айтпақшы, электронды жол жүру картасының құны 500 теңге. Арнайы терминалдар немесе киви-әмияннің көмегімен картаға ақша салуға болады. Бұл терминалдарды инвестор жақында Кореядан жеткізеді. Шенеуніктердің айтуынша, дүкендер мен дүңгіршектерде карта еркін сатыла бастамақ. Автобустарға валидатор құрылғысымен қоса, бейнекамералар және көлік жүргізушісінің алдына планшет орнатылып отыр. Ол осы планшет арқылы қанша жолаушының енгенін әрі картаны кімнің пайдаланғанын бақылай алады.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу