Бірлескен бұйрық металл сынықтарының Қытай асуына тосқауыл қоймақ

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2417

Қазақстанда кезекті мораторий әзірленуде.

Бірлескен бұйрық металл сынықтарының Қытай асуына тосқауыл қоймақ

Ел үкіметі қара және түсті металдар сынығы мен қалдықтарын Қазақстан аумағынан автокөліктермен сыртқа әкетуге 2 жылға тыйым салатын болды.  

Бұл шара инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің, қаржы министрі Әлихан Смайыловтың және ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің бірлескен бұйрығымен бекітілмек.

"Ұлттық қауіпсіздік туралы" заңына сәйкес әзірленген құжатта: "Қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын (ЕЭО СЭҚ ТН кодтары 7204, 7404 00, 7602 00, 8548 10 210 0, 8548 10 290 0, 8548 10 910 0), сондай-ақ бұрын қолданыста болған және өз ресурсын тауысқан құбырларды, рельстерді, теміржол төсемдері мен жылжымалы құрамның элементтерін Қазақстан Республикасының аумағынан автомобиль көлігімен әкетуге 2 жыл мерзімге тыйым салынсын", – делінген.

Бұл ретте метал сынықтарын қабылдап, Қытай мен Ресейге тасумен айналысатын кәсіпкерлерге тек "легирленген болаттың қалдықтары мен сынықтарын және тотығуға төзімді болатты" ғана экспорттауға мүмкіндік қалғалы тұр.

Құжат мүлтіксіз орындалуы үшін оған бірнеше құзырлы мекеме тартылатын болады. Атап айтқанда, Инвестициялар және даму министрлігінің индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті, сондай-ақ қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті өз құзыреттері шегінде кәсіпкерлердің осы тыйымды сақтауын бақылауды қамтамасыз етпек.

Бұдан бөлек, индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті көлік комитетімен, кеден органдарымен тізе қоса отырып, қара және түсті металдар сынығы мен қалдықтарының заңсыз жолмен шетелге шығып кетуіне жол бермеуге жауапты болады.

Бірлескен бұйрық үш министрліктің уәкілетті мекемелерінің осы істегі жұмыстарын үйлестіреді және өзара ықпалдастығының тәртібін бекітеді.

Ел үкіметі мұндай тыйым отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамту мақсатында енгізіліп отырғанын мәлімдейді. Қара және түсті металдар сынығы мен қалдықтарын, сондай-ақ құрамында алтыны бар шикізатты шетелге экспорттауға мораторий бұған дейін де бірнеше рет енгізілген. Соның арқасында қара металдар сынықтарын тұтынатын отандық кәсіпорындар өндірісінің көлемі 10,3%-ға, алтын өндірісі 15%-ға артыпты. Сонымен бірге бұл "85 мың жұмыс орнының сақталуына" септігін тигізіпті.

Қазіргі кезде қара метал сынықтарының негізгі тұтынушысы болып, "АрселорМитал Теміртау", "KSP Steel" ЖШС және отандық машинажасау кәсіпорындары саналады.

Мамандардың болжамы бойынша алдағы жылдары Қазақстанның тау-кен өнеркәсібін тұрақты өсім күтіп тұр. Оған базалық металдар бағасының өсуі, сондай-ақ кейінгі жылдары жүзеге асырылған заңнамалық трансформация мүмкіндік туғызады. Нәтижесінде, металдарға деген сұраныс өсіп, ішкі тұтыныс артпақ.

"Атамекен" палатасы, сондай-ақ бірқатар сарапшылар тыйым салудың орындылығын айтады.

"Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері біраз уақыт бойы метал сынықтары Қазақстанның барлық аймақтарынан қарқынды түрде жиналып, жүздеген мың тоннасы шетел, Қытай асатын. Соңғы бес жылдан астам уақыттан бері ел үкіметі ішкі нарықты осындай тыйымдармен қорғау шараларын жүзеге асырып келеді. Мораторий аясында метал сынықтарын қабылдаушыларға өз тасымалдарын ішкі нарыққа лайықтап, соларды өңдеумен айналысатын қазақстандық металлургиялық кәсіпорындармен мәмілеге келу, өзара тиімді ұзақмерзімді келісімшарттар бекіту, бірлесе жұмыс жасау ғана қалады. Бұл жерде ұлттық палатаның ұсынысы бойынша ел үкіметі тыйым салудан тек легирленген және тат баспайтын болат сынықтарын босатып, оны сыртқа тасуға ұлықсат етті. Өйткені оны өңдейтін кәсіпорындар Қазақстанда жоқ", – дейді кәсіпкер Данияр Егин.

Әрине, тыйым салуды қарастыратын құжатты "сынық жинаушылар" қабақтарын кіржите қабылдап отыр. "Казвторчермет" бас директоры Олег Якунин саланың жалпы алғанда, осындай шектеулер кесірінен туындаған 2014–2017 жылдар аралығындағы күйзелісті еңсере бастағанын айтады.

"Ағымдағы онжылдық басында Қазақстанда жыл сайын шамамен 3,5 миллион тонна метал сынығы жиналатын. Оның 80 пайыздайын қарапайым қазақстандықтар, жеке тұлғалар тапсыратын. Бұл ретте ішкі нарықтың ең көп тұтынысы 2011 жылдың еншісіне келді: сол жылы отандық кәсіпорындар шамамен 1,7 миллион тонна метал сынығы мен қалдықтарын өңдеді. 2 миллиондай тоннаны еліміз жыл сайын сыртқа сататын. Алайда 2013 жылы қазақстандық металлургтер лобби жасап, алғаш рет метал сынықтарының экспортына тыйым енгізілуіне қол жеткізді. Олар осы арқылы ішкі нарықтағы оның құнын арзандатуға ұмтылды. Және бұл мақсатына жетті де. Алайда сонымен бірге, жинау көлемі күрт құлдырады, саладағы сынықтарды өңдеумен шұғылданатын жаңа кәсіпорындарға инвестиция салу тоқтады", – дейді Олег Якунин.

Оның байламынша, нарықтың үлкен бөлігі "көлеңкеге" кетті. Бұған заңсыз экспорттық жеткізілім көлемінің азаймағаны дәлел көрінеді. Қазір саланы "күнгейге" қайтару үшін табыс салығын 10%-дан 3%-ға дейін төмендету жұмыстары жүргізілуде екен. Бұл заңды секторда жұмыс жасауға деген қызығушылықты арттыруға тиіс.

Метал сынықтары бүгінде негізінен еліміздің батыс және оңтүстік өңірлерінде жиналып, Павлодар және Қарағанды облыстарына молынан тасымалданады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу