banner

Биткоинға "Федкоин" қарсы тұруы мүмкін

8719

Егер криптовалюта және блокчейн технологиясы ақша болашағына айналатын болса, АҚШ Орталық банкі өзінің электрондық валютасын шығаруы ғажап емес.

Биткоинға "Федкоин" қарсы тұруы мүмкін

Биткоин мен өзге де криптовалюта энтузиастары әлемде ақша операцияларын бақылап отырған орталық банктерге күмәнмен қарайтыны белгілі. Бірақ, сол банктердің өздері электрондық ақша шығару ісіне кірісіп жатса ше?! Мысалы, АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі (ФРЖ), Еуропа орталық банкі, Жапония банкі блокчейн технологиясын пайдаланып, виртуалдық валюталарын өндіре бастаса, қалай болар еді?

Осыдан бірнеше апта бұрын Құрама Штаттар Федералдық резервінің губернаторлар органының бұрынғы мүшесі және былтыр осы орталық банк басшылығына өткен сайлауда ақтық сынға жеткен Кевин Уорш "Нью-Йорк Таймс" газетіне сұхбат берді. Айтуынша, егер ол Федрезервке қайта оралса, "Федкоин" деген ақша шығарып, оған заңдық мәртебе берумен айналысатын команда құруды ойластырар еді. Уорштың сөзінше, бұл – қарастыруға лайық идея.

"Орталық банктердің көбі крипто-салымдарды ақылға қонымды дүние деп есептейді. Ия, одан қауіп те бар шығар. Бірақ, "Федкоин"  қолма-қол ақшаның орнын басып қана қоймай, тағы да қаржылық дағдарыс бола қалған жағдайда, ақша-несие саясатын тиімді жүргізудің құралына айналар еді", – дейді Уорш.

Сонымен қатар, оның ойынша, транзакцияларды орталықтың көмегінсіз есептеуге мүмкіндік беретін блокчейн технологиясы ФРЖ қарамағындағы төлем жүйелері үшін пайдалы нәрсеге айналып, банктерден банктерге триллиондаған долларды аудару тәсілдерін жеңілдетер еді. Осыны ескере отырып, Уорш "бұл салада орталық банктердің де сандық ақшалары рөл ойнай алады" деген пікірде.

Әлемнің орталық банктерінде сандық валютаға бетбұрыс байқалады
Кейбір орталық банктер қазірдің өзінде осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Солардың қатарында Сингапур Ақша-несие органы мен Англия банкі бар. Ал, АҚШ Федералдық резерв жүйесінің жаңа төрағасы Джером Пауэлл былтыр қараша айында мынадай мәлімдеме жасады: "Біз іс жүзінде блокчейнді экономикадағы жаппай төлемдерде айтарлықтай қолданылуы мүмкін жүйе деп қарастырамыз".

Кейбір сарапшылардың айтуынша, орталық банктерге сенбейтіндер пір тұтып отырған сандық ақша технологиясы осы банктердің негізгі инструментіне айналып жатса, ғажап болар еді.

Дегенмен, биткоин мен оған бәсекелес криптовалюта түрлері өте көп. Олардың құны сан-аулан. Осы жерде бұндай ақшаларды бір-біріне айырбастау проблемасы бар. Ал, орталық банктер ақшаның тұрақты құнын сақтауға жүздеген жыл кетірді. Және де биткоин тәрізді сандық валюталар салықтан жалтаруға, заңсыз ақша аударуға, алаяқтыққа итермелер, ғаламдық деңгейде тәртіп сақшыларының нысанасына айналады деген болжам айтылып отыр.

Болжам шындыққа айналса, орталық банктер ұтылмақ
Сарапшылардың пікірінше, блокчейн жүйесін қолданатын орталық банктер криптовалюта жанкүйерлерінің біршама әсіре әдістерін қабылдай алмауы мүмкін. Бірақ, екі жақ арасында болашақта ортақтық көбірек болуға тиіс. Ал, Уорштың сөзінше, адамдар сандық ақшаны қандайда бір формада болашақтың валютасы деп есептесе, орталық банктер де виртуалдық төлем құралдарына тек жаңа дүние деп емес, одан да маңызды нәрсе ретінде қарауы керек.

"Конгресс Федералдық резервке ақшаны монополиялауға құқық берді. Егер криптовалюталардың келесі толқыны алтыннан көрі ақшаға көбірек ұқсайтын болса, яғни, олар тұрақтылығымен ерекшеленіп, жай ғана спекулятивтік активтер деген атағынан арылып, сенімді есеп құралына айналып жатса, біреулердің менен оларға монополияны алып қойғанын қаламас едім", –  дейді Кевин Уорш.

Бірқатар зерттеушілердің ойынша, егер криптовалюта энтузиастардың "бұл технология келешекте керітартпалыққа негізделген ақша аударымдары үшін жақсы тәсілге айналады" дегені шын болып шықса, Федералдық резерв пен оның шетелдегі әріптестері оңбай ұтылған институттар қатарына қосылар еді.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу