Биткойннан бақ тайды

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
7151

Майнерлер Bitcoin Cash-ке бет бұрып жатыр.

Биткойннан бақ тайды

Bitfinex биржасының мәліметінше, жыл аяқталуға санаулы күн қалғанда биткойн криптавалютасының құны күрт құлдырап, негізгі көрсеткішінің 36,8%-ын жоғалтты. Сол-ақ екен виртуалды валюта әлемінде алаң-елең басталды.

Естеріңізде болса, жаз айларында биткойнның бағасы бет қаратпай тұрды. 1 биткойнды 2500 доллардан саудалай бастаған биржалар желтоқсан айының ортасында оның құнын 20 мың АҚШ долларына жеткізді. Алайда бұл уақытша құбылыс болды. Көтерілуі тез болған биткойнның құлдырауыда көз ілеспес жылдамдықпен жүрді. Қазір 1 биткойнның бағасы 14-15 мың көк қағазды құрап тұр.

Tele Trade компаниясының аға сарапшысы Петр Пушкаревтің пікірінше, биткойн құнының құбылуына оның Чикаго тауар биржасына шығарылуы себеп болған. Ал Finnix Invest компаниясының бөлім басшысы Евгений Чекай бәріне блокчейін жүйесі кінәлі деп отыр.

"Блокчейін жүйесі баяу жұмыс істейді. Оның ескірген технологиясы криптоиндустрияның талабына толық жауап бермейді. Салдарынан транзакция ұзақ жүреді де, көп комиссия ұсталады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін технологияны жетілдіру немесе Bitcoin Cash жүйесіне көшу керек", – деді бөлім басшысы.

Оның ойынша, биткойн технологиясы жаңғырмайынша ол өзінің құнына кері әсерін тигізе береді. Тап қазір майнерлерге Bitcoin Cash-ке жүгінген ыңғайлы. Себебі Bitcoin Cash транзакцияны өте жылдам атқарады.

Айта кетейік, қазір мүдделі топ биткойнның блогын 4 мб-қа жеткізіп, жұмыс істеу жылдамдығын арттыру бағытында тер төгіп жатыр.

"ФИНАМ" компаниясының сарапшысы Леонид Делицынның айтуынша, биткойнның бағасын фьючерлік биржада жасалған қате болжам құлдыратып жіберген.

"Бүгінде биткойн криптовалютасы алыпсатарлардың ермегі болып тұр. Олар оны әлдекімдерден арзанға сатып алып, басқаларға қымбатқа сатып, үстінен пайда көріп жүр. Негізінде, қазір биткойн сатып алудың және оны төлем құралы ретінде пайдаланудың қажеті жоқ", – деді Леонид Делицын. Ал "Golden Hills – КапиталЪ АМ" инвестициялық компаниясы сараптау департаментінің директоры Михаил Крылов биткойнның бағының таюына ұстанымы мен бағытынан жаңылуы түрткі болғанын айтты.  

"2018 жылы биткойн өзінің бұрынғы деңгейіне қайта көтеріледі. Бұрынғы биігінде сәл тұрып, уақыт өте келе қайта түседі. Осы сәтте басқа криптавалюталар нарықтағы үлесін арттыру үшін жанталасады", – деді департамент директоры.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу