Биыл Қазақстан суицид жөнінен әлемде "жиырмалыққа" енді

1895

Балаларға қатысты жыныстық зорлық деректері Қызылордада екі есе өсіп отыр. 

Биыл Қазақстан суицид жөнінен әлемде "жиырмалыққа" енді Фото: twitter.com

Әрбір елдің өз болашағына көзқарасын балаларға деген көзқарасынан білуге болады. Бұл тұрғыда қазақстандықтардың балаларға қатысты қарым-қатынасы жақсы болмай тұр.

Мұны Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті жаңа жариялаған өзекті статистика паш етті.

Біріншіден, балаларға қарсы бағытталған сексуалды қылмыстар саны жоғары. 2020 жылы – 833, 2021 жылы – 920, ал 2022 жылы 719 кәмелетке толмаған бала жыныстық қылмыстардың құрбаны болды. 2023 жылдың 6 айында жыныстық қылмыстар Қызылорда облысында екі есе (11 деректен 22-ге дейін) өсті.

Балаларға қатысты қылмыстардың көптеген көрсеткіші бойынша Түркістан облысы антилидер саналады: сексуалды қылмыстар биылғы жартыжылдықта Түркістан облысында 26,5% (34-тен 43-ке дейін) артты. Атырау облысында 26,3% (19-дан 24-ке дейін), Жамбыл облысында 15,8% (19-дан 22-ге дейін) көбейді.

Дегенмен, жыныстық қылмыстар ең көп тіркелген Алматы (51), Түркістан (43) және Қарағанды (36) облыстары антилидер атанды. Яғни көрсеткіштері өте нашар.

Барлығы 3 жыл ішінде балаларға қатысты "жыныстық қол сұғылмаушылыққа" қарсы 2 472 қылмыс жасалды. Сонымен қатар, Ішкі істер органдарының есебінде 6 мыңға жуық қолайсыз отбасы тұр.

Екіншіден, жас ұрпаққа қатысты өзге де қылмыстар өршіп барады. Балаларға қатысты жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 2021 жылы – 2088, 2022 жылы – 2005, 2023 жылғы 6 айда – 1 261-ге жетті.

2023 жылдың І-ші жартыжылдығында балаларға қатысты қылмыстар:

  • Қызылорда қаласында 104%-ға (26-дан 53-ке дейін),
  • Маңғыстау облысында 54,3%-ға (С 35-тен 54-ке дейін),
  • Алматы қаласында 34,2%-ға (79-дан 106-ға дейін),
  • Атырау облысында 28%-ға (50-ден 64-ке дейін),
  • Шымкентте 25,9%-ға (58-ден 73-ке дейін),
  • Батыс Қазақстан облысында 19,6%-ға (56-дан 67-ге дейін),
  • Ақтөбе облысында 13%-ға (54-тен 61-ге дейін),
  • Астанада 7,7%-ға (65-тен 70-ке дейін),
  • Түркістан облысында 3,6%-ға (110-дан 114-ке дейін),
  • Қостанай облысында 2,6%-ға (38-ден 39-ға дейін) өсті.

Бұл ретте балаларға қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтардың ең көп саны Алматы (115), Түркістан (114) облыстары мен Алматы (106) қаласында тіркелген.

Үшіншіден, ересектердің теріс көзқарасын көрген балалар да қатыгездене түскендей. Жасөспірімдер ортасындағы криминогендік жағдай күрделенді: балалар 2021 жылы – 1529, 2022 жылы – 1735, 2023 жылғы 6 айда – 844 қылмыс жасаған. Бұл жерде кәмелетке толмағандардың қылмыстарының саны айтарлықтай, 13,4% артты.

Төртіншіден, балалардың бір бөлігі өмірден түңілуде. Балалар ортасында суицид құбылысы белең алды: 2020 жылы – 144 бала өзіне өзі қол салып, өмірін қиды. Жалпы алғанда, 307 бала соған талаптанған. 2021 жылы балалардың өзіне-өзі қол жұмсаудың 175 фактісі тіркелді. Ал өмірімен қоштаспақ болғандар – 373. 2022 жылы суицид салдарынан қыршын кеткендер саны 155 болса, өзіне қол салмақ болғандардың 309 фактісі тіркелді. 2023 жылғы 6 айда – балалар суицидінің 95 фактісі тіркелді. 207 бала өмірін қимаққа ұмтылған.

2023 жылдың 6 айында жас ұрпақтың суицид салдарынан қайтыс болу оқиғалары бірден 10 өңірде өсті: қара тізімге Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Түркістан облыстары, Алматы, Шымкент қалалары кірді.

Суицидтің ең жоғары көрсеткіші Түркістан облысында , яғни бұл өңірде 20 жағдай тіркелген.

Суицид жасамақшы болғандар саны 10 өңірде ұлғайды: Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары, Астана, Алматы және Шымкент қалалары. Өз-өзіне қол жұмсамақ болған әрекеттердің ең көбі Астана қаласына тиесілі (47). Бұл балалар, әрине, құтқарылды. Қайта талаптанбауы үшін мемлекет пен қоғам шара қабылдауы шарт.

Алайда Қазақстанда ересектердің өздерінің үлкен бөлігі стресс, дағдарыс пен депрессияда көрінеді. Салдарынан 2023 жылға арналған Wisevoter рейтингінде Қазақстан суицид статистикасы бойынша дүниежүзіндегі 178 елдің ішінде 19-орынға шықты. Әрбір 100 мың тұрғынның шамамен 18-і (17,6) өзіне қол салады.

Рейтинг қорытындысы Үкіметтің өзін шошынтты

Өкінішке қарай, Қазақстан балалардың өмір сүруі үшін қолайсыз ел саналады. Бұрын осыған қатысты шетелдік рейтингтер күмән, скепсис туғызатын. Дарынды жастардың мектеп бітіре сала, шетелге жаппай кетіп жатқанына қарамастан, аға ұрпақтың басым бөлігі "қазақстандық балаларының жарқын болашағы тек Қазақстанмен байланысты" деген сияқты жалаң ұрандарға ұрынады. Қынжылтатыны сол, ересектердің ол ұраны төл істерімен үйлеспейді.

Содан Премьер-Министрдің 2022 жылғы 1 ақпандағы №21-р қаулысымен Қазақстан "Балалардың әл-ауқатының индексін" қабылданды. 36 статистикалық және 20 сауалнама индикаторларынан тұратын бұл рейтинг қазақстандық балалардың қандай бақытты екенін паш етуге тиіс еді. Шынайы көрініс мүлдем басқаша болып шықты.

Индекс нәтижелерін талдау көрсеткендей, көптеген аймақ балалар әл-ауқатының орташа деңгейіне әзер жетті. Бірде бір өңір 100% көрсеткішке жете алмады. Бірде бір өңір балалар үшін толық қауіпсіз деп танылмады.

Барлық индикаторлар нәтижелері бойынша Қазақстан балалардың әл-ауқаты жөнінен жүз балл ішінен 55,6 балға ғана тартты. Балалар үшін ең қолайлы деген өңір – Алматы қаласының өзі 63,6 балл ғана жинады.

Индекс қорытындысында биыл балаларға қолайлылық пен қауіпсіздік жөнінен 3 өңір "қызыл" және 14 өңір "сары аймақта" орналасты. Яғни, пандемиялық қалыпқа салсақ, үш өңір карантин жариялайтындай ауыр жағдайда. Бірақ пандемия кезіндегіден айырмашылығы, Үкімет ол өңірлерде балаларды құтқаруға бағытталған шұғыл шаралар қабылдамақ түгіл, олардың атын да атамады.

Жалпы, Қазақстанда балаларды жәбірлейтіндер көп: өз ата-анасы, өгей әке-шешесі, туысқандары, көршілері, көшедегі және ғаламтор мен әлеуметтік желідегі бөгде адамдар, тетелестері.

Мемлекеттің басты міндеті – жас ұрпақты, балаларды қорғау. Бірақ ол басты міндетін де лайықты орындай алмай отыр.

Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті бүгінде балалардың зорлық-зомбылықтан қорғалмауына соқтырған қаптаған жүйелі проблемаларды атады: біріншіден, қолайсыз отбасылармен жұмыс жеткіліксіз. Екіншіден, көптеген білім беру ұйымдарында арнайы штаттың болмауы салдарынан әлеуметтік педагог жоқ. Оның қызметін қоса атқаратын педагогтер біліксіз әрі жұмыс нәтижелері төмен.

Үшіншіден, бүкіл отбасына кешенді көмек көрсетуге бағытталған медициналық-әлеуметтік есепке алуды жүргізудің бірыңғай тәсілдемесі жоқ. Әркім өз білгенін істейді.

Төртіншіден, балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайларына меморгандардың ден қою алгоритмі жоқ. Ықтимал зорлықшылдардың қылмыс жасауына жол бермей, олардың мінез-құлқын түзету жөніндегі шаралар кешені сол бойы қабылданбады.

Бесіншіден, орталық меморгандардың ешқайсысында балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық нысандарының бірыңғай есебін жүргізу жүйесі енгізілмеген. Алтыншыдан, мектептердің әлеуметтік педагогтары мен педагог-психологтары мектептердегі балалар санын есепке алмай бөлінеді. Бұл осы мамандарға үлкен жүктеме түсуіне, оқу-тәрбие процесінің тиімділігіне және білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың әл-ауқатының деңгейіне айтарлықтай теріс әсер етеді.

Жетіншіден, білім беру ұйымдарында қорқытудың, буллингтің алдын алудың кешенді бағдарламалары жоқ.

Үкімет қандай жаңа шаралар қабылдамақ?

Осыған байланысты, Оқу-ағарту министрлігі Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023–2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспардың жобасын әзірледі. Құжат Үкіметтің қаулысымен бекітілмек. Бірақ онда да тың шаралар, жасампаз жобалар байқалмайды.

Министрлік Балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тәуекелдердің интерактивті картасын іске қоспақ.

"Интерактивті карта өңірлердің, білім беру ұйымдарының бөлінісінде Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы жағымсыз құбылыстардың, зорлық-зомбылық, суицид, құқық бұзушылықтар, балалар жарақаттары және басқа да барлық түрі бойынша статистикалық деректерді қамтитын болады. Көрнекі статистикалық мәліметтері бар интерактивті карта қоғамның, ата-аналардың, мұғалімдердің және мектеп әкімшілігінің қауіпті аймақтар мен балалар ортасындағы жағдай туралы хабардар болуын арттыруға көмектеседі. Бұл проблемаларға неғұрлым жауапты үн қатуға ықпал етуі және жағымсыз құбылыстардың алдын алу және жою бойынша әрекеттерді бастауы мүмкін", – деп санайды министрлік.

Бірақ бұл бос сөз болып шықпас па? Мысалы, осыдан біраз жыл бұрын педофилдердің қай қалада, көшеде тұратынын көрсететін интерактивті электронды карта жасалып, іске қосылған. Алайда ол педофилия оқиғаларының азаюына еш ықпал етпеді. Әрі картаны табу да қиын.

Екіншіден, Оқу-ағарту министрлігі алда балалар ортасында "кейс-менеджмент" технологиясын енгізетін болады. Ведомствоның түсіндіруінше, құқық бұзушылыққа бару қаупі бар немесе құқық бұзушылық жасаған кәмелетке толмағандардың әрқайсысының жеке істері кейс ретінде қарастырылады. Кейс әрбір баланың дара, ерекше қажеттіліктері мен сипаттамаларына қарай құрылады.

Кейс-менеджерлер кәмелетке толмағандарға жан-жақты көмек, қолдау көрсету үшін басқа мамандармен, ұйымдармен тығыз жұмыс істейді.

Әрбір жеке жағдай үшін нақты мақсаттар мен міндеттер анықталады, сондай-ақ оларға қол жеткізу үшін жеке іс-қимыл жоспары әзірленеді. Кейс мақсатына, ақырғы қорытындысына жетудегі, мәселені шешудегі прогресс үнемі бақыланып, бағаланып отыруға тиіс.

Кейс-менеджмент аясында тәртіпсіз, тентек, оқу үлгерімі нашар, ешкіммен араласпайтын саяқ, зорлықшыл балалардың әрқайсысының тәуекелдері мен қажеттіліктері бағаланбақ. Оларды әлеуметке, яғни құрбы-құрдастары мен оқушылық ортаға кіріктіру, жеке араласу жоспарын әзірлеу, әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті ұйымдастыру, мысалы, спорт секциясына немесе шығармашылық үйірмеге беру сияқты шаралар қабылдануы қажет.

Сондықтан бұл іске Ішкі істер, Оқу-ағарту, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Мәдениет және спорт сияқты министрліктер жұмылдырылуға тиіс.

Бұл – Қазақстан шенеуніктерінің ойлап тапқаны емес, дамыған елдердің үздік тәжірибесі. Мысалы, Үкімет Финляндия мемлекетінің Kiva деп аталатын балалар арасында жәбірлеудің алдын алу бағдарламасын енгізуге ниетті. KiVa – инновациялық, нәтижелері жоғары, ғылыми негізделген буллингпен күрес бағдарламасы. Ол жұмыс істеген 10 жыл ішінде фин елінде балалар буллингінің көрсеткіштері 4 есе төмендеген.

Алайда әрекетке шабан, іске олақ, ел мүддесіне селқос, бюрократия батпағында ғана өзін суда жүзген балықтай сезінетін қазақстандық шенеуніктер әлемдегі ең озық үлгілерді жылдам жарға жығатынын талай рет дәлелдеді.

Бұл "шеберлігін" олар балаларға қатысты салада ары қарай қолданса, Қазақстан жарқын болашағынан айрылуы мүмкін. Өйткені талантты, тағылымды, болашағынан мол үміт күттіретін балалар мен жастар тегіс шетелге кетіп қалмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу