RU KZ
TV
RU KZ
DOW J 24 711,38 Hang Seng 27 168,62 KASE 2 292,79 РТС 1 171,88 FTSE 100 6 969,61 Бидай 516,60
$ 378.78 € 430.71 ₽ 5.71
Ауа райы:
-7Астана
-2.23Алматы
DOW J 24 711,38 Hang Seng 27 168,62
KASE 2 292,79 РТС 1 171,88
FTSE 100 6 969,61 Бидай 516,60
$ 378.78 € 430.71 ₽ 5.71
Биылдан бастап ҰБТ жылына 4 рет өткізіледі

Биылдан бастап ҰБТ жылына 4 рет өткізіледі

Мемлекеттік грант иегері атану үшін ҰБТ-ның маусым айындағы нәтижесі ғана жарамды болады. 

Биылдан бастап ҰБТ жылына 4 рет өткізіледі , БҒМ, ҰБТ, мемлекеттік грант

594 11 Қаңтар 2019 12:25 Автор: Абылай Бейбарыс

Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ ) форматы өзгермейді. Талапкерлер 2019 жылы осыған дейінгідей 3 міндетті және өзі таңдаған мамандық бойынша 2 салалық пәннен тест тапсырады. Бұл туралы білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.

Вице-министр ҰБТ-ға енгізілген өзгерістерге арнайы тоқталып, әрқайсын жеке-жеке түсіндіруге тырысқан. Оның жазуынша, бұған дейін маусым, тамыз, қаңтар айларында ұйымдастырылған ҰБТ 2019  жылдан бастап жылына 4 рет: қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында өткізіледі.

«Қаңтардағы, наурыздағы және тамыздағы ҰБТ-ға қатысқан талапкерлерге ЖОО-ның ақылы бөлімдеріне ғана түсу құқығы беріледі. Тест ақылы негізде болады. 3 тестілеудің нәтижесі бойынша сертификат беріледі, бірақ ол грант алуға жарамайды. Егер, талапкер мемлекеттік грант иегері атанғысы келсе, міндетті түрде маусымда ҰБТ тапсырады. Осының нәтижесі бойынша жоғары балл жинаған жағдайда ғана бюджет есебінен білім ала алады», – деп жазды білім және ғылым вице-министрі.

Асхат Аймағамбетов ақылы бөлімге түсу үшін талапкерлер 4 ҰБТ-ның біріне қатысып, шекті балл жинауға тиіс екенін нақтылады.

«Мысалы, талапкер қаңтардағы ҰБТ-ға қатысып, 120 балл жинайды. Осыдан соң ол 1 ақпанда ЖОО-ның қабылдау комиссиясына барып, бірден ақылы бөлімге тіркеле алады. Кейін мемлекеттік грант иегері атанғысы келіп, маусымдағы ҰБТ-дан 50 балл жинаса немесе қаңтарда 120 балл жинаған сертификатын көрсетсе, мемлекеттік грант иесі атана алмайды. Мемлекеттік грант иегері атану үшін ҰБТ-ның маусымдағы нәтижесі ғана жарамды болады», – деп түсіндірді вице-министр.

Оның мәлімдеуінше, қаңтар мен наурызда ҰБТ-ға 11 немесе 12 сынып оқушылары, қыркүйекте ЖОО-ға шартты түрде оқуға түскендер мен шығармашылық мамандықтан басқа мамандыққа ауысып жатқан студенттер, маусымда грантқа үміткер барлық санаттағы талапкерлер, ал тамызда ақылы бөлімге түсетіндер мен осыған дейін қажетті балл жинай алмаған талапкерлер қатыса алады. 
«Шығармашылық мамандықтан басқа мамандыққа ауысқысы келетін студенттер үшін 2 салалық пән бойынша емтихан тапсыру қажет. Себебі олар шығармашылық мамандыққа оқуға түскенде салалық пән бойынша тест тапсырмаған. Мамандық ауыстырған кезде осы айырмашылықты тапсырулары тиіс», – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, гранттар топтарға бөлініп, таратылады. 
«Мысалы, ақпараттық технологиялар  деген топ бар, оның құрамына информатика, ақпараттық жүйелер, блогчейн, биг-дата сынды ақпараттық бағдарламалар енеді. Бұл топқа 1 000 грант бөлінді делік. Байқау осы топты көрсеткен үміткерлер арасында өтеді. Осы топтан грант иегері болып шыққан талапкер университетке қабылданады және топ аясындағы нақты бағдарламаны өзі таңдайды. Егер, ақпараттық технологиялар бойынша грант ұтып алса, кейін биг-дата немесе осы топ ішіндегі басқа да бағдарламаға ауыса алады», – деп қорытты әлеуметтік желідегі жазбасын білім және ғылым вице-министрі.

Абылай Бейбарыс

Тегтер:

Аbctv.kz-ті қараңыз, оқыңыз :

Жаңалықтарға жазылу:

OK