Біздің шенеуніктерге де миллион доллар төлеу керек

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2046

Бұл үшін Қазақстан  әлемдік рейтингте отыздыққа емес, Сингапур секілді алғашқы бестікке кіруі шарт. 

Біздің шенеуніктерге де миллион доллар төлеу керек

Сингапурда "халық қызметшілері" миллион долларға дейін айлық алады, қазақстандық шенеуніктердің де арманы – осы! Сингапурды бар істе үлгі тұтатын Қазақстан бірте-бірте осыған келетінге ұқсайды.

Үкіметтің бүгінгі отырысында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев Сингапурдың негізін қалаған және елу жылдай басқарған тұлға Ли Куан Юдың нақыл сөзін үкімет мүшелерінің есіне салды.

Министрлер кабинетінің жиынында жергілікті атқарушы органдардағы сыбайлас жемқорлықтың жай-күйі қаралған болатын.

"Мемлекеттік органдардың басшыларына үлкен құзыр-өкілеттік берілген. Бірақ олар өздері тағайындаған қоластындағылардың жүйелі коррупциялық қылмыстары үшін ешқандай дербес жауапкершілік арқаламайды. Осыған байланысты Сингапурдың негізін қалаушы және лидері Ли Куан Юдың: "егер жоғарыдағы тұлғалар сыбайлас жемқорлық схеманың барлығын білмесе, демек олар оған қамқорлық жасап отырғаны" деген сөзін ойға оралтсақ орынды. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай адамдар көбіне сол коррупциялық схеманың ішінде отырады", – деді Алик Шпекбаев. 

Оның айтуынша, көптеген меморгандар мен мекемелердің басшылары өздеріндегі коррупциялық тәуекелдерді іздеп табуға және жоюға не қызығушылық білдірмей отыр, не оған қабілеті жетпейді. Мұның дәлелі ретінде агенттік төрағасының орынбасары мына деректі келтірді: 20-дан астам меморган өз ведомстволары мен кәсіпорындарында ішкі талдау жүргізу нәтижесінде "оларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ" деген қорытындыға келіпті.

Алик Шпекбаев ішкі тексеріс жүргізу мүмкіндігі әрбір меморганда бар екеніне, бірақ ол тексерістер "нөлдік" нәтиже беретініне назар аудартты.  

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі дерегінше, елімізде сыбайлас жемқорлық тамыр жайған өңірлерге Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды және Жамбыл облыстары жататын көрінеді.

"Өз қоластындағылар жасаған коррупциялық қылмыс үшін басшылардың дербес жауапкершілігін енгізу мемлекеттік органдардағы жағдайды түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді. Жауапкершіліктің нақты әрі қатаң "вертикалі" қажет", – деді Алибек Шпекбаев.

Ол көптеген дамыған елдерде, мысалы, Сингапурда кеденде жемқорлықтың бір фактісі анықталса, ол кеден бекетінің бүкіл ұжымы жұмыстан қуылатынын алға тартты.

Бұл ретте оның бір байламы "мемлекеттің қыруар қаржысы сеніп тапсырылған шенеуніктердің жалақысы аз" дегенге сайды.  

"Екінші бір себеп – салыстырмалы алғанда, еңбекақының аздығы. Көптеген мемлекеттер жоғары жалақы тағайындау арқылы мемлекеттік қызметтің беделін көтереді. Еңбекақы көлемінің аз болуы бұрыннан мәселе ретінде көтеріліп келеді, бірақ әлі күнге ол сыбайлас жемқорлықпен күреске кері ықпалын тигізуде. Мысалы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы 146 мың теңге жалақы ала отырып, 3 миллиард теңгеден астам қаржыны игеруге жауапты бюджеттік бағдарламаның әкімшісі болып табылады. 54 мың теңге жалақы алатын қызметшінің тексеріс өткізу кезінде кейбірінің көлемі 1 миллион теңгеден асатын айыппұл түрлерін салуға құзыры бар. Осыған байланысты мемлекеттің бақылаушы-қадағалаушы функцияларын қысқарта отырып, осы функцияларды атқаратын, яғни тексеруші мемлекеттік органдар санын оңтайландыру, қысқарту мәселесін қарастырған жөн, – деді Алик Шпекбаев.

Оның ұсынуынша, осы қысқарту есебінен бірінші кезекте ауылдық және аудандық әкімдіктер қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру қажет. Себебі олар бонустар да, сыйақылар да алмайды. Ал орталықтағы шенеуніктер болса, екі айда бір рет сыйақы алып отырады екен.

Осы орайда abctv.kz порталы Қазақстан үлгі етіп отырған Сингапурдың тәжірибесін зерделеді. Бұл елде Ли Куан Ю 90-шы жылдары арнайы заңның қабылдауына ықпал етіпті. Оған сәйкес, бюрократиялық аппаратты ұстап тұруға салықтық түсімдердің белгілі бір пайызы бағытталатын болып бекітілді. Яғни елде бизнес гүлденсе, экономика артса, салық көп түссе, шенеуніктердің де жалақысы артады. Ал егер экономика құлдыраса, бизнес тоқыраса, олармен бірге шенеуніктер де жапа шегеді. Осылайша "алып корпорацияға" айналған Сингапур "халық қызметшілерін" де табыстан түсер пайыздарға отырғызып қойды. Одан халық та, билік те ұтты. Сингапурдың әлемдегі алдыңғы қатарлы өндірістік дамыған елге айналуы арқасында сол пайыздардың орасан зор көлемге жеткені сонша, қазір мысалы, судьялар бұл елде ай сайын миллион доллар жалақы алады.     

Сингапурда жоғары лауазымды тұлғаларға ешқандай кеңсе-сарайлар, нөкерлер мен күтушілер және басқа да жеңілдіктер берілмейді. Оларға бәрін ақша күйінде береді, ары қарай оны қалай жұмсайтынын шенеунік өзі шешеді. Бұл ретте оларға өздері табатын табыстан артық шығын шығаруға тыйым салынған. Егер биік лауазымды тұлғаның өзі не отбасы тапқан табысынан артық шығын шығарғаны анықталса, ол бірден, "автоматты" түрде коррупционер болып танылып, тергеуге алынады. Осындай қатаң шаралар арқасында "Транспаренси Интернейшэнл" ұйымы Сингапурды жемқорлықтан толықтай дерлік арылған ел деп таныған.

Қалай болғанда, қазақстандық шенеуніктер миллион долларлық жалақы алулары үшін Қазақстан Сингапурдай әлемдік рейтингте "отыздыққа" емес, алғашқы "бестікке" кіруі шарт сияқты.

Бір айта кетер жайт, үкімет отырыста жемқорлық бойынша қандайда бір нақты шешім қабылдамады. Тек мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұсыныстарын назарға алды.

Биыл "бестікке" кіреміз

Үкімет отырысында 2017 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын өткізу қорытындылары қаралды. Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғановтың баяндауынша, биыл еліміздегі егіс алқабының жалпы ауданы 22,5 млн гектарға жетіпті.

"Бұл өткен жылмен салыстырғанда 650 мың гектарға үлкен. Егін егу жұмыстарын әртараптандыру аясында сұранысы жоғары дақылдарды егетін алқаптар 1 миллион 348 мың гектарға ұлғайтылды, бұл АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасының жоспарланған индикаторынан 340 мың га-ға жоғары көрсеткіш, – деді ол.

1-ші вице-министрдің мәліметінше, жасымық (чечевица) егісін ұлғайту Қазақстанға әлемде аумақ бойынша 5-ші және экспорт бойынша 4-ші орынды иеленуге мүмкіндік беруде.

Бұдан өзге, биыл қант өндірісі бір жарым есеге, майлы дәндер 1,3 есеге ұлғайтылады деп күтілуде. Жүзеге асырылып жатқан әртараптандыру жұмыстары әр гектардың тиімділігі мен өндірістің табыстылығын арттырады.

"Тұқым шаруашылығына қолдау көрсету қаражаттарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3,3 есеге өсті. Бірегей және элиталық тұқымдар өндірісі қайта қалпына келтірілді және тұқым шаруашылығына қолдау көрсетудің өзге де шаралары қабылданды. Сондай-ақ, минералды тыңайтқыштарды субсидиялау тетігін қайта қарау оларды қолдану көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді" деді Қайрат Айтуғанов.

Ол көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге қажетті дизельдік отынға деген сұраныс толығымен қамтамасыз етілгенін мәлімдеді. Ел үкіметінің жаздық егіс кезеңінде акциздердің мөлшерлемесін төмендету туралы шешімі дизельдік отын бағасын республика бойынша орта есеппен литріне 123 теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік беріпті.

Егістерді химиялық өңдеу бойынша қорғау шараларын жүргізу үшін еліміздің оңтүстік өңірлеріне қосымша пестицидтер мен техникалар жеткізілді. 591 мың гектар жер өңделді. Ауыл шаруашылығы жерлеріне зақым келтірілген жоқ.

"Өзге өңірлерде үйірлі көкқасқа шегірткелерге қарсы олардан қорғау шаралары жоспар бойынша жүргізіліп жатыр" деді АШМ бірінші вице-министрі.

Өз кезегінде вице-премьер – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов ағымдағы жылы тұқым шаруашылығын қолдау 3,3 есеге, минералды тыңайтқыштарды қолдану – 1,5 есеге ұлғайғанын хабарлады. Жалпы АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасындағы белгіленген өндірісті әртараптандыру бойынша индикатор асыра орындалса, көктемгі егіс жұмыстары аясында жоспарланған индикаторлар толық орындалды. 

Баяндамаларды үнсіз тыңдаған премьер Бақытжан Сағынтаев инвестициялар және даму министрлігіне тыңайтқыш өндірушілерге қолдау көрсетуді және минералды тыңайтқыштар өндірісі көлемін арттыру және оларды тұтынушыларға жеткізу мәселелерін пысықтауды тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлу және өсімдіктерді аурулар мен зиянкестерден қорғау құралдарымен заманауи өңдеу шараларын қолдану жүктелді.  

Бұл тапсырмалардың орындалуын бақылауға және жалпы жағдайды үйлестіруге премьер-министрінің орынбасары–АШМ басшысы Асқар Мырзахметов жауап беретін болды.  

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу