Бизнеске қол сұғу төтенше жағдай ретінде қарастырылады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2177

2017 жылдан бастап шағын және орта бизнес қызметіне заңсыз араласуға байланысты 400-ге жуық қылмыс тіркеліп, 119 адам сотталды.

Бизнеске қол сұғу төтенше жағдай ретінде қарастырылады

Жыл басында "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік бірлескен жол картасын бекіткен болатын. Жол картасы 5 бағыттан, 16 іс-шарадан тұрады. Осы аптада аталған жол картасының аралық қорытындысына арналған жиын өтті.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасының орынбасары Олжас Бектеновтің сөзінше, кәсіпкерлерді түрлі кедергіден қорғау, әкімшілік кедергілерді алып тастау, бюрократиялық кедергілерді жою маңызды болып отыр.

"Мемлекет басшысының алға қойған мақсаттарына сәйкес, агенттік төрағасының тапсырмасы бойынша кәсіпкерлікті қорғау – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі. Әсіресе, шағын және орта бизнесті қорғау қажет. Олар көбінесе өз құқықтарын білмей жатады. Сондықтан орта және шағын бизнес қызметіне қол сұғу дерегі төтенше жағдай ретінде қаралатын болады. Тиісті шаралар қабылданбақ", – деді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, бүгінде қызметтердің 78%-ы электронды түрде және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қамтамасыз етіліп отыру. Бұл өз кезегінде бизнестің жұмысын жеңілдетті. Бұл бағытта ілгерілеушілік бар.

"4 жыл бұрын бұл сандар екі есе аз болған. Демек, шенеуніктердің азаматтар мен кәсіпкерлерге жасанды қиындықтарды туғызу мүмкіндігі екі есе жоғары болды деген сөз. Соңғы екі жарым жыл ішінде түрлі мемлекеттік органдардың 2 мыңнан астам қызметкері мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы бұзушылықтар үшін әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзуы жұртшылық пен бизнестің шағымдарын тудырады. 2016 жылдан бастап осындай фактілер бойынша 571 лауазымды тұлға жазаланды. Қылмыстық-құқықтық құрамдастық бағытында жұмыс күшейеді", – деді Олжас Бектенов.

Деректерге сүйенсек, 2017 жылдан бастап шағын және орта бизнес қызметіне заңсыз араласуға байланысты 400-ге жуық қылмыс тіркеліп, 119 адам сотталған. Биылдың өзінде қылмыстық істер аясында 371 кәсіпкердің құқығы қорғалған.

Олжас Бектенов агенттік сыбайлас жемқорлықты сүйемелдеу аясында бизнесті қорғауға бағытталған "Бизнесті және инвестицияларды қорғау" жобасы қолға алынғанын атап өтті.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау департаментінің директоры Олег Савеленко айтуынша, жүргізілген талдау мемлекеттік сатып алулар мен бақылау, рұқсат беру функцияларын жүзеге асыруда бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл механизмінде "көлеңкелі" сызбалардың барын анықталған.

Осы орайда, палата өкілі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау, құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларындағы "көлеңкелі" сызбаларды анықтау бойынша жүргізілген жұмыс нәтижесімен таныстырды.

"Ауыл шаруашылығында анықталған "сұр сызбалар" субсидиялауда бюджет қаражатын ұрлаудың сыбайлас жемқорлық тәуекелдері барын көрсетті. Өкілетті тұлғалар кәсіпкерлердің егістіктер көлемін асырып көрсету өтінімдерін оң  шешу  бойынша қызмет көрсетеді. Елге ауыл шаруашылығы өнімін кіргізуге рұқсат беруде жалған құжаттар беру сынды сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар. Нарықты бақылауға алған өкілетті тұлғалар кәсіпкерлермен байланысқа түсіп, белгілі бір сома үшін ветеринарлық-санитариялық талапқа сай келмейтін тауарды өткізуге рұқсат беруі де мүмкін", – дейді Олег Савеленко.

Оның айтуынша, жалған құжаттарды жасау бойынша осыған ұқсас мысал бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында тіркелген. Ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкері жалған инвесторға 25 215 000 теңге көлемінде субсидия алуға көмектескен. Серіктестік өкілі субсидия алуға қажетті барлық құжаттарды қолдан жасаған. Ал ол құжаттарға өкілетті тұлға қол қойған. Аталған сызбада қылмыс ауыл шаруашылығы басқармасының бас ревизорымен бірлесіп орындалып отыр.

Бұған бөлек, талдауда экология, құрылыс, сәулет, қала құрылысы, техникалық реттеу салалары бойынша "көлеңкелі" сызбалар анықталған.

Жиында көтерілген мәселелер қараша айында өтетін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің форумында талқыға түседі.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу