БҚО-дағы ет өңдейтін экспорттық кәсіпорынның жұмысы тоқтап тұр

«ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы қаржыландырылған «БатысМаркаЛамб» кәсіпорны жұмыскерлер мен жеткізушілерге ондаған миллион теңге қарыз болып қалған.

10 Тамыз 2018 12:07 Автор: Виктория Вольская
БҚО-дағы ет өңдейтін экспорттық кәсіпорынның жұмысы тоқтап тұр,  БатысМаркаЛамб, Иранға марқа етін экспорттау, Ресейге марқа етін экспорттау, БҚО-дағы қой шаруашылығы

Элиталық тоңазытылған қозы етін өндіретін «БатысМаркаЛамб» комбинатының жұмысының тоқтауына қаржыландыру себеп болған, бірақ нақты қандай қаржыландыру екенін ешкім дөп басып айта алмайды деп хабарлайды abctv.kz тілшісі.

Осыдан бір жыл бұрын, 2017 жылдың маусымында «БатысМаркаЛамб» ЖШС акционерлерінің бірі Рақымжан Исмағұлов Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Кулгиновқа Теһранға (Иран) 18 тонна тоңазытылған қозы етінің алғашқы 18 тоннасы жеткізілгені туралы есеп берген болатын. Қазақстандық жеткізуші ирандық «Санае» компаниясымен 1,5 мың тонна етті экспортқа шығару туралы келісімшарт жасаған.2017 жылдың қазан айынан бастап комбинат қызметкерлеріне жалақы беру тоқтаған болса, ал биылғы жылдың қаңтарынан бастап комбинаттың 63 жұмыскері жұмыссыз қалып отыр. 2015 жылы жобаны салтанатты түрде жариялаған кезде 300-ге жуық адамды жұмыспен қамту сөз болғанын еске салып кеткен жөн шығар.

«2017 жылдың қаңтар айының соңында кәсіпорынның 17 жұмыскерінен өтініш түскен болатын. Осының негізінде ЖШС-ға қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Тексеріс барысында кәсіпорын 2017 жылдың қазан-желтоқсаны мен 2018 жылдың қаңтары аралығында 63 жұмыскерге  жалақы бойынша 14 млн теңге қарызы бары белгілі болды», – деді БҚО бойынша еңбек департаментінің қызметкері Артур Батаров.

Сондай-ақ департамент «БатысМаркаЛамб» ЖШС банкрот болғаны туралы хабарламағанын мәлімдеді. Ұйғарым мен сот шешімі шыққаннан кейін кәсіпорын басшылығы жұмыскерлердің жалақысын бөліп-бөліп төлеген. Ал 2018 жылдың маусым айында әлі де 35 жұмыскерге 6,5 млн теңге көлемінде жалақы төленбей қалған.

Ал компанияға ұсақ қара малды қарызға  беретін  жеткізушілер болса түксіз қалды. Ресми емес мәлімет бойынша, кәсіпорын  ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге 34 млн теңгедей қарыз.

Жұмыс істеп тұрған келісімі бар (басқасы туралы айтылмады) кәсіпорынның қарызға неге белшесінен батқанын БҚО-да ешкім айта алмайды. ЖШС басшылығы телефон көтермейді. Тек былтыр қолайсыз  эпидемиялық жағдайға байланысты қазақстандық етті Ресейге тасуға тыйым салынғаннан кейін өндіріс тоқтағаны ғана белгілі. Сол кезде кәсіпорын басшылығы Мәскеуге ет жеткізу мүлдем тоқтағанын айтқан, алайда бірнеше айдан кейін кәсіпорын үшін басқа – әлеуеті зор Иран нарығы ашылған еді.

«2016-2017 жылдары «БатысМаркаЛамб» ЖШС Ресей мен Иранға 185 тонна қозы етін экспортқа шығарды», – деп БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабардар етті.

Алайда бұл кәсіпорын жұмысының тоқтауы экспорт көрсеткішіне әсер етпеді. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жақында Орал маңына жұмыс  сапарымен келген кезде облыс әкімі Алтай Кулгинов етті экспортқа шығару бойынша елімізде  Батыс Қазақстан облысы алдыңғы орында екенін  айтқан болатын.  БҚО әкімдігі биыл Иранға 162 тонна қозы еті экспортталғанын жеткізді.

«Біз бұрынғы режимде жұмыс жасап жатырмыз, Иранға келісімшартқа сәйкес жеткізудеміз», – деп нақтылады «Кублей»  ЖШС жұмыскері Азамат Сейтбаталов.

Тоңазытылған қозы етін өндіретін «БатысМаркаЛамб» кәсіпорны осыдан үш жыл бұрын салтанатты түрде ашылған. 2,7 млрд теңге тұратын инвестициялық жобаны «ҚазАгроҚаржы» АҚ лизингке қаржыландырған, 15%-ы жеке қаражат болған.

Сол кезде кәсіпорын жылына бес мың тонна ет өндіретіні мәлімделген болатын.

Гүлназ Ермағанбетова, Виктория Вольская