banner

Блокчейн технологиясын енгізуді ұсынды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4606

Femoza президенті Қазақстанның арнайы экономикалық аймақтарына инвестор тарту мәселесі Женевада қарастырылатынын айтты.

Блокчейн технологиясын енгізуді ұсынды

SezUnion қауымдастығы ұйымдастырған арнайы экономикалық аймақ (АЭА) мүшелерінің IV съезіне Femoza (Дүниежүзілік арнайы экономикалық аймақ федерациясы) президенті Хуан Торрентс қатысып, "Жаңа Жібек жолының цифрлық парктері. Қазақстан – стратегиялық локация" деген жобасын таныстырды.

"Сіздердің елдеріңіз Азия мен Еуропаның қақ ортасында орналасқан. Сондықтан ол халықаралық дәрежедегі барлық жобаларда, оның ішінде "Бір белдеу – бір жол" жобасында белсенді бола алады. Қазақстан Ресей, Қытай, Үндістан сияқты БРИКС ұйымының мүшесі саналмаса да, аты аталған мемлекеттермен жақсы араласады. Femoza федерациясы осыны пайдалануды, сол арқылы БРИКС ұйымы қабылдайтын саяси-экономикалық шешімдерге ықпал етуге тырысуды ұсынады. Бұған қоса Қазақстанға электронды саудадағы белсенділігін арттырып, АЭА-ға блокчейн технологиясын енгізу қажет", – деді Хуан Торрентс.

Оның сөзінше, АЭА-ға енгізілген блокчейн технологиясы Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттырады.

"Болашақта Женева қаласында Қазақстанның арнайы экономикалық аймақтарына инвестор тарту мәселесін қарастырамыз. Сол кезде бұл мәселе оң шешіледі деп үміттенеміз", – деді Femoza президенті.

Съезде сөйлеген сөзінде "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Қуаныш Бишімов әлем экономиканың қозғаушы күші АЭА екеніне әлдеқашан көз жеткізгенін тілге тиек етіп, уақыт өте келе Қазақстан да АЭА-ның игілігін көретінін баяндады.  

"АЭА құрған кезде түрлі қиындықтардың тууы заңдылық. Бүгінгі таңда еліміздегі барлық АЭА тиісінше жұмыс істеп жатқан жоқ. Біз Қарағандыдағы проблема уақытша деп ойлаймыз. АЭА экспорт пен ішкі сұранысты қанағаттандыру үшін үздіксіз және жүйелі жұмыс істеуі керек. "Атамекен" палатасы АЭА-ның дамуына өз үлесін қосуға дайын. АЭА құрамындағы кәсіпорындар ұлттық экономикаға қомақты үлес қоса отырып, бәсекеге қабілетті болуға ұмтылып жатыр. Біз оларға қолдау көрсетуді жалғастыра береміз", – деді Қуаныш Бишімов.

Оның сөзінше, АҚШ қит етсе сауда соғысын ашатынын айтып, сес көрсетеді, ал Ресей импорт алмастыруға басымдық беруге талпынып жатыр. Бұл ретте Қазақстанға қарап қалуға болмайды.

"Біздің елдің алдында ішкі экономика қалыптастыру немесе өзгелерден бөлектену міндеті тұрған жоқ. Алайда біз АЭА алға жылжуға тиіс екенін түсінеміз", – деді басқарма төрағасының орынбасары.

Басқосу барысында Еуропа парламентінің депутаты Ивета Григуле пікір білдірді. Ол ұлттық экономиканы дамыту үшін инвестицияның маңызы зор екенін алға тартып: Еуропаның кәсіпкерлері сіздер үшін өте қолайлы, себебі біздің кәсіпкерлер заңнаманы сақтайды және ойын ережесін бұзбайды. Сіздермен серіктес болу бізге де қызық әрі тиімді", – деді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу