Бокс әлемі Данияр Елеусіновтің жеңісіне әлі тамсанып жүр

Рио Олимпиадасының чемпионы кәсіпқой бокс рингіндегі бірінші жекпе-жегінде жеңіске жетіп, өз өнеріне көпшілікті тәнті етті.

02 Мамыр 2018 15:10 Автор: Маруан Түсіп
Бокс әлемі Данияр Елеусіновтің жеңісіне әлі тамсанып жүр , бокс, Данияр Елеусінов, кәсіпқой бокс
Фото: i.ytimg.com

Данияр Елеусінов Бруклинде (Нью-Йорк) Америка боксшысы Ноа Киддті осыдан төрт күн бұрын тәлтіректеткен. Екі рет нокдаунға түсіріп, техникалық нокаутпен жеңіске жеткен болатын. Содан бері кәсіпқой бокс әлемі, нақтырақ айтқанда, шетелдік басылымдар мен мамандар Даниярдың жеңісіне әлі сүйсініп, тамсана сипаттап жүр.

Олар кәсіпқой бокс «дәмін» Даниярдан ертерек татқан Ноа Киддтің (3-1-1, 2 KO) қазақ боксшысына екі-ақ раунд төтеп бере алғанын «шұқып» өтіп, Елеусіновтің бастырмалата жұмсаған соққыларының әрқилылығына тәнті болған. Мәселен, америкалық тілшілердің бірі «қимылы шалт, соққылары пәрменді, қолы жылдам» деп жазды.

Ал құрлықтың ар жағындағы беделді басылымдардың бірі «Данияр өзін тіс қаққан жауынгерге ұқсайтын боксшы ретінде көрсете білді. Кәсіпқой бокс рингіндегі алғашқы жекпе-жегін жоғары деңгейде өткізді. Осы жекпе-жегінен бастап ол жетіле түседі деп күтеміз. Оның соққыларының жылдамдығы мен рингтегі түсінік-пайымы ерекше», – деп сұқтанды.

Қалай десек те, қазақтың күрзі жұдырықты жігітінің өнеріне риза болып, «нағыз талант» деп таңырқаушылар аз емес. Осы ретте, шетелдік мамандардың сөздерін HBO тілшісінің сөзімен түйіндегіміз келеді. Ол «мен қазақ боксшысының жекпе-жегін тағы да көргім келеді» деп тоқ етерін айтты. Шыны керек, Даниярдың келесі жекпе-жегін бүкіл әлемдегі бокс жанкүйерлерінің көргілері келетін сияқты. Өйткені қазақ боксшысыалғашқы жекпе-жегін үшінші раундтың басында-ақ тәмамдап, көпшілікті ынтықтырып қойды...   

Ал Елеусіновтің промоутері Эдди Хирн қазақ боксшысының кәсіпқой бокс әлемін тамаша жеңісімен дүр сілкіндіргеніне дән риза. Тіпті екінші жекпе-жегін қашан өткізетіндігін де жайып салды. Оның Твиттердегі жеке парақшасына жазған сөздеріне сенсек, Данияр келесі жекпе-жегін маусым айының басында Лондонда өткізеді екен.

Ол «менің бағым жанды, маған осы жас жігітті әлем чемпионы атағына жетелеу бақыты бұйырды, Елеусінов маусым айында Ұлыбританияда рингке шығады, жарнамасы – таяу күндерде» деп жазды. Іле-шала Даниярдың келесі жекпе-жегі 6 маусым күні Лондонда өтетіндігі белгілі болды. Ол дәл осы кеште Лоуренс Околи (8-0, 6 КО) және Люк Уоткинс (13-0, 9 КО) арасындағы жекпе-жектің в андеркартында шаршы алаң көрігін қыздырады екен. Қарсыласы әлі белгісіз, алайда Елеусіновке кімнің қарсы шығатындығын таяу арада білеміз.

Жалпы, қазақ жанкүйерлері Даниярдың да кәсіпқой бокс жұлдызы болғанын қалайды һәм сарыла күтеді. Әрі оған сенеді, тіпті шүбә келтіре де қоймас. Себебі, Данияр әуесқой бокста өз қабілеті мен талантын паш етіп, Олимпиада және әлем чемпионы болды. Енді кәсіпқой боксқа да бейімделіп, ерен жетістіктерге қол жеткізеді деп үміттенеміз.

Маруан Түсіп