Болат бағасындағы алалаушылық Alageum Electric-ті арыздануға мәжбүр етті

2009

Трансформатор өндіруші компания ЕЭК-тан НЛМК-ның Қазақстанға трансформаторлық болатты жеткізу бағасын тағы тексеруді сұрайды.

Болат бағасындағы алалаушылық Alageum Electric-ті арыздануға мәжбүр етті

Alageum Electric компаниясының құрамына кіретін Кентау трансформатор зауыты (КТЗ) осы аптада Еуразиялық экономикалық комиссияға Новолипецк металлургиялық комбинаты (НЛМК) тарапынан Қазақстанға трансформаторлық темір жеткізуде бәсекелестік ережесінің бұзылу ықтималдығын тексеруге тағы өтініш бермекші. Бұл туралы abctv.kz-пен телефон арқылы болған әңгімеде Alageum Electric АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясов мәлім етті.

"Осы аптаның соңына дейін жаңа шағым жасамыз, ол бойынша НЛМК-ның біздің компанияға 2016 жылдың 1 қыркүйегі мен 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығында трансформаторлық болат жеткізу қорытындысы бойынша қайта тексеру жүргізілуге тиіс", – деді топ-менеджер телефон арқылы болған әңгімеде.

Ресейлік жеткізушімен арадағы баға дауынының неден басталғанын түсіндірген Еркебұлан Ілиясов 2016 жылы компаниядағылар КТЗ-ға НЛМК-дан трансформаторлық темір жеткізілгенде, оның бағасы 2015-2016 жылдары күрт өскенін байқағанын айтты.

"2015 жыл мен 2016 жылдың қаңтарынан бастап тамызына дейінгі кезеңнің қорытындысы бойынша ЕЭК-ке алғашқы шағымды жіберген болатынбыз. Олар біздің өтінішімізді қарастырып, НЛМК компаниялар тобының-монополисі, ЕАЭО-дағы жалғыз трансформаторлық болат өндіретін компанияға қатысты тексеру жұмыстарын бастады. ЕЭК тексеріс жүргізді, оның қорытындысы бойынша КТЗ-ға қолданылған макроэкономикалық коэффициент 23 пайыз болғанын, яғни бізге сатылған болат бағасы ресейлік трансформаторлық зауыттарға қарағанда қымбат тұрғаны белгілі болды. КТЗ 64 млн рубль шамасында шығын көрген", – деп түсіндірді Alageum басшысы.

"Тексеріс қорытындысын ЕЭК-ның барлық министрлері толығымен қолдады. Ақпан айының басында Алматыда ЕҮСК (Еуразиялық үкіметаралық кеңес.– Ред.) отырысы аясындағы үкіметаралық комиссияда аталған жанжал бойынша екі тарап екі жаққа ортақ шешімге келу үшін Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімі тоқтатылды. Бірақ, өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін уағдаластыққа қол жеткізілген жоқ. Бұл өзекті мәселе және күн тәртібінде тұр. Бағаға келісе алмай отырмыз, жеткізушіден соңғы 23 пайызға дейін үстеменің есебінен 15 пайыз мөлшерінде жеңілдік сұрадық, бірақ бізге жеңілдік бермеді. НЛМК-да өз айтқанынан қайтпай, олар макроэкономикалық коэффицент әлі күнге дейін бізге қолданылмағанын айтып жеңістік бермейді отыр", – деді Еркебұлан Ілиясов телефон арқылы болған әңгімеде.

Қазақстандық "Коммерсантъ" газетінде жарияланған мәліметке сүйенер болсақ, ЕЭК Қазақстан мен Беларусь еліне трансформаторлық болат жеткізуде НЛМК одақтың кеңістігі аумағындағы бәсекелестік ережесін бұзғанын мойындау туралы 2017 жылдың қыркүйегінде шешім шығарған. Компанияға 217 млн рубль айыппұл салынған және ЕЭК оның еншілес компанияларына ЕАЭО-дағы сатып алушыларға қатысты кемсітушілікке жол бермеуге ұйғарым шығарылған.  

Мұндай шешім шығаруға НЛМК-ның КТЗ-ға трансформаторлық болат жеткізу бағасына "макроэкономикалық тәуекел коэффициентін" қолдануы басты фактор болды. Өздерін ақтаған ресейлік металлургтер металл өнімінің осы арнайы түрі бағасының Ресейдегіге қарағанда жоғары болуына қазақстандық нарықтың тұрақсыздығы, сатып алулардың тұрақты болмауы мен төлем тәртібінің әлсіздігі себеп болғанын алға тартып отыр. Сонымен қатар ішкі нарықта олар Федеральдық монополияға қарсы қызметтің (ФМҚ) бұйрығын орындайды.

Alageum Electric болса ЕЭК тексеріс жүргізгенде НЛМК-ның дәлелдемелері анықталмағанын айтып отыр.

"КТЗ келісімшарттың барлық талаптарын сақтап отыр, жылына шамамен 7000 тонна трансформаторлық болатты тұрақты түрде сатып алады. Біз өз тарапымыздан рубльмен алдын ала жүз пайыз төлем жасап, осы арқылы НЛМК-ның тәуекелін азайтып отырмыз", – деп көрсетілген Alageum Electric холдингінің баспасөз қызметінің жазбаша түсініктемесінде.

Осы арада, "Коммерсантъ" Қазақстанға жеткізілетін трансформаторлық болат 5-6 мың тонна деп басқа цифрды көрсетіп отырғанын атап кеткен жөн. Ал НЛМК жыл сайын 250 мың тонна трансформаторлық болат өндіреді және 200 мың тоннасын экспортқа шығарады.

Alageum компаниясы ресейлік әріптестермен келіссөз жүргізуде Қазақстан үкіметі қолдау көрсетіп отырғанын айтты. Компания трансформаторлық болатты ЕАЭО-дан тыс елдерге жеткізуді қарастырмайды.

"Коммерсантъ" мәліметі бойынша, биылғы жылдың қаңтар-мамырында Қазақстаннан Ресейге тиелген трансформаторлар көлемі жылдық көрсеткіште үш есе көп болып, 9,9 млн долларға дейін жеткен. Қазақстандағы компания келтірілген сан көрсеткіштеріне сай келмейтінін айтып отыр. Бұған дейін "Қазақпарат" 2017 жылы трансформатор шығаратын компания экспорт үлесін 60%-ға дейін өсіруді жоспарлап отырғанын айтқан еді.

Гүлназ Ермағанбетова, Данияр Серіков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу