Бозкілемде ізбасарлар ілбіп жүр

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2529

Күрес түрлерінен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында еліміздің жас балуандары бес қола жүлдемен ғана шектелді.

Бозкілемде ізбасарлар ілбіп жүр Фото: unitedworldwrestling.org

Хорватияның Загреб қаласында күрес түрлерінен жасөспірімдер арасында Әлем чемпионаты өткен. Оған 63 мемлекетпен бірге Қазақ елі де жас балуандарын үкілеп қосып болатын. Алайда үміт артқан 29 балуанымыз сенім үдесінен шықты деп айта алмаймыз. Күрестің үш түрінен бес қола медаль еншіледік. Грек-рим күресінен төрт жүлде бұйырды. Еркін күрес жалқы жүлдені қанағат тұттық. Ал үнемі жүлдеге қол жеткізіп жүретін қайсар қыздарымыз бұл жолы бос қайтты.

Бірінші кезекте Загреб боз кілемінде қола жүлдеге қол жеткізген жас балуандарымызды атап өткіміз келеді. Олар:

Бекзат Жалғасов (65 келі) – еркін күрес,

Искар Курбаев (48 келі) – грек-рим күресі,

Мерей Мәулетханов (51 келі) – грек-рим күресі,

Дінмұхамед Қошқар (55 келі) – грек-рим күресі,

Вейсал Эюбов (71 келі) – грек-рим күресі.

Алты балуанымыз ондыққа ілікті. Еркін күрестен 71 келі салмақ дәрежесіндегі Исламбек Ілиясов 7-орынға, 110 келідегі Ислам Тагиров 10-орынға ие болды. Грек-рим күресінен 65-келідені Әбіәзім Қарабаев та 10-орынды көңілге медеу тұтты. Қыздар арасында Марал Тәңірбергенова 40 келі салмақ дәрежесіндегі 11 балуанның ішінде 10-орынды еншіледі. Айдана Сұлтанова (43 келі) 8-орынға, Анастасия Панасович (57 келі) 10-орынға орналасты.

Болды! Басқадай ауыз толтырып айтарлық жетістік жоқ. Ал Азиядағы басты бәсекелестеріміз көсіле шапты. Иранның жас таланттары 5 алтын (үшеуін еркін, екеуін грек-рим күресінен) жеңіп алды. Сегіз балуаны (3 күміс, 5 қола) жүлдеге ілікті. Көрші Өзбек елінің ізбасарлары да қарымды екен. Үш алтын олжалады (біреуін еркін, екеуін грек-рим күресінен). Екі қола жүлдесі тағы бар.

Күрес – қазақтың ұлттық өнерлерінің бірі. Сонау Кеңес Одағы дәуірінен бері қазақ балуандары ел намысын абыроймен қорғап, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында топ жарған. Үлгі тұтар ағаларымыз жеткілікті. Түптеп келгенде, Қажымұқанның отаны талантты балуанға зәру емес. Тек сол таланттардың бақтарын аша алмай жүргендейміз.

Иә, "бұлақ көзін аршитын" білікті бапкерлер, сұңғыла мамандар, намысшыл басшылар керек-ақ. Шет елден дайын балуан әкелмей, өз жастарымызды тәрбиелеу керек сияқты. Ал жас таланттарымыздың әлем чемпионатындағы көрсеткіштері – мынау. 29 балуан бес қола жүлдеге ғана қол жеткізді. Басшылар мен бапкерлер ойланар, осы сәтсіздіктен сабақ алып, бір шара қолданар деп ойлаймыз.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу