Бублик Шелтонды тізе бүктірді, Рыбакина үшінші айналымда

653

Римде әлемнің ең мықты деген теннисшілері Masters 1000 - Internazionali BNL d'Italia турнирінде сынға түсуде. Жеңімпаз 1000 рейтингтік ұпай мен қомақты сыйақы алады.

Бублик Шелтонды тізе бүктірді, Рыбакина үшінші айналымда

Қазақстанның бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина Рим WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты. Жарысты екінші айналымнан бастаған қазақстандық теннисші әлемнің 65-ракеткасы, италиялық Ясмин Паолинимен кездесті. Бірінші партияда Рыбакина тай-брейкте басым түсті - 7:6 (7:4). Екінші сет жеңілірек болды - 6:1. Бір жарым сағаттан астам уақытқа созылған матчта Елена 6 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді. Елена Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 57-ракеткасы, ресейлік Анна Калинскаямен кездеседі.

Еліміздің бірінші, әлемнің 49-ракеткасы Александр Бублик Рим мастерс турнирінің үшінші айналымына шықты. Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 35-ракеткасы, 20 жастағы америкалық Бен Шелтонмен шеберлік байқасты. Бірінші партияда брейк жасап, Бублик 4:2 есебімен алға шықты. Сосын сол басымдылығын сақтап қалды - 6:4. Екінші сетте америкалық теннисші қос брейк жасады - 6:1. Үшінші, шешуші партияда есеп 3:2 болған мезетте Бублик брейк жасай білді. Матчты тағы бір брейкпен түйіндеді - 6:2. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған матчта Бублик 5 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың үшеуін пайдалана алды.  Александр Бублик төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 4-ракеткасы, норвегиялық Каспер Рууд немесе рейтингте 89-сатыдағы франциялық Артур Риндеркнехтің біреуімен кездеседі.

Сондай-ақ қазақстандық теннисшілерден әлемдік рейтингте 51-орында тұрған Юлия Путинцева да Римде (Италия) өтіп жатқан Masters 1000 - Internazionali BNL d'Italia турнирінде жекелей сында өнер көрсетті. Өкінішке орай ол екінші айналымда сәтсіз өнер көрсетіп, әлемнің бесінші ракеткасы америкалық Кори Гауффтан 0:6, 1:6 есебімен жеңіліп қалды.

Айта кетейік, ерлер арасындағы турнирдің жүлде қоры 7,70 миллион еуроны (3,75 миллиард теңге), ал әйелдер арасындағы турнирдің жүлде қоры 3,57 миллион еуроны (1,74 миллиард теңге) құрайды. Былтыр жекелей сында осы турнирде сербиялық Новак Джокович пен польшалық Ига Швентек жеңіске жеткен болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу