Бухгалтерлердің басына "қара бұлт үйірілді"

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2183

Қаржыға жауапты есепшілердің техникалық қателері үкімет пен парламенттің басын қатыруда.

Бухгалтерлердің басына "қара бұлт үйірілді"

Қазақстан үкіметі биыл отставкаға кетпейтін болды.

Ата заң бойынша егер ел парламенті үкіметтің есебін бекітпесе, соңғысы автоматты түрде және толық құрамда өкілеттігін тоқтатады. Еліміздің жоғарғы заң шығарушы органына атқарушы билікті осылай жазалауға құзыр-қамшы берілген. Бірақ ол тетікті қалаулылар пайдаланбады.

Сенат пен мәжілістің бүгінгі бірлескен отырысына жиылған депутаттар қатаң-қатаң сынай келе, Үкіметтің және Есеп комитетінің "2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы" есептерін бірауыздан құптады.

Кез келген үкімет басшысы үшін жыл сайын дәл осы бірлескен жиын "сын-қатер" болып табылады. Сондықтан осы отырысқа барлық министрлерді ерткен премьер Бақытжан Сағынтаевтың өзі қатысып, депутаттар сынына жауап берді.

Бірден айта кетелік, бұл ретте Есеп комитетінің есебі үкіметтің есебіне "оппозициялық тарап" болып табылады. Бұл құзырлы органның тізгінін жақында ғана өз қолына алған Наталья Годунова өз "ревизорларының" меморгандарды және ұлттық компанияларды тексеру барысында біраз былықтың басын ашқанын жайып салды.

Годунова ханымның байламынша, "жыл өткен сайын бюджеттік қаражаттарды тиімді жұмсау проблемасы ушыға түсуде". Сапасыз әкімшілендіруден келген республикалық бюджеттің шығыны 6,5 миллиард теңгеге жеткен. Ол сондай-ақ биліктің "мемлекеттік және үкіметтің бағдарламалардың шығыс бөліктерін жоспарлау" жұмысы ақсап жатқанын мәлім етті.

"Экономикалық және бюджеттік жоспарлаудың теңгерімсіздігі сақталуда. Бұл нәтижеге бағдарланған бюджет қағидатын толыққанды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Біз бюджеттің атқарылуына жалпыұлттық мақсаттарды іске асыру, сондай-ақ мемлекеттік, үкіметтік және меморгандардың стратегиялық жоспарларында бекітілген міндеттер тұрғысынан қарадық. Анықталғандай, бюджетке жеткенше, жолай біз бірқатар стратегиялық мақсаттарды жоғалтып алады екенбіз. Үкімет республикалық бюджет қаржыларын 99,8 пайызға игерді. Алайда бюджеттік жоспарлау сапасын түбегейлі жақсарды деп айтуға болмайды. Министрліктерге жыл бойы қаражаттарды әртүрлі бюджеттік кіші бағдарламалар арасында өз беттерінше қайта бөлуге мүмкіндік берілгеніне қарамастан, үкімет қаулылары арқылы бюджетке 25 рет түзету жүргізілген!" – деді Есеп комитетінің төрайымы.

Ол ел қазынасынан бөлінген барлық триллиондар толық дерлік жұмсалып кеткенін, алайда сол қаржыға орындалуға тиіс мемлекеттік, үкіметтік және бюджеттік бағдарламалардың мақсаттары небары 70 пайыздан азға ғана іске асырылғанын жеткізді.

"Мемлекеттік аудиттің барлық органдарының дерегінше, 2017 жылы 508 миллиард теңге бюджет қаржысы тиімсіз пайдаланылған. Соның ішінде 131 миллиард теңге қаржылық заң бұзушылықтарға тиесілі", – деді Наталья Годунова.

Сенат атынан қосымша баяндама жасаған палатаның қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Ерболат Мұқаев та "2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджеттің" 3 рет өзгеріске ұшырағанын, оның ішінде қаржы жылының негізгі көрсеткіштерінің 2 рет өзгертілгенін және республикалық бюджетке 25 рет түзету жасалғанын атап көрсетті.

"Әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге бөлінген, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының сомасы 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы 52 пайызға ұлғайып, жарты триллионнан, 507,9 млрд теңгеден асты. Тиімсіз бюджеттік жоспарлау бойынша бұзушылықтардың 27 есе өсуі бюджеттік жоспарлау сапасының айтарлықтай төмендегенін анық көрсетеді! 2017 жылы стратегиялық жоспарлардың 114 нысаналы көрсеткішіне қол жеткізбеу бюджет қаражатын пайдаланудың ғана емес, көрсеткіштерді жоспарлаудың тиімділігін арттыру қажеттігін дәлелдейді", – деді сенатор.

Сонымен қатар ол дебиторлық берешектің былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 90,7 млрд теңгеге немесе 39,5 пайызға өсу үрдісіне назар аудартты.

"Борышты бақылау өте маңызды. Үкіметтің борышы мен ірі квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы борышы сомасының тұрақты өсу үрдісі алаңдатады, ол 55,5 млрд доллардан асып, Ұлттық қордың валюталық активтерінің 96,2%-ын құрады. Борыштың іс жүзіндегі деңгейі шекті мәнге жеткендіктен, елдің қаржылық тұрақсыздығына қатысты елеулі қауіп келтіруі мүмкін. Үкімет квазимемлекеттік сектордың борышына мониторингті және бақылауды күшейтуге тиіс", – деді Ерболат Мұқаев.

Бұл айтылғандарға жауап қайырған үкімет басшысы "негізгі айыптыны" да белгіледі, ол – есепшілер екен. Өйткені қаржылық бұзушылықтардың 86 пайызы бухгалтерлік есепті жүргізу кезінде ережелерді сақтамаудан туындапты.

"Бюджет қаражаттарын тиімді жұмсау – үкімет жұмысының басымдығы болып табылады. Бұл мәселе біздің бүгінгі есебімізде де ең шешуші мәнге ие. Әйтпесе, жыл сайын осы мәселені бізге ылғи түртіп көрсетесіздер. Бұл ретте "бюджеттік қаражаттарды тиімді шығындауды" қаншалықты дұрыс түсінетінімізге қатысты мәселе де өткен жылдары парламент аясында өте қызу талқыланғаны есімізде. Содан біз "шығындау тиімділігінің" қағидаты мен ұғымын заңдастыруға ұйғардық, осылайша, мемлекеттік аудит туралы заң қабылданды. Ал сандарға келсек, бір қарағанда тиімсіз пайдаланылған 508 миллиард теңге керемет көп әрі бұрынғыдан екі есеге дерлік артық. Әйткенмен, бұл бұзушылықтардың 80 пайыздан астамы тек техникалық бұзушылықтар, яғни бухгалтерлердің техникалық қателіктері. Қалғандары ғана жүйелі бұзушылықтар сипатына ие", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Бұл үкіметтегілердің ортақ ұстанымына ұқсайды. Өйткені осының алдында бас қаржыгер де бұған бухгалтерлерді кінәлаған болатын.

"Есепті жылы қаражаттың тиімсіз жұмсалу сомасы 2016 жылмен салыстырғанда екі есеге көбейді. Осы сомаға кіретін көрсеткіштердің біреуі төмендесе (мысалы, игерілмеу сомасы екі есеге азайды), ал екіншісі, айталық, сыртқы және ішкі аудит тексерулері керісінше, ұлғайып отыр. Қаржылық бұзушылықтың 86%-ы бугалтерлік және қаржылық есептерді жүргізудегі заңнаманы бұзуға келеді. Бұл мәселе бір жағынан, осы мамандардың біліктілігін арттыру, екіншіден, оларды міндетті түрде кәсіби сертификаттау арқылы ғана шешіледі деп ойлаймыз", – деді қаржы министрі.

Депутаттар бүгін тағы бір жайтқа алаңдаушылық білдірген еді. Еліміз "қара алтынға" тәуелділіктен аулақтамақ түгіл, қайта тәуелді бола түскенге ұқсайды. Мысалға, былтыр салық түсімдері үлесі 50%-ға дейін азайып кеткен. Сонымен бірге, бюджет кірісін Ұлттық қордан толтыру айтарлықтай, 45,5%-ға дейін өскен. Қалыптасқан жағдай "бюджеттің кіріс бөлігі мен салық түсімдерінің ықтимал құрылымы бойынша үкіметте анық түсініктің жоқтығын және тиісінше осы мәселені іске асыру жөніндегі тұжырымды көзқарастың болмай отырғанын" көрсетеді.

Мемлекет басшысы экономиканың шикізатқа тәуелділігінен құтылуына бірнеше рет шақырғанына қарамастан, бюджетті толықтырудың негізгі көзі әлі де энергия ресурстары болып қалып отыр. Мәселен, 2016 жылы шоғырландырылған бюджетке шикізаттық емес сектордан түскен түсімдердің өсімі 40%-дан астам түсімді құраған болатын, ал 2017 жылы оның өсім қарқыны 2,6%-ға дейін төмендеген.

"Бюджеттің кірістерінің әліде болса Ұлттық қордан тартылатын трансферттер мен шикізат секторынан тәуелділігі, салықтық әкімшілендірудегі біраз кемшіліктер туралы айтылған сын-ескертпелер орынды. Былтыр қабылданған жаңа Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жетілдіру жолымен, бизнестің тұрақты дамуына, инвестицияларды ынталандыруға және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Биыл осы өзгерістерді іске асыру арқылы кәсіпкерлердің қызметтеріне араласпау және бизнес процестерді цифрландыру есебінен салықтарды жинауды ұлғайту жоспарлануда. Олардың көлемі биыл ЖІӨ-ге шаққанда 17%-ға жеткізіледі. Әрі қарай 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 25%-ға дейін көтеру шаралар қабылданатын болады", – деп уәде етті министр Бақыт Сұлтанов.

Оның сендіруінше, осының нәтижесінде, бір жағынан салықтардың ішіндегі шағын және орта бизнестен түсетін кірістердің үлесі ұлғайтылады, екінші жағынан бюджеттің мұнай және басқа да шикізат секторларынан тәуелділігі төмендейді.

Былтыр бизнес жүргізу үшін жасалған қолайлы жағдайлар шағын және орта бизнес санының 6,4%-ға, яғни 12 117 заңды тұлғаға өсуіне себеп болды. Сөйтіп, ШӨБ саны 2016 жылғы – 188 377-ден 2017 жылы – 200 494-ке дейін ұлғайған екен.

Бас қаржыгердің айтуынша, ұлттық компаниялар және өзгелер алғанын қоспағанда, үкіметтің тек өзі алған мемлекеттік борыш ЖІӨ шаққанда 26%-ды құрайды.

"Дүниежүзілік экономикалық форумның соңғы есебі бойынша Қазақстан "мемлекеттік борыш" көрсеткіші бойынша 137 мемлекеттің арасында 11 орынды иеленді. Алдыңғы жылмен салыстырғанда рейтинг 6 сатыға жақсарды. Бұдан әрі қарыз алуда валюталық тәуелділікті болдырмау үшін бюджет тапшылығын қаржыландыру саясаты ұлттық валюта мен ішкі ресурстарға бағытталатын болады. Квазимемлекеттік сектордың да сыртқы борышы енді бақылауға алынды. Биылдан бастап олардың борышын мониторингтеуді біздің қаржы министрлігі жүзеге асырады", – деп құлағдар етті Бақыт Сұлтанов.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу