Бюджет қаржысын игермегендерге тықыр таянды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3689

Тоғыз айдың қорытындысы бойынша игерілмеген қаржы қайтарылып алынады.

Бюджет қаржысын игермегендерге тықыр таянды

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың 8 айдың қорытындысы бойынша бюджет қаржысын игермеген министрліктер мен әкімдіктердің басшыларын қатаң сынға алып, "сілкілегені" естеріңізде болар. Енді тоғыз айда игерілмеген қаржы бюджетке кері қайтарылады.

"Қазір біз бюджетті қайта қарау мәселесін пысықтап жатырмыз. Тоғыз  айдың қорытындысы бойынша игерілмеген қаржының барлығы алынатыны туралы ескертілген болатын. Мұндай ұсыныс қаржы министрі тарапынан берілген еді. Бюджеттің өзгерістері қаралды. Ертең парламентте ол туралы баяндалатын болады. Яғни, 9 айдың нәтижесі бойынша игерілмеген қаржы қайтарылып алынады. Алынған қаржы басқа әкімдіктер тарапынан жасалған ұсыныстарға беріледі. Кімдер игеріп жатыр солар алады. Жылдың соңына дейін әлі үш ай бар. Әр айдың қорытындысы бойынша игерілмеген қаржы осылай алынып отырады. Бұл мәселені парламентке жеткізбей-ақ өзіміз шешетіндей мүмкіндік болады", – деді үкіметтің бүгінгі отырысында Бақытжан Сағынтаев.

Десе де, қаржы министрі Әлихан Смайылов үкімет басшысының бұдан бір ай бұрынғы қатаң сынынан соң, қаржы игеру айтарлықтай жақсарғанын жеткізді. Алайда тоғыз айдың қорытындысы бойынша әлі 47 млрд теңге игерілмеген. Бұл 8 айдағы көрсеткіштен 33 млрд теңгеге аз. 

"Игерілмеген қаржының көп бөлігі мәдениет және спорт министрлігіне, қорғаныс министрлігіне, ұлттық қауіпсіздік комитетіне, ұлттық экономика министрлігіне және Жоғарғы сотқа тиесілі. Нақтыланған бюджеттің жобасында жыл басынан бері игерілмей келген бюджеттік бағдарламалардың біраз қаражаты оңтайландырылды. Жыл соңына дейін 51 жұмыс күні қалды. Сондықтан министрлер мен әкімдерді бюджет қаржысын толық игеруге баса назар аударуға шақырамын", – деді Әлихан Смайылов.

Қаңтар-қыркүйек аралығында жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,1 пайызды құрады. Бақытжан Сағынтаевтың сөзінше, сегіз айдың қорытындысымен салыстырғанда өзгеріс бар. Көрсеткіш 0,3 пайыздық тармаққа жоғарылаған.

"Негізінен өсімнің үдеуіне сауда мен құрылыс саласындағы серпіннің қалпына келуі үлес қосты. Сондай-ақ, инфляциялық қысымның жеңілдеуі және инвестициялық сұраныстың артуы экономикалық белсенділікті арттырды", – деді ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Ұлттық банктің деректеріне сүйенсек, инфляция деңгейі 5-7% шегінде сақталып отыр. Қыркүйекте инфляция 0,4%-ды, ал жыл басынан бері 3,3%-ды құраған. Жылдық инфляция 6,1%-ға тең болды.

"Кәсіпорындардың инвестициялық белсенділігі жоғары. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 21,6%-ға өсті. Бұл ретте 12 өңір өсім көрсетті. Биылғы тоғыз айда өнеркәсіп өндірісінің өсімі 4,8%-ды құрап, өткен айдың деңгейінен 0,1 пайыздық тармаққа асып түсті. Өңдеу өнеркәсібі бойынша өсім 5,1% құрады. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде өсім қарқыны 4,9%-ға тең болды. Құрылыс саласында 4,4% өсім белгіленген. Сондай-ақ қызмет көрсету саласында 3,9%-ға қалыпты өсу байқалды. Сыртқы сауда айналымы тұрақты өсім қарқынын сақтап тұр: сегіз айдағы көрсеткіш 21,6%. Сонымен қатар, экспорт 28,2%-ға, импорт 10,8%-ға артты", – деді Тимур Сүлейменов.

Министрдің баяндауынша, еңбек нарығында тұрақтылық сақталған. Жыл басынан бері 414,5 мың адам жұмыспен қамтылған. Еңбекақы қалыпты қарқынмен өсуде. Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында орташа айлық еңбекақы 158,2 мың теңгені құрады.

"Қыркүйекте экономиканың 6%-ға өсуінің нәтижесінде жыл қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімін 4+ деңгейінде сақтауға жол ашылды. Бұл үшін төртінші тоқсанда экономика дамуын кем дегенде 3,9% деңгейінде қамтамасыз ету қажет", – деді ұлттық экономика министрі.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу