Бюджет қызметкерлері үшін "7-20-25" бойынша бастапқы жарна төмендейді

15070

Бюджет саласының қызметкерлері мен жас отбасылары үшін бастапқы жарна көлемі 10%-ға дейін қысқарады.

Бюджет қызметкерлері үшін "7-20-25" бойынша бастапқы жарна төмендейді

"Баспана" ипотекалық ұйымы жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне қаржылық жүктемені азайту мақсатында "Жас арман" және "Қамқор баспана" өнімдерінің әзірленгенін хабарлайды.

Өнімдер "Баспана" ИҰ және жергілікті атқарушы органдар арасындағы ынтымақтастыққа негізделіп, аталған санаттағы азаматтарға "7-20-25" ипотекасының алғашқы жарнасын екі есеге азайтуды қарастырады. Жергілікті атқарушы органдар облигациялар шығарады және халықтың аталған санаты үшін бастапқы жарнаның жартысын субсидиялауға міндеттеледі. "Баспана" ипотекалық компаниясы болса әкімдіктердің облигацияларын сатып алып, "7-20-25" бағдарламасына қатысатын банктер арқылы халықтың аталған санатына жататындарға несие беруді қамтамасыз етеді.

"Біз "7-20-25" бағдарламасына жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлерінің қатысуына үлкен мән береміз. Олардан алғашқы жарнаны жинаудың қиын екендігі жайлы көптеген пікірлер келіп түсті. Сол себепті қолдау мүмкіндіктерін барынша қарастырдық. Мұндай әлеуметтік шешімдерді іске асыру үшін әкімдіктер тарапынан қолдау күтеміз", – деді "Баспана" ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков.

"Жас арман" және "Қамқор баспана" өнімдері бірінші болып Шымкент қаласында пилоттық режимде жұмыс істей бастады. 2018 жылдың 3 қыркүйегінде тараптар тиісті меморандумға қол қойған болатын. Меморандумға сәйкес Шымкент әкімдігі қайтарымды негізде бастапқы жарнаны субсидиялау үшін биылғы жылы 500 млн теңге және 2019 жылы 1,5 млрд теңге бөледі. Әкімдіктің қолдауы 2 мыңға жуық жас отбасы мен бюджеттік сала қызметкерлерін қамтиды деп күтілуде.
Ұлттық банктің мәліметі бойынша, тамыз айының соңында -"7-20-25" ипотекалық бағдарламасы бойынша 14 млрд теңгеге ипотекалық қарызды ұсынуға 1190 өтініш мақұлданған.

Әлеуметтік ипотекалық бағдарлама бойынша ең қымбат баспананы астаналықтар сатып алуда. Серіктес-банктердің мақұлданған өтініштері есебіне жасалған сараптамаға сүйенер болсақ, елордадағы сатып алынған баспананың орташа бағасы 15,27 млн теңге болған.

 Еске салсақ, Қазақстан президентінің әлеуметтік бастамалардың бірі бойынша берілген тапсырмасы негізінде Ұлттық банктің әзірлеген "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы 2018 жылдың шілдесінде іске қосылған болатын.

Жобада 20 пайыз бастапқы жарна төлей отырып 25 жылға 7% сыйақы мөлшерімен ипотекалық қарыз беру қарастырылған.

Аталған бағдарлама бойынша еліміздің кез келген өңіріндегі бастапқы нарықтан баспана алуға несие рәсімдеуге болады. Ипотекаға алынатын үйдің бағасы Астана, Алматы, Ақтау мен Атырауда 25 млн теңге, ал басқа өңірлер үшін 15 млн теңге.

Гүлнар Қалыбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу