БЖЗҚ қаржысы басқаруға берілетін компанияларға қандай талаптар қойылады

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2883

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев депутаттық сауалға ресми жауап берді.

БЖЗҚ қаржысы басқаруға берілетін компанияларға қандай талаптар қойылады

Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісіне Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланған бір топ депутат Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышевқа зейнетақы активтерін сыртқы басқарушыны таңдау тетігі қағидаттарына қатысты депутаттық сауал сауал жолдаған болатын. Ұлттық банк басқарма төрағасы Данияр Ақышевтың аталған сауалға жауабын жариялады.

"Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі Қазақстан халқы ассамблеясының депутаттарына жинақтаушы зейнетақы жүйесінің мәселелеріне назар аударғандары үшін алғысын білдіреді. Зейнетақы жинақтарының сақталуы және зейнетақы активтерін барынша тиімді басқарушыларды таңдау бойынша Сіздер көтеріп отырған мәселелер Ұлттық банк қызметіндегі ең маңызды мәселелердің бірі болып табылады", деді Ақышев депутаттық сауалға жауабында.

"Шын мәнінде, 2014 жылғы қазанда Ұлттық банк БЖЗҚ-ның 250 млн доллар сомасындағы зейнетақы активтерін Әзербайжан Халықаралық банкінің облигацияларына өз бетінше инвестициялаған болатын. Шығарылым Emerald Capital Limited атты офшорлық компания арқылы бір инвестор үшін ғана жабық тәсілмен ұйымдастырылды, сондықтан аталған құралдың нарықтық белгіленген бағасы мен әділ нарықтық құны жоқ болатын", делінген жауапта.

2016 жылдан бастап Ұлттық банк зейнетақы активтерін инвестициялау тәсілдерін түбегейлі қайта қарады. Зейнетақы активтері тек нарықтық жағдайларда ғана инвестицияланады, бұл салымшылар жинақтарының жалпы кірістілігінің айқындылығын, сақталуын және ұлғаюын қамтамасыз етеді.

Бас банкирдің сөзіне сүйенсек, 2017 жылғы тамызда зейнетақы активтерін басқару үшін сыртқы басқарушыларды тартуға мүмкіндік берген БЖЗҚ-ның Инвестициялық декларациясы өзгертілді. Тиісінше, 2017 жылғы қыркүйекте Ұлттық банк басқармасы БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқаратын шетелдік ұйымдарды таңдау қағидаларын бекітті. Сыртқы басқарушыларды таңдау барлық ықтимал қатысушылар үшін барынша айқын болып табылады. БЖЗҚ зейнетақы активтері үшін сыртқы басқарушыларды таңдау бойынша тендер туралы хабарлама Ұлттық банктің ресми сайтында жарияланады, сондай-ақ нарық қатысушыларына Bloomberg және Financial Times сияқты мамандандырылған жүйелер мен басылымдар арқылы хабарланады. Сондай-ақ, тендерге қатысу үшін тізімі Ұлттық банктің және Ұлттық қордың активтері бойынша сыртқы басқарушылармен 18 жылдық жұмыс тәжірибесінде қалыптасқан 300 компанияға шақырту жіберіледі.

Тендерге қатысушылардың кемінде 10 жылдық жұмыс тәжірибесі және басқаруында 25 млрд АҚШ долларынан кем емес балама сомада клиенттердің активтері болуға тиіс.

"Бұл ретте шетелдік басқарушы компаниялар тек индекстік инвестициялауды пайдалана алады, ол тәуекел мен кірістілік өлшемдері бойынша іріктелген қаржы құралдарының жиынын білдіреді. Аталған индекстерді JP Morgan, Bank of America Merrill Lynch, Bloomberg дүниежүзінің жетекші қаржы ұйымдары әзірледі. Тиісінше, аталған тәсіл инвестицияларды жеке алынған қаржы құралына немесе бір эмитентке шоғырландырудың мүмкін еместігін білдіреді", деп жазады бас банктің баспасөз қызметі.

Ұлттық банктің хабарлауынша, қолданылатын тәсіл жалпыға ортақ және сыртқы басқарушыларды таңдаудағы әлемнің үздік тәжірибелеріне сәйкес келеді. Сыртқы басқарушыларды таңдаудың осыған ұқсас үдерістерін Норвегия зейнетақы қоры және Сингапурдың Тәуелсіз әл-ауқат қоры сияқты қорлар қолданған.

"Ұлттық банк заңнамалық және реттеу нормаларының сақталуына талдау жасайды және ол сыртқы басқарушыларды таңдаудың ажырамас бөлігі болып табылады. Бұдан басқа, өткен жылдардағы барлық бұзушылық фактілері туралы, сондай-ақ мұндай бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу жөнінде қабылданған шаралар туралы ақпаратты сыртқы басқарушы міндетті түрде Ұлттық банкке тендердің өту кезеңінде жібереді", делінген ресми жауапта.

"Дамушы нарықтардың жаһандық облигациялары" мандатының шеңберінде әлемдегі жетекші инвестициялық компаниялардың бірі болып табылатын Aviva lnvestors басқарушы компаниясы тартылды. Aviva Investors басқаруындағы активтердің жалпы көлемі 478 млрд АҚШ долларын құрайды. Оның Aviva plc бас компаниясының 320 жылдық тарихы бар. Aviva Investors басқаруындағы зейнетақы активтері дамушы елдердің неғұрлым орнықты облигацияларына инвестицияланады. Қазіргі уақытта Aviva Investors компаниясы БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару туралы жасалған шарт шеңберінде өзіне алған міндеттемелерді орындауда", делінеді.

Ресми жауапта айтылғандай, 2013 жылы Aviva Investors компаниясы клиенттердің портфельдерін басқару кезіндегі мүдделер қақтығысымен байланысты ішкі бақылау және тәуекелдерді басқару жүйесіндегі кемшіліктерді дербес анықтады. Зардап шеккен барлық клиенттерге Aviva Investors өтемақы төледі.

Aviva Investors компаниясының реттеу талаптарын бұзу фактісі Ұлттық банкке белгілі болатын және ол БЖЗҚ зейнетақы активтері үшін сыртқы басқарушы ретінде тағайындалғанға дейін біраз уақыт бұрын болған.

"Ұлыбританияның қаржылық реттеу және қадағалау басқармасының есебінде кемшіліктер анықталған сәттен бері Aviva Investors компаниясы және оның жоғары басшылығы бақылау жүйесінің кемшіліктерін жою үшін айтарлықтай күш салғаны атап өтіледі. Соның нәтижесінде осал тұстарды тексеріп, жою үшін айтарлықтай қаражат та бөлінген, бұл тәуекелдерді басқару сапасының артуын қоса алғанда, едәуір жақсаруына әкелді, сондай-ақ басқару командасы жаңартылды", деп жазады бас банктің баспасөз қызметі.

Сонымен қоса, Ұлттық банк Ұлыбританияның қаржылық реттеу және қадағалау басқармасының атына осы сәтте жойылмаған бұзушылықтардың болу-болмауы және Aviva Investors компаниясында қабылданған шаралардың жеткіліктілігін растау туралы сұрату жіберді.

Шетелде орналастырылған зейнетақы активтерінің күрт құнсыздануы үшін жауапкершілікке қатысты Ұлттық банк былай деп мәлімдеме жасайды:

"Әртараптандыру қағидаттарына негізделген, зейнетақы активтерін шетелдік қаржы нарықтарында инвестициялаудың қолданыстағы стратегиясы талаптарында зейнетақы активтерінің күрт әрі толық құнсыздануы мүмкін емес".

"Мысалы, АҚШ долларымен номинирленген, рейтингтік бағасы "АА+"-тен "ВВ"-ға дейінгі 29 дамушы ел шығарған 233 облигациялар шығарылымынан тұратын индекс Aviva Investors үшін дамушы елдердің облигацияларына инвестициялау бойынша эталондық портфель болып табылады. Бұл индексті Bank of America Merrill Lynch компаниясы әзірлеген және оны қадағалап отырады", делінген Ақышевтың жауабында.

Бас банкирдің айтуынша, активтердің тиісінше сенімгерлік басқарылмағаны үшін жауапкершілік сыртқы басқарушыларға жүктеледі және тиісті шартта бекітілген. Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару үшін тартылған барлық шетелдік басқарушылар активтерді тиісінше басқармағаны және ұқыпсыздықтан, міндеттемелерді қасақана орындамаудан немесе алаяқтық әрекеттерден туындаған зиян үшін жауапкершілік атқарады.

"Активтерді шетелдік басқарушы компанияларға беру деп қаражатты іс жүзінде аудару емес, бұл компанияларға активтерді басқару өкілеттіктерін беру деп түсінілетінін де қосымша атап өтеміз. Активтердің өзі Ұлттық банктің шоттарында қалады", делінген жария жауапта.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу