БЖЗҚ-ның кірісі инфляцияны 2,5 есе басып озды

Татьяна Батищева Татьяна Батищева
3307

Ұлттық банктің зейнетақы қорының инвестициялық қоржынын долларсыздандыруға қатысты стратегиясы бағамдық пайда үлесін 40%-ға дейін өсірді.

БЖЗҚ-ның кірісі инфляцияны 2,5 есе басып озды

Аbctv.kz танысқан қордың ай сайынғы есебінде биылғы жылдың қаңтар-тамызында "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ (БЖЗҚ) активтері бойынша есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 619,45 млрд теңге болған деп жазылған. Бір айта кетерлігі, салымшылардың шотына бөлінген зейнетақы активтерінің кірісі 7,28% болған. Бұл жыл басынан бері 2,9% шамасында қалыптасқан инфляциядан 2,5 есе жоғары.

Кіріс құрылымындағы 40%-ға жақындаған бағам пайдасы басты жетістік болып отыр. Яғни 619,45 млрд теңгенің 244,5 млрд теңгесі валюталық активтерді теңгеге қайта есептеуден түскен, ал құнды қағаздар, депозиттер бойынша сыйақы түріндегі және РЕПО операциялары бойынша түскен кіріс 359,7 млрд теңге болды.

Ұлттық валютаның әлсіреуінен активтердің теңгелік қоржыны төмендеуде
Ұлттық банк 2018 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша теңгелік құралдардың  (мемлекеттік құнды қағаздардан басқа) ағымдағы құны төмендеді, ал валюталық құралдардың (акция мен шетелдік компаниялардың депозитарлық қолхаттары) ағымдағы құны өсті деп хабарлайды. Инвестициялау қорытындысының көлемі қысқарып келе жатқан теңгелік қоржынның пайдасына шешілмей отыр.

Ұлттық банктің БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері бойынша инвестициялық қызметке қатысты қысқаша шолуы мауысым айынан бастап, соңғы үш айда БЖЗҚ-ның инвестициялық қоржынының теңгелік бөлігі маусымдағы 67,9%-дан тамызда 67,6%-ға дейін (абсолютті мәнде 5,9 трлн теңгеге дейін) бірте-бірте төмендеп келе жатқанын көрсетеді. Ал қоржынның валюталық бөлігі осы уақыт ішінде 32,1%-дан  32,4% инвестицияға (абсолютті мәнде 2,8 трлн теңгеге) дейін өскен.

Ұлттық банктің БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін басқарушы ретіндегі міндеті - активтер қоржынының құлдырап қалмауы үшін шаралар қабылдау. Көріп отырғанымыздай, Ұлттық банк инвестициялық тәуекелдерді аллокациялау құралдары деңгейінде, басқаша айтар болсақ, инвестицияның қаржылық құралдар мен әртүрлі нарықтарға көптеп бөлінуі есебінен қарастырады.Ұлттық банк қоржынның валюталық үлесін арттыратынын өткен жылдың соңында мәлім еткен болатын.

Осының нәтижесінде Ұлттық банк теңгемен сатып алу көлемін қысқартуда. Маусым айында теңгемен ұсынылған зейнетақы активтерін инвестициялау көлемі 67,3 млрд теңге (ақша нарығының құралдарына инвестиция салу есебінсіз) болған. Ол кезде Ұлттық банк қаржы министрлігінің мемлекеттік құнды қағаздары мен халықаралық қаржы ұйымы дәрежесіне ие Еуразиялық даму банкінің облигацияларын сатып алған болатын. Шілде айында Ұлттық банк қаржы министрлігінің міндеттерін сатып алуға 93 млрд теңге жұмсаған. Яғни қаржы министрлігінің әдеттегі қарыздарынан басқа экономиканы 200 млрд теңгеге қолдау үшін екінші деңгейлі банктерді қаржыландыру бойынша жарияланған бағдарлама аясында жылдық кірісі 12% болатын ЦентрКредит" банктің облигациялары 3,4 млрд теңгеге сатып алынды.

1 қыркүйекте зейнетақы активтерін салуға қолжетімді теңгелік құралдар негізінен борыштық міндеттемелермен ұсынылған, оның басым бөлігін, яғни 47,3%-ын қаржы министрлігінің облигациялары мен Ұлттық банктің дисконттық ноталар түрінде шығарған теңгелік мемлекеттік қарыздары құрап отыр. Құнды қағаздардың қазіргі құны тамыз айында 92,3 млрд теңгеге өсіп, 4,1 трлн теңге болған. Осының нәтижесінде Ұлттық банк тамызда 48 млрд теңгеге қаржы министрлігінің мемлекеттік құнды қағаздарын сатып алған, сонымен қатар 1,6 трлн теңгеге өтелген ноталардың көлемін тап осындай сомаға ноталар сатып алумен толтырды. Қыркүйектің басында қаржы министрлігінің теңгемен ұсынылған мемлекеттік құнды қағаздарын өтеудің орташа мөлшерлі кірісі жылдық 7,4%-ды, ал доллармен ұсынылғаны жылдық 4,4% болған.

Қазақстан банктері депозиттеріндегі зейнетақы активтері тамызда 9,25 млрд теңгеге қысқарып, 296,7 млрд теңге болған. Тамыз айында салымдар 11,4 млрд теңгеге  ішінара мерзімінен бұрын өтелген, оның ішінде Qazaq Banki мен Bank RBK депозиттерінде орналастырылған 3,1 млрд теңге сомасында шартталған салымдардың жартысын аудару есебінен өтелген. Жиынтық салымдардың орташа мөлшерлі кірісі жылдық 10%-ды құрады. Қазақстандық банктердің қоржындағы депозиттер үлесі жылдың басынан бері 4,19%-дан  3,37%-ға дейін төмендеген. Есесіне шетелдік банктердегі депозиттерге шектеу қойылмады. Олардың қоржындағы үлесі қаңтардан бастап тамызға дейін 3,57%-дан 5%-ға өсті. Дегенмен тамызда шетелдік банктердегі салымдар басқа орналастыру болмаудан және  салымдарды өтеу есебінен азайған. Шетелдік банктердегі салымдардың орташа мөлшерлі кірісі қыркүйектің басында жылдық 2,4%-ды құраған.

Корпоративтік сектор назардан тыс қалды
Ұлттық банктің басқаруындағы БЖЗҚ қоржыны міндеттемелерді жоғары бағада сатып алуда консервативтік стратегияны қолданады, ал қазақстандық эмиттентердің БЖЗҚ қоржынындағы корпоративтік облигацияларының үлесі төмендеуде. Қаңтардан бастап тамызға дейінгі аралықта олардың онсыз да аз үлесі 0,75%-дан  0,59%-ға төмендеген. Тамызда зейнетақы инвестицияларындағы корпоративтік қарыз құны 2,82 млрд теңгеге азайып, 51,9 млрд теңге болған. "Атамекен-Агро"-ның облигацияларын 2,27 млрд теңгеге жапқаннан кейін, Ұлттық банк  БЖЗҚ қоржынындағы облигацияларды көбейткен жоқ.  Қазақстандық эмитенттердің корпоративтік облигацияларын өтеудегі орташа мөлшерлі кірісі тамыз айының басында жылдық 9,8%-ды құраған.

Сонымен қатар сегіз айдың қорытындысы бойынша Қазақстанның квазимемлекеттік компаниялары облигацияларының үлесі 10,2%-дан 8%-ға қысқарған. Тамызда мұндай облигациялар сатылмаған, не сатып алынбаған. Тамызда құралдардың ағымдағы құны 8,21 млрд теңгеге артып, 707,5 млрд теңге болған. Квазимемлекеттік компаниялардың теңгеде ұсынылған облигацияларын өтеуге қатысты орташа мөлшерлі кіріс жылдық 10,7%-ды, долларда жылдық 5%-ды құраған.

Қазақстандық банктердің облигациялар үлесі жыл басынан бері 16%-дан 13,55%-ға дейін қысқарған. Дегенмен тамыз айында банк секторының корпоративтік қарызының ағымдағы құны 3,85 млрд теңгеге өсіп, 1,2 трлн теңге болған. Ұлттық банк БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін нарықтық шарт бойынша орташа мерзімді облигацияларға инвестициялау арқылы банктерді қаржыландыру бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама аясында қор 3,35 млрд  теңгеге "ЦентрКредит" банктің кірісі жылдық 12% болатын  облигацияларын сатып алды. 1 қыркүйекте банктердің теңгемен ұсынылған облигацияларды  өтеудегі орташа мөлшерлі кірісі жылдық 9,9%, долларда 6,6% болған.

Квазимемлекеттік сектордың шетелдік облигациялары жайлы айтар болсақ, онда олардың үлесі сегіз айда 0,69%-дан 1,93%-ға өскенмен, мардымсыз болып отыр. Тамыз айында мұндай облигациялардың ағымдағы құны 35 млрд теңгеге артып, 170,2 млрд теңге болған. Қоржынның валюталық бөлігін жаңа стратегиялық бөлу барысында Индонезия мен Мексиканың квазимемлекеттік секторы эмитенттерінің доллармен ұсынылған облигациялары сатып алынды. Қыркүйек айының басында өтеудің орташа мөлшерлі кірісі 4,7% болған.

Қордың шетелдік банктерге берілген тәуелсіз қарыз көлемі ұлғайған. Шетелдің мемлекеттік құнды қағаздарының ағымдағы құны тамыз айында 223,45 млрд теңгеге артып, 1,2 трлн теңге болған. Шетелдің тәуелсіз қарызының үлесі 2018 жылдың сегіз айында 12,2%-дан 13,5%-ға өскен. Есептік кезеңде қор қоржынындағы шетелдің МҚҚ-ны өтеудегі орташа кірісі жылдық 3,5%-ды құрады.

Ұлттық банк тәуекел еткісі келмейді
Қазақстандық және шетелдік эмитенттердің акциялар мен депозитарлық қолхаттарын Ұлттық банк ерекше тәуекелді инвестициялар есебінде қарайтын сияқты. Жыл басынан бері қазақстандық құнды қағаздардың үлесі 2,37%-дан 1,77%-ға, шетелдіктердің үлесі 0,3%-дан 0,22%-ға қысқарған. Қазақстан эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттарының ағымдағы құны тамыз айында 0,77млрд теңгеге қысқарып, 155,7 млрд теңге болған. Шетелдік эмитенттердің құнды қағаздарының құны тамызда 3,86 млрд теңгеге азайып, 19,28 млрд теңге болған. Есептік кезеңде БЖЗҚ қоржынында акциялар мен депозитарлық қолхаттарды  сату болған жоқ.

БЗЖЗҚ-ның инвестициялық қоржынындағы қаржылық құралдардың борышын өтеудің орташа мөлшерлі кірісі қыркүйектің басында жылдық 6,9% болған, оның ішінде теңгемен ұсынылғаны жылдық 8,3%, доллармен ұсынылғаны 3,8% болған.

Инвестициялық қызмет нәтижесінде, сондай-ақ шетелдік валюталар бағамының құбылмалығы мен қаржылық құралдардың нарықтық құнының өзгеруінен, 2018 жылдың басынан бері аударылған инвестициялық кіріс мөлшері 619,45 млрд теңгені құраған.

Зейнетақы активтерінің кірісі соңғы 12 айда инфляция 6% болғанда 9,5%-ды құрады. Осылайша, соңғы 12 айда нақты кіріс 3,5% шамасында болды. 2018 жылдың 1 қыркүйегінде Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 8,8 трлн теңгеге жеткен.

Татьяна Батищева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу