Цеснабанктің қазіргі жағдайы қаншалықты сенімді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2397

Акционерлер банкті құтқарып қалғанға ұқсайды.

Цеснабанктің қазіргі жағдайы қаншалықты сенімді

"2018 жылдың үшінші маусымы қорытындысы бойынша "Цеснабанк" АҚ активі 2 трлн 130 млрд теңге (-161,1 млрд теңге, -7,0%), міндеттемесі 1 трлн 905,3 млрд теңге (-163,9 млрд теңге; -7,9%), капиталы 224,7 млрд теңге (+2,8 млрд теңге; +1,2%), ал табысы 8,0 млрд теңге (-8,9 млрд теңге; -2,1х)", – деп жазады Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы.

Банк табысының азаю себебі қаржылық қамтамасыз етудің кемуі (6,1 млрд теңге), пайыздық табыстың азаюы (-2,6 млрд теңге) мен комиссиялық табыстың төмендеуі (-2,2 млрд теңге). Пайыздық табыстың азаюы негізінен ноталар портфелінің азаюы аясында сатылымға арналған қаржылық активтерден түсетін табыстардың азаюына (-6,6 млрд теңге) байланысты. Сонымен қатар, комиссиялық табыс сақтандыру компанияларымен агенттік келісімшарт бойынша түскен табыстың аздығы (-3,0 млрд теңге) есебінен болып отыр. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша, банктің сақтандыру сыйақыларынан алған табысы 3,2 млрд теңгеге жетті (+8,8%).

Берілген несиелер бойынша пайыздық табыс қарыз портфелінің 21,8 пайыз азайғанына қарамастан тұрақты өсім (+1,9%) көрсетті. Оның себебі Ұлттық банк 450 млрд теңгелік ауыл шаруашылығы несие портфелін сатып алуында. Оның ішінде бұл қаржының үштен бірін, яғни 150 млрд теңгені аталған уақыт аралығында проблемалық несие қоры жапқан жоқ. Бұл өз кезегінде банк активінің өсіміне себеп болды.

Айта кету керек, қыркүйекте банк жылдық 12 пайызбен 18,6 млрд теңгелік облигацияларын шығарды. Бұл облигациялық бағдарлама аясында банк 500 млрд теңгенің облигацияларын төрт рет шығармақ.

Банк қазіргі таңда проблемалық қарыздар мәселесінің бар екенін мойындап отыр. Банктегі проблемалық несие көрсеткіші 4,43 пайыздан 6,73% пайызға ұлғайып кеткен. Бұл дегеніңіз 93,3 млрд теңге. Аз уақыттың ішінде проблемалық несиенің ұлғайып кеткенімен, бұл бәрібір республикалық орташа көрсеткіштен (8,52%) анағұрлым төмен. Естеріңізге сала кетейік, қаржы секторын сауықтыру бағдарламасына қатыса отырып бұл банк өзінің активінің сапасын ұлғайтып, проблемалық несиелерді азайту міндеттемесін алған еді.

Банк міндеттемесінің азаюының басты себебі тұтынушылардың ағымдағы шоттары мен депозиттерінің күрт төмендеуі. Ағымдағы шот пен депозит банк міндеттемелерінің 81,4 пайызын құраған болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 67,5 пайызға төмендеді. Соның ішінде негізінен қыркүйек айында аталған көрсеткіш айтарлықтай төмендеген. Сол кезде заңды тұлғалардың портфелі 25% пайызға (-173,8 млрд теңге), жеке тұлғалардың портфелі 18 пайызға (-144,9 млрд теңге) азайған еді. Банк баспасөз қызметінің мәліметінше, банк туралы қауесеттің тарауы аталған айда депозит пен ағымдағы шоттардың жаппай азаюына ықпал еткен.

Осы келеңсіздіктерге қарамастан, айналасы бірер айдың ішінде банктің қаржы құралдары 90,0% ұлғайып, 131,3 млрд теңгеден 249,1 млрд теңгеге жетті. Пайыздық және комиссиялық табысты есепке алғанда операциялық қызметтерден түскен қаражаттың таза ағымы 33,4 млрд теңге болды. Ал инвестициялық қызметтен түскен қаражат (қаржы активтерін сату, инвестицияны қайтарудан түскен табыс) 41,8 млрд теңге болды. Ал қаржылық қызметтерден (акционерлік капитал мен облигация сату) түскен табыс 37,9 млрд теңге болды.

Банк капиталының ұлғаюы негізінен акционерлердің қосымша капиталдандыруы есебінен болды. Айта кетейік, қыркүйекте банкке қосымша 36,2 млрд теңге капитал салынған еді.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу