Чемпионат әлі аяқталмаса да жүлдегерлердің бәрі белгілі

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2861

"Астана" футбол клубы бесінші жыл қатарынан Қазақстан чемпионы атанды.

Чемпионат әлі аяқталмаса да жүлдегерлердің бәрі белгілі Фото: fca.kz, fckairat.com, fcirtysh.kz

Қазақстан премьер-лигасының ХХХІ турынан кейін биылғы маусымның чемпионы да, жүлдегерлері де анықталды. Негізі, ел чемпионатының аяқталуына әлі екі тур бар. Кейбір командаларға тіпті үш ойыннан өткізу қажет. Себебі Еурокубок додаларындағы маңызды матчтарымен қабатасып келгендіктен, ХХІІІ турдың екі ойыны кейінге шегерілген.

Соңғы төрт жылда "Астанамен" тайталасып, саф алтынға таласқан "Қайрат" биыл "морт сынғандай" болды. Чемпионат көмбесі көріне бастағанда, бас бапкерін қызметінен босатты. Қазанның бел ортасында сенім үдесінен шыға алмаған Испания маманы Карлос Алос Феррерді еліне қайтарып, бас бапкерлік қызметке уақытша Андрей Карповичті бекітті.

Ол, ол ма, бұдан кейін білдей төрт легионерін (Иличевич, Элек, Фелипе және Бато) қосалқы құрамымен жаттығуға жіберіп, негізгі құрамына қоспай қойды. Соңғы ойындарда команданы алға сүйреп жүргендердің бірі, бразилиялық теңбіл доп шебері Исаэль да көзден таса болды. Қалған легионерлерін тек екінші таймда алаңға қосып, қазақстандық футболшыларын ел кубогының финалына дайындауға көшті.

Сөйтіп, қазандағы үш ойынның екеуінде ұтылып, біреуінде тең түсіп, бір-ақ ұпай еншіледі. Әрі чемпионат аяқталмай жатып, "Астананың" бесінші рет чемпион болуына мүмкіндік беріп қойды. Сенбі күні өз алаңында көш соңында жанаталасып жүрген "Ертіске" есе жіберіп алды (0:1). Осы жеңілісінен кейін елорда клубын қуып жете алмайтын халге түсіп, чемпиондық атақты Алматы клубы өзі "сыйға тартқандай" болды.

"Астана" "Қайраттың" өз алаңында ұтылып, биыл да чемпион болғанын Қостанайға кетіп бара жатып, жол үстінде естіді. Бейсенбіден жұмаға ауған түні Чехияда "Яблонец" клубымен тең түскен елордалықтар ХХХІ турдағы кездесуін жексенбі күні өткізген болатын. Содан, жол үстінде өздерін "қуып жеткен" чемпиондық атақтың қуанышы мен шаттығынан арыла алмады ма, белгісіз, әйтеуір Қостанайдың "Орталық" стадионында ұтылып қалды (0:1).

Ал "Тобыл" өз алаңында азуын Еуропаның айбынды командаларына білеген "Астананы" ұтып, биылғы ел чемпионатының қола жүлдегері атанды. Жалғыз голды еліміздің ұлттық құрамасының бас бапкері Станимир Стоилов көзіне ілмей жүрген Азат Нұрғалиев салды. 2010 жылдан бері жүлделі орындардан тыс қалып, жанкүйерлерін жасытып жүрген қостанайлықтардың қуаныштарында шек жоқ, әрине.

Сонымен, ел чемпионатының аяқталуына екі тур және екі кейінге шегерілген матч қалғанда, жүлдегерлердің бәрі белгілі болды. "Астана" – чемпион! "Қайрат" төртінші жыл қатарынан күміс жүлдені қанағат тұтып, "Тобыл" қола жүлдегер атанды. Қалған ойындарда бұл үшеуін енді ешбір клуб қуып жете алмайды. Әрі өздерінің де орын ауыстырулары мүмкін емес.

Осы ретте, биыл "Астананың" ерен жетістікке қол жеткізгендігін атап өткен жөн болар. Елорда клубы бесінші рет қатарынан чемпион атанып отыр. Бұрын-соңды мұндай жетістік Қазақстан чемпионатында тіркелмеген. Тек 2007-2009 жылдары "Ақтөбе" үш рет қатарынан топ жарған. Жалпы, "Астана" чемпиондық атағы жағынан "Ертіспен" және "Ақтөбемен" теңесті. Біздің елде енді бес дүркін чемпиондар – үшеу.

Өкініштісі, биыл Қазақстан премьер-лигасының жүлделі орындарға таласқан командалары арасында аса шиеленісті бәсекелестік болған жоқ, деуге де болар. "Астана" мен "Қайрат" "шу дегеннен" қара үзіп кетті. Өзгелері оларға ілесе алмады. Бұл екеуінің деңгейлері қалғандарынан әжептәуір жоғары болып шықты. Ал "Қайрат" көмбеге тақағанда сүрініп, өзін-өзі тежеді. Қыркүйектің ортасында "Ақжайық" пен "Жетісудан" ұтылып, "Астананы" ұзатып алды.

Премьер-лигамыздың дәл қазіргі кестесіне үңілсеңіздер, не айтпағымызды өздеріңіз де – байқайсыздар және сезесіздер. "Астана" 30 ойыннан 71 ұпай еншіледі. Ал "Қайрат" тура осынша матчтардан 61 ұпай жинады. "Тобыл" бір ойын артық өткізсе де, қоржынында – 50 ұпай. Төртінші орындағы "Ақтөбеде" – 42 ұпай. Қараңыздаршы, аралары тым алшақ емес пе?! Алғашқы үштіктегі командалардың аралары кемі 10 ұпайдан ажырап тұр. Ал 1-ші орын мен 4-ші орынның алшақтығы – бақандай 29 ұпай!

Есесіне, келесі маусымда Еуропа лигасында ойнауға құқық беретін 4-орынға таласқан клубтар арасындағы бәсекелестік мейілінше қызып тұр. Ал премьер-лигадағы орындарын сақтап қалу үшін жанталасқан командалар арасындағы бәсеке мен бақталастық – шектен тыс жоғары. Шиеленісті дода кесте соңында болып тұр. Ал бұл екеуіне алдағы турлардан кейін толығырақ тоқталамыз.       

  

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу