Цифрландыру: министрліктер ІТ-нарықтың көмегіне мұқтаж

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5825

"Атамекен" төрт вице-министр мен ІТ-сала өкілдерін бір алаңға жинады.

Цифрландыру: министрліктер ІТ-нарықтың көмегіне мұқтаж  Фото: atameken.kz

250-ге жуық ІТ-компанияның мамандары мемлекеттік органдардың өкілдерімен ашық диалог алаңында бас қосты. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамы ұйымдастырған шарада төрт вице-министр қазақстандық стартапшылармен, тәжірибелі ІТ-мамандармен кездесті. Digital arena-да өткен жиынның мақсаты – мемлекет пен ІТ-сала арасындағы әріптестікті нығайту.

"Бұл алаң Digital arena деп аталады. Біз диалогтік алаңдардың іш пыстырарлық әдепкі форматынан алыстауды ұйғардық. Дұрысы – бейресми форматтағы кездесу. Отандық ІТ-саланың өкілдері мемлекеттік органдардың автоматтандыру бағытындағы жоспарларын білгісі келеді. Сондықтан, алаңға цифрландыру саласына жауапты төрт вице-министрді шақырдық. Олардың бәрі ІТ-нарықта жұмыс істеген. Сондықтан олар өздері жауаптанған саланы қалай цифрландыру керек екенін түсінікті тілмен айта алады. Ал бұл міндеттерді жүзеге асыратын ІТ-компаниялар екені түсінікті. Бұйыртса, бір айдан соң дәл осындай форматта тағы бір кездесу өткіземіз. Бұл жолы керісінше ІТ-нарық өкілдері мемлекеттік органдарға цифрландыру бағытындағы жобаларды қалай жүзеге асыратынын айтып беретін болады", – деді "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту департаментінің директоры Олжас Ордабаев.

"Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Әсет Тұрысовтың сөзінше, еркін форматтағы мұндай кездесулер бизнес пен мемлекеттік органның өзара "тіл табысуы" үшін қажет.

Алғашқы болып сөз алған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев министрліктің цифрландыру бағытындағы қолға алған жұмыстарына тоқталды. Оның айтуынша, министрлік электронды еңбек биржасы, жекеменшік жұмыспен қамту агенттіктері, виртуальды консультация секілді цифрлық жобаларды жүзеге асыруда.

"Қазір жасанды интелект барлық салаға енді. Онсыз шешім қабылдау да қиын. Сондықтан, біз өз жобаларымызды жүзеге асыру жолдарын ашық талқылауға дайынбыз", – деді Нариман Мұқышев.

Ал денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев министрлік 22 қызметті бизнеске беруге дайын екенін мәлімдеді. Осылайша, ведомства аталған қызметтер бойынша мемлекеттік органдармен байланысты толықтай үзгісі келеді.    

"Мұндай қадамға "Зерде" холдингінің көмегінің арқасында барып отырмыз. Министрлік қызметтерге ортақ талаптарды жазып, оны әзірлеу үшін ІТ-нарыққа беруге әзір", – деді Олжас Әбішев.

Вице-министрдің айтуынша, денсаулық сақтау министрлігінде цифрландыру бағытында 18 жоба бар. Алайда, оларды жүзеге асыруға көбінесе шетелдік компаниялар емеуірін танытады. Дегенмен, олардың сұрайтын қаржысы бас айналдыратын көрінеді.

"Біздің мақсат – қызметтерді қолайлы һәм қолжетімді ету. Пациент бізге келмейінше, біз оның кім екенін білмейміз. Яғни, ауырғанға дейінгі жағдайынан бейхабармыз. Сондықтан электронды карта, жеке кабинет ашсақ дұрыс болар еді. Науқас адам күн сайын қан қысымын, қант мөлшерін өлшеп, электронды картаға жазып отырар еді", – дейді Олжас Әбішев.

Сол секілді денсаулық сақтау саласында еске салуға арналған жүйелердің қажет екені анық.

"Мәселен, дәріні уақытылы ішуді ұмытып кетпеуді немесе диета жайлы еске салып отыратын арнайы бағдарламалар  болса тамаша емес пе?! Сондай-ақ, бізде медициналық аппараттар жеткіліксіз. ІТ-сала өкілдері бұл олқылықтың да орынын толтыра алады", – дейді Олжас Әбішев.

Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғаридың айтуынша, Қазақстанда 10 мыңнан астам балабақша, 7 мыңнан астам мектеп бар.

"Әрбір мектепте түрлі процестер болып жатады. Оны біз біле бермеуіміз мүмкін. Дегенмен, мұның бәрін біліп отыру қажет. Ол жұмысты жоспарлау үшін керек. Сондықтан барлық мектеп автоматты жүйеге қосылуы шарт. Мәселен, мұғалімнің басқа мектепке ауысқанын жүйе арқылы біліп отыруым қажет. Білім саласында осы секілді жобаларды жүзеге асырсақ деген ойымыз бар", – дейді Рүстем Биғари.

Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаевтың айтуынша, министрлік жұмыс барысында бірқатар кедергілермен бетпе-бет келеді.

"Мәселен, ақпараттық жүйелерді жоспарлау процесін алайық. Бұл салада жоспарлауды қажет ететін жүйелі жұмыстар болады. Біз Ұлыбританияның тәжірибесін зерделеп көрдік. Бұл елде мемлекеттік органның стратегиясы әзірленеді. Онда цифрландырудың нақты мақсаты анық жазылған. Біз қазір іс-шараларды жеңілдету бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы уақытта мемлекеттік сатып алулар жүйесіне қатысты жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз", – дейді Руслан Еңсебаев.

Вице-министрдің сөзінше, қазір министрлік халыққа қолайлы онлайн және интерактивті алаңдарды құрумен айналысуда.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу