Дағдарыс кезінде шағын бизнесті қолдаудағы кемшіліктер

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4721

Дағдарыс қысқанда ірі кәсіпорындар, соның ішінде шикізат секторындағы алпауыт компаниялардың ішкі бюджеті тарыла бастағанда басшылық қызметкер қысқартуға жүгінетіні анық.

Дағдарыс кезінде шағын бизнесті қолдаудағы кемшіліктер

Бұл елдегі жұмыссыздықтың артуына жол ашып, екі қолға бір күрек іздеген азаматтар шағын кәсіпкерлікке ден қоя бастады.

Нәтижесінде 2016 жылы ай сайын 100 мың теңгеден көп табыс табатын өзін-өзі жұмыспен қамтушылар саны 33 мыңға артқан. Алайда елдің экономикалық өсімінің бәсеңдеуі шағын және орта бизнес табысының көбеюіне кедергі келтірді. Соған қарамастан, кәсіпкерлік белсенділік артып, бизнеспен айналысу өз тиімділігін дәлелдеп, жыл қорытындысында өзін-өзі жұмыспен қамтушылар саны 1,8 млн-ға жетті.

Жалпы 2016 жылы халық кәсіпкерлікке белсенді түрде ауыса бастады. Бір жыл ішінде жемісті еңбек етіп жатқан жеке кәсіпкерлер саны 75 мыңға ұлғайып, өткен жылғыдан 6 пайыз көбейіп, 1,3 млн-ға жетті. Сонымен қатар өз кәсібі арқылы табыс тауып, оған қоса өзге азаматтарды жұмыспен қамтушы кәсіпкерлер саны да артты. Статистикаға сүйенсек, олардың саны өткен жылғыдан 16 пайыз көбейіп, 123,4 мыңға жеткен.

Дегенмен, нақты секторларға келер болсақ, халық арасында жеке аула шаруашылығымен айналысатындар саны азайып келеді. Оған себеп, біріншіден, жаппай кәсіпкерлікке бет бұру болса, екінші жағынан елдегі бұл саланың тұралай бастауы. Нәтижесінде бір жылда мұндай кәсіппен айналысатындар саны 56 мыңға кеміп, 12 пайыз азайып, 402 мың болды.

Жаппай кәсіпкерлікке бет бұрудың нәтижесінде өткен жылы, айлық табысы 60 мыңнан аспайтын өзін-өзі жұмыспен қамтушылар саны 90 мың адамға азайды. Ал айына 60-100 мың аралығында табыс табатын өзін-өзі жұмыспен қамтушы азаматтардың орташа табысы 91 мыңға жетсе, айлық табысы 400 мыңнан асатын өзін-өзі жұмыспен қамтушылар саны 6,5 мыңға жетті.

Жаһандық трендпен салыстырғанда Қазақстандағы шағын және орта бизнестің әлеуеті төмен демесеңіз, соңғы жылдармен салыстырғанда, елдегі кәсіпкерлердің республика бюджетіне қосқан үлесі артып келеді. Нақтырақ айтар болсақ, Қазақстан ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 25,6% болса, республикалық еңбек нарығындағы үлесі 36%. Ал әлемдегі шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 63%, ал еңбек нарығындағы үлесі 47%.

Соның ішінде шағын және орта бизнес құрылымында жеке кәсіпкерліктің (ЖК) үлесі жоғары. Олар негізінен жоғары біліктілікті қажет етпейтін сауда салаларында жұмыс істейді. 2017 жылдың қаңтарының соңында Қазақстанда 800 мың ЖК (жеке кәсіпкерлік) саналған. Бұл – елдегі шағын және орта кәсіпкерлердің 69 пайызы. Өткен жылдан бері бұлар 15 пайызға азайған. Соның ішінде жеке кәсіпкерліктің 47 пайызы сауда саласында. Азия даму банкінің мәлімдеуінше, Қазақстандағы ЖК өнімділігі өте төмен. Жеке кәсіпкерліктегі бір қызметкердің жылдық өндірісі 3 мың доллар болса, шағын және орта кәсіпорындарда бұл көрсеткіш 27 мың долларға жетеді.

Шағын кәсіпорын (заңды тұлға) саны бір жылда 8 пайызға артып, 191 мыңға жетті. Шағын кәсіпкерліктің 30 пайызы саудада болса, 16 пайызы құрылыс саласында.

2015 жылдан бері шағын және орта бизнесті қаржыландыру қарқын ала бастады. 2014 жылдан бері банктердің берген несиесі 2,3 есеге артты. Өткен жылдың қаңтар айымен салыстырғанда несие 29 пайыз ұлғайып, 3 трлн теңгеге жетті.

Алайда тағы да Азия даму банкінің мәлімдеуінше, шағын және орта бизнестің тек 19 пайызы ғана несие алады екен. Ал қалғандарының қаржы көзін кәсіпорын иесі өзі қарызданып жүріп қамтамасыз ететін болып шықты. Оған себеп – бизнестің несие тарихының нашарлығы немесе қажетті құжаттардың болмауы. Несие негізінен сауда (37%), құрылыс (13%), өнеркәсіп (13%) және экономиканың негізгі секторына кірмейтін өзге де салаларға беріледі.

Жалпы өңірлер бойынша ішкі жалпы өнімді құрауда ШОБ-тың үлесі ең көп Астана қаласы (46%), БҚО (40%) және Алматы қаласы (29%).

Бұдан бөлек, 2015-2017 жылдарға арналған ШОБ-ты дамыту бағдарламасы аясында 2020 жылға дейін халықаралық қаржы ұйымдарынан ел үкіметі ауқымды несие алған. Атап айтар болсақ, биыл Азия даму банкінен 200 млн долларлық үшінші транш аударылалды. Бұл қаржы тағы да екінші деңгейлі банктер арқылы кәсіпкерлікті дамытьуға бөлінбек. Соның ішінде 50 млн доллар әйелдер кәсіпкерлігіне бағытталмақ. Ал 120 млн долларға жуық қаржы Астана мен Алматы кәсіпкерлеріне беріледі деп күтілуде. Ал Дүниежүзілік банк өз кезегінде ШОБ-тың бәсекеге қабілеттілігнін арттыру үшін 9,24 млн доллар бөлеміз деп отыр.

Айта кетейік, кәсіпкерлік үшін берілетін қаржының барлығы дерлік Астана мен Алматы, одан қалды облыс орталықтарындағы іскер азаматтарға беріледі. Ал ауыл халқына берілетін кәсіпкерлік несиесінің бірінің сомасы аз болса, екіншісінің шарттары қиын. Оның өзі нақты кәсіпкерлік саласы үшін емес, арнайы ауыл шаруашылығы секілді белгілі бір секторға ғана бағытталады.

Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, Қазақстанда тіркелген жеке кәсіпкерліктің (ЖК) 726 мыңы ауылда болса, 564 мыңы қала халқына тиесілі. Дегенмен үкімет қалаға қарағанда ауыл халқының іскер келетінін ескермей отырғанға ұқсайды.

2016 жылдың қорытындысына жүгінсек, Қазақстан қалаларында еңбек ресурсы құрылымындағы 15,4 пайыз азамат қана өзін-өзі жұмыспен қамтушылар болса, ауылдағы бұл көрсеткіш 39 пайызға тең.

Сонымен қатар ауылдағы кәсіпкерлердің еңбек өнімділігі де артып келеді. Дәлірек айтсақ, ауылдағы өзін-өзі жұмыспен қамтушы азаматтардың 52 пайызы жеке кәсіпкер. Салыстыру үшін айта кетейік, 2013 жылы бұл көрсеткіш 35 пайыз болған.

Ауыл халқының кәсіпкерлікке деген ынтасының жоғарылығына қарамастан, банктер қалалық жердегі азаматтармен көбірек жұмыс істегенді жөн көреді. Ауыл кәсіпкерлері үшін арнайы несие түрінің жоқтығы да ауыл бизнесінің несие алуына кедергісін келтіріп отыр.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу