banner

Дамушы елдерден капитал қашып жатыр

5613

Доллардың қымбаттауы салдарынан инвесторлар дамушы елдердегі қаражатын қайта әкетіп,  кейбір ұлттық валюталарды тіпті әлсіретіп жіберді

Дамушы елдерден капитал қашып жатыр

Аргентина отбасылары 30-пайыздық инфляциядан жапа шегіп отыр. Түркияда талай компания доллармен алған қарызы өсіп, банкрот болуға жақын. Ал, Оңтүстік Африкада экономикалық өсім тоқтап, өндіріс 0,7 пайызға қысқарып, 2009 жылдан бері алғаш рет рецессия басталды.

Айта берсек берсек, мұндай мысалдар жетіп артылады.

Биыл қаржылық тұрақсыздық әлемнің көптеген дамушы экономикаларын шарпыды. Және де, қарқыны күшті, бірақ дағдарыстар алдында осалдау елдерде инвесторлардың көңілі елең-алаң. Өйткені, пайыздық үстеме көтерілді, сауда соғысы жалғасып жатыр.

Аргентина валютасы 2018 жылы өз құнының жартысын жоғалтқан екен. Түрік ақшасының нарқы да осыншаға жуық әлсіреді.  Валюталардың құнсыздануы кейбір акция нарықтарында сенімді сетінетіп, Индонезияның басты индексі сәрсенбі күні 4 пайызға түсті. Ал, Иранда осы аптада 1 доллар 150 мың риалға дейін қымбаттаса, Венесуэланың боливары бар бағасынан айрылып, терең рецессия мен гиперинфляциядан мыңдаған адам көрші елдерге қашуда. Сондықтан, Латын Америкасында қазір 2015 жылы Жерорта теңізін жайлаған миграциялық  дағдарысқа ұқсас жағдай қалыптасып отыр.

Алаңдататын бір жайт – дамушы нарықтар осылай орасан шығынға бата беретін болса, әлемнің қаржы жүйесі теңселіп, 1990 жылдары Азияның бірнеше елін көмек сұрауға мәжбүр еткен дағдарыс қайталануы мүмкін деген қауіп бар.

Ashmore Investment Management компаниясы мамандарының мәліметінше, бүгінде дамушы елдер он жыл бұрынғы қаржылық дағдарыстан бері ең үлкен тұрақсыздыққа душар болып отыр. 2008 жылы әлемнің бір бөлігінде басталған қаржылық тұрақсыздық бүкіл әлемге тарағаны белгілі.

Нарықта ауытқулар жалғасып жатыр. Бұған не себеп және оның зардабы қандай болуы мүмкін?

Басты себеп
АҚШ Федералдық резерв жүйесі пайыздық үстемені үздіксіз көтеруге көшті. Бірқатар бақылаушылардың пікірінше, дамушы нарықтардың тұрақсыздыққа ұшырауына басты себеп осы.

2008 жылғы қаржы дағдарысынан кейін экономикасын өсім жолына қайтару үшін АҚШ Орталық банкі пайыздық ставканы он жылға жуық нөл пайызға жуық деңгейде ұстады.  Бұл жағдай инвесторларға шетелдік активтерді арзан ақшаға сатып алуға жол ашып, банктерді дамушы елдерге қайтарымы мол несие беруге ынталандырды.  

Бірақ, Америка экономикасының жағдайы жақсарды. Федералдық резерв ескі бағытын өзгертті. Биыл маусымда оның пайыздық үстемесі 1.75-2 пайызға дейін өсті. Әрі қарай да өсе бермек. Доллардың мұнша қымбаттауы дамушы елдердің жағдайын қиындатып отыр. Сондықтан, банктер мен инвесторлар дамушы  мемлекеттерден ақшасын әкетіп жатыр.Бұл жағдай кейбір елдердің қаржылық осалдығын әшкерелеп берді. Солардың басында Түркия мен Аргентина тұр.

Доллардың күші
АҚШ-та пайыздық үстеменің көтерілуі биыл долларды әлем валюталарының қасында 3,3 пайызға қымбаттатты. Қатты әлсіреген ұлттық ақшалардың қатарында Аргентинаның песосы да бар. Тағы бір айта кететін жайт, доллардың өсуі доллармен алынған қарыздарды қайтаруды күрделі ете түседі. Оған мысал – Аргентина мен Түркия. Бұл мемлекеттерде шетел валютасымен алынған заемдар тым көбейіп кеткен. Оларды  қайтаруға бұрынғыдан әлдеқайда көбірек қаражат қажет.

Ұлттық ақшалардың құлдырауы шетел инвесторларын дамушы елдердің акциялар нарығы мен бондтарынан валютаны қайта әкетуге мәжбүрлейді. Ал, орталық банктер сол валютаны сақтау үшін пайыздық мөлшерлемені көтеруге тиіс. Бірақ, үстеме өссе, несие қымбаттап, экономикалық өсім тежеледі.

Жақында Түркия, Индонезия, Үндістан орталық банктері халықаралық инвесторларды елге қайтару үшін пайыздық үстемені жоғарылатып, ұлттық валютаға сенімді нығайтуға кірісті. Ал, Аргентина сол ставканы 60 пайызға дейін көтерген. Бұл шаралар ұлттық ақшаларды тұрақтандыратын болса, Түркия мен Аргентинадағы жағдай әлемді қаржылық дағдарысқа ұрындырмайды деген үміт бар.

Ғаламдық сауда
Ал, АҚШ бастаған сауда соғысы ғалам экономикасының болашағын бұлыңғыр етіп, дамушы елдерге мейлінше жағымсыз әсер етіп отыр.  Оған бір мысал – Түркия. Бұл мемлекеттің валютасы – лираның қатты құлдырауына президент Дональд Трамптың америкалық пасторды түрмеден босатпадың деп, түрік болаты мен алюминийіне тарифті екі есеге көтеруі себепші.

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы дамушы нарықтарды алаңдайтын жағдайға жеткізді. Статистикаға жүгінсек, әлемнің екінші экономикасы – Қытайда өндірістің құлдырау көрсеткіші болжамдағыдан біршама жоғары болып шықты. Сарапшылардың ойынша, Бейжің мен Вашингтон арасындағы сауда жанжалы жағдайды әрі қарай да ушықтыра бермек. Мұның салдарынан қазір Қытай акциялары мен валютасы зор қысымға ұшырап отыр.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу