Дамыған елдермен теңесу үшін отандық бизнес бес есе өсуі шарт

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3729

Келер жылы Қазақстан үшін ДСҰ-дағы "өтпелі кезең" аяқталады.

Дамыған елдермен теңесу үшін отандық бизнес бес есе өсуі шарт

Демек, осыдан кейін "жергілікті мазмұн" деген жойылады. Отандық өндірушілерді қолдау қалай жүретіні де кейін анықталмақ.

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы "Отандық тауарлар, жұмыстар және қызметтер өндірушілердің реестрін" түзуде. Оны қалыптастыру мәселелерін ұлттық палата салалық қауымдастықтар және бизнес орта өкілдерімен бірге талқыға салды.

Осы орайда мемлекеттік органдармен және ұлттық компаниялармен бірге, аталған реестрге енген қазақстандық кәсіпорындарға жеңілдік-преференциялар, сондай-ақ сатып алулар кезінде басымдық беру мәселесі пысықталуда.

Қазіргі кезде мемлекет "жергілікті мазмұн" үлесін арттыру мақсатында ұлттық компаниялардың, жер қойнауын пайдаланушылардың, квазимемлекеттік сектордың тапсырыстарын жергілікті өндірушілер арасында орналастырады. Алайда алдағы жылдан бастап, бұған тыйым салынбақ.

Бұл ретте ресейлік тәжірибе де іске жаратылғалы отыр. Себебі, солтүстік көршіміз ДСҰ-ға толыққанды мүше екеніне қарамастан, отандық өндірушілерін пәрменді қолдап, санкцияға қарсы шаралар аясында көптеген салаларда импортты түбегейлі алмастыруға қол жеткізуде.

"Атамекен" КҰП төралқасының 2018 жылғы 28 желтоқсандағы шешімімен отандық тауар, жұмыс және қызметтер өндірушілердің реестрін қалыптастыру және жүргізу ережелері бекітілді. Бұл тізілімге кірген бизнесмендерге таяуда "индустриалдық сертификаттар" табысталмақ. Дәл осы құжаттар оларға жаһандық сауда ұйымының талаптарын бұзбай-ақ, жан-жақты қолдау көрсетуге мүмкіндік бермек.

 "Қазақстанның бизнесі оның ережелерін әзірлеуге белсенді қатысты. Өңірлерде көптеген кеңестер мен талқылаулар жүргізілді. Олардың нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілердің ұсыныстары ескерілді. Реестр ерікті негізде және электронды түрде түзілуде. Оған кірген кәсіпорындар олардың шын мәнінде отандық өндіруші екенін растайтын индустриалдық сертификат алады", – дейді ұлттық палата басқарма төрағасының орынбасары Қуаныш Бишімов.

Ұлттық палатаның осы реестріне енгізу 9 жұмыс күнінен аспайтын мерзім ішінде, тегін жүргізілетін көрінеді. Сертификат үш жылға беріледі және одан кейін уақыты ұзартылуы мүмкін.

Бұл тізілімге кіру үшін "Атамекенге" мүше салалық қауымдастық не одақ сарапшысының мақұлдауын алу қажет болады. Сарапшы өндірістің жай-күйіне талдау жүргізеді де, оның нәтижесінде кәсіпорынға қатысты кәсіби қорытынды ұсынады. Осы орайда кәсіпкерге басыартық шығын келтірмеу үшін салалық сарапшыларға бір жұмыс күні үшін 10 айлық есептік көрсеткіштен (25 мың 250 теңгеден) көп болмайтын көлемде ғана ақы алуға ұсыным берілді.

Өз кезегінде "Атамекенге" мүше салалық қауымдастықтар салалық сарапшыларға қойылар біліктілік талаптарын күшейтуді ұсынды. Бұл кәсіпорындарға талдауды сапалы жүргізу үшін қажет. Әйтпесе, Қытайдан әкелінген дайын өнімді жергілікті қорапқа қаптаумен шектелетін кәсіпорындар да "отандық өндіруші" қатарына кіріп кетуі ғажап емес.

Қуаныш Бишімовтың мәліметінше, бүгінде өнеркәсіптің 7 саласындағы қауымдастықтар мен одақтар осы жұмысқа білек сыбана кіріскен. Ұлттық палата тиісті білімдері, біліктіліктері және тәжірибелері бар 30 сарапшы бойынша ұсыным берді.

"Біз өзге қауымдастықтарды да шет қалмай, КҰП тізбесіне өз сарапшыларын ұсынуды сұраймыз. Қауымдастықтар салалық сарапшылардың қызметін реттей алады: мәселен, олар бойынша ұсыным-рекомендация береді және қажет деп тапса, онысын кері қайтарып алады, мұндай жағдайда сарапшы тізімнен шығарып тасталады. Осылайша, саланы реттеудегі салалық қауымдастықтардың рөлі күшейтілуде. Біз индустриалдық сертификат алуды қалаған алғашқы кәсіпорындарға толық демеу көрсетуге қазірден дайынбыз!" – дейді ол.  

КҰП басқарма төрағасының орынбасары аталған сертификат аясында мемлекеттік сатып алуларда, квазимемлекеттік сектордың тендерлерінде және жер қойнауын пайдаланушы инвесторлардың сатып алуларында отандық бизнеске басымдықтар мен артықшылықтар беру үшін заңнамаға, қаулыларға және басқа да қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қолға алынғанын мәлім етті.

Мәселен, барлық дерлік республикалық ұлттық компаниялар кіретін "Самұрық-Қазына" қорымен уағдаластыққа қол жеткізілген. Нәтижесінде, ұлттық әл-ауқат қоры енді әлеуетті жеткізушілерді алдын ала квалификациялық іріктеу кезінде индустриалдық сертификатты басты назарға алмақ: ондай құжаты бар қатысушылар балдарының жалпы көлемінің 20%-ы көлемінде қосымша балға автоматты түрде ие болады.

"Бұған қоса, "Самұрық-Қазынамен" бірге ұйымдастырылған жұмысымыз аясында осы 2019 жылғы ақпан айынан бастап, қордың еншілес ұйымдарының сатып алуларында енді "холдингтің тауар өндірушілері реестрінде" тұрған өндірушілердің тауарларын алуға басымдық берілетін болады. Аталған реестрге ену үшін компанияның "СТ-KZ" сертификаты болуы шарт. Оны ұлттық палата береді және алда бұл құжатты біз индустриалдық сертификатпен алмастыруды жоспарлаудамыз. Егер бизнесте басымдық алу үшін индустриалдық сертификатты тағы қандай жерлерде қолдануға болатыны туралы ұсыныстар болса, біз оны қарастыруға әзірміз. Бұл үшін алда мәселені талқылауға және бірлескен шешімдер түзуге арналған краудсорсингтік ашық алаң құрылады", – дейді Қуаныш Бишімов.   

Мамандардың айтуынша, егер жергілікті бизнеске қолдау көрсетпесе, "қазақстандық мазмұнды" арттыру бағытында жылдар бойы жасалған жұмыстың нәтижелері желге ұшып, отандық кәсіпорындар мол қаржы мен ірі сұраныстардан айырылмақ. Мәселен, Tengizchevroil айналасында қазіргі кезде өзіндік бір "азық-түлік-сервистік кластер" қалыптасқан. Компания кейінгі кездері жергілікті етті сатып алуға көшті. Атап айтқанда, оның тұтынатын бүкіл сиыр еті мен қой етін, күрке тауық етін, сүт өнімдерін, көкөністі 100% жергілікті бизнес қамтамасыз етеді. Құлсары кентінде тұрғызылған еңселі жылыжайдың өнімі жалғыз Теңіз кен орнына ғана емес, ТШО-ның барлық мердігерлеріне жеткізуде.

Сол сияқты Қашағанның операторы NCOC (North Caspian Operating Company) та азық-түлікті өнеркәсіптік ауқымда – сүт пен еттің мыңдаған тоннасын, жұмыртқаның миллиондаған данасын сатып алады. Сондықтан оның айналасында ауыл шаруашылығы бизнесі шоғырлануда. Мысалға, НКОК кәсіпорындарының қызметкерлері мен жұмысшылары 100 мың келіден артық көлемде сиыр, қой, күрке тауық және тауық етін жейді.

Осы сұраныс пен қаражат тасқынын отандық өндірушіге бұру үшін шүмектеп тер төгілді, жергілікті кәсіпорындарды бағалау, оларды санитарлық нормалардың халықаралық талаптарына сәйкестендіру, өндірістері мен технологияларын орасан көлемдегі жеткізілімдерді тұрақты негізге қамтамасыз етуге лайықтау жұмыстары еңсерілді.

Алайда егер жаңа жағдайда тың шаралар қолданылмаса, жатжұрттық инвесторлар ескі әніне салып, өздеріне керекті өнімдерді, соның ішінде су мен тамақты да толығымен шетелден тасуға қайта бет бұрмақ.

"Түйткілдер сақталуда, олар бірінші кезекте, мұнай-газ компаниялары және бас мердігерлік ұйымдардың қазақстандық өндірушілермен тікелей ықпалдастығының, байланысының жоқтығына қатысты. Өйткені олардың басын біріктіру үшін үнемі не кәсіби қауымдастық, не мемлекет араағайын болып жүргені. Тағы бір мәселе тапсырыс берушілердің әртүрлі өнімді жеткізушілерге қоятын талаптары мен сапа стандарттарымен байланысты болуда. Қазақстанда шағын және орта бизнес өкілдері мұнай-газ компанияларының қандай қажеттіліктері барлығын және оны қанағаттандыру үшін нендей қадамдар жасау керектігін білуіне көмектесетін ақпараттық база жоқ", – дейді "KazEnergy" қауымдастығының департамент директоры Яромир Рабай.

Сарапшылар шетелдік инвесторлардың барлық сұранысын өтеуге отандық бизнестің күші толыққанды жетпейтініне де назар аудартады. Мысалға, Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінде небары 14,2 мың кәсіпорын ғана бар. Яғни, экономикалық белсенді халық санына, қарапайым тілмен айтқанда, жұмысшы күшіне шаққанда, әр 1 мың адамға 1,6 кәсіпорыннан ғана келеді. Салыстыру үшін айтсақ, Ресейде әр 1000 жұмысшыға 3,5 өңдеуші кәсіпорыннан келеді, демек, біздегіден 2,2 есеге көп.

Біз ұмтылып отырған дамыған елдердің көрсеткіші мен талабы бұдан да биік: әр 1000 адамға 9-дан көп кәсіпорыннан келуге тиіс. Ендеше ол межеге дейін қазақстандық бизнес қазіргіден бес еседен артыққа өсуі шарт.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу