Дания мұрын шүйіріп қарамайтын болды

994

Кеше Қазақстан құрамасы Дания командасын 3:2 есебімен жеңді. Матчтан кейін футболшылар не деді?

Дания мұрын шүйіріп қарамайтын болды

Матч алдындағы баспасөз мәслихатында Дания мемлекетінен келген журналист өз елінің бас бапкері Каспер Юльманға сауал қойды. "Қазақстан осал команда, ол онысымен қоймай өте алыста жатыр. Біз 10 сағат ұшып, әзер жеттік. Бұл команданың Еуропа футболында жүргені жөн бе?" деді. Осы сауалдан-ақ журналисттердің, Дания құрамасының ойыншыларының біздің құрамаға менсінбей қарайтындығы байқалып қалды. Ал Дания капитаны Симон Кьер болса "Қазақстан құрамасының ойыншыларын танымаймын, Зайнутдинов туралы бірінші мәрте естіп тұрмын" деді.

Матч барысында олар бірден шабуылдап, оп-оңай 2 гол салды. Бірінші тайм аяқталып, үзілісте олар мәселе осымен тынды деп, екінші таймға шықты. 75-минутқа дейін сол басымдылықтарын ұстап тұрды. Алайда, қызықтың көкесі содан кейін басталды. Пенальти белгіленіп, Бақтиер Зайнутдинов есеп ашты. Одан кейін Асхат Тағыберген шірене теуіп, таразы басын теңестірді. Кішігірім жоғалтық күйге түскен Дания, не істерін білмей далбасалап қалды. Осы сәтті пайдаланған Абат Айымбетов баспен үшінші голды салып, құрамаға жеңіс сыйлады.

Ойыннан кейін Абат Айымбетов "Қазақстан құрамасына қолдау қатты қажет. Егер жанкүйерлер соңына дейін сенсе, біз барымызды саламыз. Жеңілісте де, жеңісте де жанкүйердің қолдап отырғаны біз үшін маңызды" деп ақжарма тілегін білдірді. Ал капитан Асхат Тағыберген өзінің бұл голын ешқашан ұмытпайтынын жеткізді. "Мен бұл голды ешқашан ұмытпаспын. Алыстан теуіп гол салғым келіп жүрген. Дәл бүгін команданың жеңісіне септігі тиген осы голыма ризамын. Оны өмірден озған әкемнің рухына бағыштаймын" деді.

Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында бас бапкер Магомед Әдиев қатты бір эмоциясын білдіре қойған жоқ. "Бірінші тайм өте нашар ойнадық. Болмайтын екі гол жіберіп алдық та, қиын жағдайға тап болдық. Маған жігіттерді жеңіске жігерлендіру қиынға түсті. Десе де, екінші таймда ойынымыз кенеттен жүріп кетті" деді Әдиев мырза.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу